Қоғамдық орындарда қыздар өздерін аса сыпайы ұстағандары абзал. Ондай орындарға жалғыз барғандары келіспейді-ақ. Дос қыздармен немесе дос балалармен, туыстарымен баруына болады. Кино, театрдан кешігіп қалсаңдар, жұрттың мазасын алмай, кез-келген тақау тұрған орынға отыра салыңдар.
Залда тыныштық сақтау керек. Театр, концертте отырып, сылпылдатып тамақ жеп, немесе сытырлатып конфеттің қағазын ашу, конфет сорып отыру әдепсіздікке жатады. Қасында отырғандарға әрнені айтып мазалап, қол шапалақтағанда дауыс шығарып айқайлау, еденді тепкілеу – әдепсіздіктің белгісі.
Бикештер мен қыздар жоғары талғаммен өздеріне үйлесетін киімді және косметиканы дұрыс пайдаланғаны жөн.
Қыз баланың кіммен болса да билеуге немесе басқаның шақыруын қабыл алуға хақысы бар. Қыз билегісі келмесе, «басқа біреу шақырып қойып еді, дәл қазір көңіл қошым болмай тұрғаны» деген сияқты жылы сөзбен шығарып салғаны дұрыс. Ешуақытта да жігіттерді қорлап, олардың намысына тиетін сөз айтпаңдар, қазақ халқы ер адамдарды қорлауға ешуақытта жол бермеген. Олардың мәртебесін әр кез көтеріп отырған. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген сияқты мақалдар соның айғағы.
Жігіт пен қыз би кешіне уәделесіп бірге келсе, қыздың басқамен биге шығуы дұрыс болмайды. Кеш бойына сол жігітпен билеуі керек. «Тек қана қыздар» деп аталатын музыка ойналған кезде қыздар өз тілегімен қалаған жігітін биге шақыруға болады. Әрине, қыздар шақырғанда, ер жігіт еш уақытта да бас тартып көрген емес. Билеп жүргенде айналаға жалтақтап қарап, басқа біреулермен сөйлесу мәдениетсіздікке жатады. Айтарымыз осындай көпшілік орындарда қыздардың өздерін аса зор мәдениетті ұстанғаны абзал.
Әйелдер мен қыздарға қатысты тыйымдар мен ырымдар
Қонақ қыз босағаға емес қарттар отыратын құрметті орынға отырады. Әйтпесе үй иесі бақытсыздыққа ұшырайды.
Қыздар мен әйел әйелдер үлкен адамдардың жолын, алдын кесіп өтсе бақытсыз жағдайға ұшырайды.
Кір жуған суды жолға, аяқ астына төгуге болмайды. Кірдің суын басқан адам жаманшылыққа ұшырайды.
Қыз балаға аяғын созып, көсіліп отыруға болмайды.
Қыз балаға ер адамның жүзіне тіке қарауға болмайды. Көз қиығымен қарау дұрыс болады.
Қыз балаға қатты дауыстап сөйлеуге, күлуге болмайды.
Қыздар мен әйел адамдарға бүйірін таянып тұруға болмайды, себебі күйеуін жоқтаған әйел ғана бүйірін таянып тұрады.
Қыздар мен әйел әйел адамға түнде суға баруға, кір жаюға болмайды, себебі қорқып шошыма ауруына ұшырауы мүмкін.
Әйел баласына шашын жайып жүруге болмайды, себебі қаралы әйел ғана шашын жайып жібереді.
Төркініне келген қыз төрде отырса төркіні байиды.
Жас босанған әйел итті қумайды, қуса тісі түсіп қалады.
Жүкті әйел жеңіл босану үшін ол толғатқан кезде оған тиесілі барлық сандықтар ашылып қойылады.
Әйел отынды ошақтың үш бұтының үстінен асырып жинаса, күйеуі басқа әйелге үйленеді.
Жүкті әйел керілген арқаннан аттап өтпейді. Себебі босанған кезде баланың кіндігі мойнына оратылып тұншығуы мүмкін.
Жүкті әйелге түйенің, қоянның етін жеуге болмайды. Егер түйенің етін жесе баланы 12 ай көтереді. 12 айда да босанбаса бураның мойнына ақ мата салып, содан аттап өтуі керек. Ал егер қоян етін жесе баласы қоян жырық болады.
Жүкті әйелге ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса мерзімінен бұрын босанады.