Әні: Жолдасбек Әбдіханов
Сөзі: Саят Әбенов
Ойланып кеттім ағарған шашын көрдім де,
Балалықпенен байқамаппын-ау мен мүлде…
Өмірге сонда жастығын ұрлап жүзінің,
Қап-қара шашын ағарту үшін келдім бе?
Қиналар іштей өзімен өзі күрсініп,
Қажытты білем үйдегі бітпес тіршілік.
Мен жаққа кейде үмітпен қарап қояды,
Өскенде жеміс жегізер ме деп бұл шыбық.
Ер жеттім, Әке, сенімің енді ақталар,
Боламын балаң әркімге ертең мақтанар.
Бүгінгі уайым, бүгінгі қайғың болған ұл,
Бір күні сенің басына қонган бақ болар!
Өмірде мынау өзіңсің жалғыз тірегім,
Шытсаң да қабақ көңілің жылы білемін.
Бақытты жанмын, себебі, сендей әкем бар,
Сен болсаң әке – әкесіз өскен ұл едің…
Әкені көрмей әке болуың оңай ма,
Мұңданып талай шомылдың үнсіз көп ойға.
Ақылың – айна бойымды түзеп алатын,
Қоямын сүртіп шаң басып қалса сол айна!