Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,
Тайғанақ тірлікті аймалап.
Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,
Бір қонақ барады сырғанап!
Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,
Мөлт еттің, ғұмыр-ай, мөлтек тым.
Жанымен әйнекке жаншылар
Осылай өледі тамшылар.
Осылай қозғалып бір нүкте,
Бір нүкте келеді тірлікке.
Келте екен бақыттың буы тым,
Жұтады уақыттың уытын.
Буланған әйнекке қарадым,
Жүректің суретін саламын.

