Сары жез құмған-ай
Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда,
Биік ағаш солқылдар жел тұрғанда.
Күн мен айын басқаның мен қайтейін,
Тал шыбықтай солқылдап сен тұрғанда.
Сары жез құмған-ай,
Отта тұрған-ай.
Айналайын көзіңнен,
Айшып-жұмған-ай.
Біріншіден не жаман – өсек жаман,
Екіншіден – сүймеген төсек жаман.
Ер жігіттің бойында болмаса өнер,
Жақсы екен ғой жүргені есен-аман.
Сары жез құмған-ай,
Отта тұрған-ай.
Айналайын көзіңнен,
Айшып-жұмған-ай.