Өткен санымызда бастаған жыныстық тәрбие туралы әңгімемізді жалғастырамыз.
Жыныстық жағынан жетілмей тұрып басталған жыныстық қарым-қатынас жас ағзаның, психиканың даму, қалыптасу үрдісіне зиян тигізеді, әрі оның қызметтік қабілетін жас кезде ғана емес, есейген кезде де әлсіретеді. Әлі 18-ге толмағандардың жүкті болу және босану ерекшеліктерін зерттеген кезде, толысқан әйелдермен салыстырғанда олардың түсікті жиі тастап, баланы шала туатыны дәлелденген. Орыстың белгілі ғалымы И.И.Мечников әйелдердің көпшілігі 20 жасқа келгенде, еркектер 23 жасқа келгенде жетіледі деп есептеген.
Аборт деген не? Оның зияны қандай?
Аборт немесе түсік деп жүктіліктің 28 аптаға жетпей үзілуін айтады. «Аборт» деген сөз латын тілінде «түсік» деген мағынаны білдіреді. Аборттың өздігінен болатын және жасанды, қолдан жасалатын түрлері бар. Дені сау әйелдерде түсік кездеспейді. Ауру әйел ғана бала тастайды немесе іштегі перзент кінәратты жағдайда ғана түсік болады. Сондай-ақ жыныс аппараттары жетілмеген немесе ішкі жыныс органдары қабынғандар ғана түсік тастайды. Өздігінен болатын абортқа әртүрлі инфекциялық аурулар да әсер етуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайда жақсылықтан үміт үзуге болмайды, дер кезінде дәрігерге қаралып дұрыс емделсе жүктілік үзілмейді.
Жасанды түсік. Жүктілік мерзімі 12 аптадан аспаған әйелдерге емдеу орындарында түсік жасатуға рұқсат берілген. Жүктілік мерзімі 12 аптадан асқан соң іштегі ұрық пен жатыр үлкейіп кетеді де, қолдан түсік жасату әйел өміріне қауіп төндіреді. Егер жүктілік денсаулыққа қауіп төндірсе, 12 аптадан соң лажсыздан іштегі баланы алдыруға рұқсат беріледі.
Дәрігерлік түсік жасатуға қолайлы кезең жүктіліктің 7-10 аптасы. Бұл кезде ұрық жұмыртқасы жатырдың қабыртқасына онша беки қоймайды, жатыр жақсы жиырылады, сөйтіп қан аз кетеді. Түсік жасату – өте мәжбүр болғанда ғана жүзеге асырылатын шара, сондықтан ол кез келген асқынудан сақтай алатын емдеу мекемелерінде ғана жасалуы тиіс.
Криминалды түсік. Жасырын заңсыз жасалатын түсікті медицинада криминалды түсік дейді. Оны әйелдің өзі немесе медициналық мекемеде жұмыс жасамайтын маман емес адамдар жасайды. Сондықтан ол адам өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті. Бұдан кейін көп жағдайда әйел денсаулы-ғында ауыр асқынулар кездеседі.
Түсіктен соңғы асқынулар. Егер қыздар мен әйелдер түсік жасату оңай нәрсе деп ойласа мүлде қателеседі. Қолдан күштеп жасалған түсіктің әйел ағзасы үшін қауіпті екені даусыз. Себебі жүктілікке байланысты әйел ағзасында көптеген өзгерістер болады, олар барлық ағзалар мен жүйкеге де қатысты. Физиологиялық қызметтің бәрі жанданады, сөйтіп перзенттің өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Түсік осы физиологиялық үрдіске қиянат жасайтындықтан алдағы уақытта болуы ықтимал асқынуларға алғы шарт туғызады. Асқыну операциядан кейін дереу пайда болмайды. Кейде олар біраз уақыт өткеннен кейін етек алып, тән мен психиканың аурулары түрінде білінеді.
Қолдан жасалатын түсік көзбен көрмей, «сипалап» жасалатындықтан күрделі операция-лар қатарына жатады. Тіпті тәжірибелі деген дәрігерлердің өзі де бұл операцияға жүрексініп барады.
Түсік жасату тұмса (тұңғыш рет бала көтергендер) әйелдер үшін зиян. Тұңғыш баланы алдырту кейін бедеулікке (бала көтеру қабілетінен айрылу) ұшыратуы мүмкін.
Сондықтан қара көз сіңлілерімізге берекетсіз жыныстық қатынастан сақ болыңыздар, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер дегіміз келеді.