Топан су басып жатқан да халық
Тұншығып суға батқан да халық,
Елдің басына күн туған сәтте,
Етігін киіп шапқан да халық.
Көмекке шауып келген де халық,
Сынақты бірге жеңгенде халық,
Баспанасынан айырылған елге,
Бір бөлмесінен бір орын тауып,
Жанашыр болып берген де халық!
Қайырмасы:
Топан су жерді талап келеді,
Сынатын сынақ – сағат келеді,
Мұңайма әлі, Құдайға бәрі,
Жауап береді, жауап береді.
Қасқырдай қазақ – жортуы бөлек,
Ашынған елдің толқуы кенет,
Сулардан емес, қара халықтың,
Көз жастарынан қорқуы керек.
Өздері жинап орталарында,
Құм салған қапшық арқаларында,
Бабамнан қалған қыруар байлық,
Кетті екен кімнің қалтарында,
Басшылар бәрін жасар деп еді,
Су басты үйін – басар денені,
Шатыр үстінде отырған елге,
Қой үстіндегі бозторғай заман,
Қашан келеді, қашан келеді?