Нұрым Шыршығұлұлының термесі
Мен – қашанғы жүйрігің,
Топ ішінде толғаған.
Шынымененде шырқасам,
Бабамда Қадыр қолдаған.
Осылайша сөйлесем,
Сөз қала ма ұртымнан.
Көре алмаған біреулер
Сөз айтады екен сыртымнан.
Қас жүйріктің белгісі, –
Дуды да көрсе, жұлқынған.
Айтулы жүйрік мен едім,
Салдырмай қамшы, ұмтылған.
Ұсынсам, қолым жетер ме?
Қырмызы қызыл түлкідей.
Қырданда асқан заманға,
Айтқанда сөзім өтер ме,
Ақылсыз туған жаманға?
Қайыра қамшы сермеме,
Сүйекке біткен шабанға.
Екі де жақсы бас қосса,
Бірін де бірін қия алмас.
Екі де жаман бас қосса,
Төсекке басы сыя алмас.
Ақылсыз туған жамандар,
Ағайынға мал бітсе.
Қызғаныштан көре алмас.
Қас жаманнан ұл туса,
Қатарымнан оздым дер,
Бұл күнде өзім болдым дер.
Қас жаманға мал бітсе
Ебімменен жидым дер,
Мал біткенге мас болар,
Жақыны менен қас болар
Байқамай басар шамасын
Сыйламайды ғой ағасын
Сыйламаса ағасын
Қайдан білсін мұндайлар
Жақын мен жаттың арасын
Дүние дегенің – сары алтын
Әркімдерді алдаған.
Қабаты калың қара жер
Талай ерді жалмаған.
Екі де достың арасын
Айырады екен оңбаған.