Ертеде жаугершілік жиі болатын кезде, қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады. Екі достың біреуі тұтқиылдан тиген жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғаның естіген екінші батыр күздің қара суығын елеместен, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. – Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Менің оған айырбасқа берер малым, мүлкім жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін. Ол – өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, – дейді. Қолбасы ойланып отырып, оны сынамақ болады: – Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол өміріңнің бір бөлшегін берсең болды – маған екі көздерің керек, – дейді қолбасы, – екі көзіңді ойып аламын! – Ол да болсын, көзімді тезірек ал да, досымды босат, – дейді жігіт. Сөйтіп, әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын артып, зағип күйі қуанып, күлімдеп келе жатады. Мұны көрген жаудың қолбасшысы: – Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп бас салмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғады екен, – деп түйіпті. Мен де сізге осындай жанын аямайтын, жолдасын жауға тастамайтын қазақтың жауынгерлерінің достығын тілеймін.
7 Мамыр – Қазақстан Қарулы күштері күні. Жігіттерімізге амандық, денсаулық тілейміз. Еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын.
Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты, мақсатты болыңыздар. Еңбекте табыс, тілейміз.
Таусылмайтын дәулет, арылмайтын бақыт тілейміз. Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз берік болсын. Әрдайым нәзік жандарға тірек болып, алақандағы гүлдеріңізді аялап жүріңіздер.
Биік шыңдардан көрініңіздер! Өмірлік серіктеріңіздің сезімі өздеріңізге бұлақтай таза, сүттей ақ, періштедей пәк болсын.
Баян батырдай батыл, Қозы көрпештей көрікті, Төлегендей сүйікті болыңыздар. Райымбектің батырлығын, Қабанбайдың батылдығын, Қарасайдың өткірлігін тілеймін.