Ер-азаматқа
Әумин десең, міне, бата,
Қолдасын Қыдыр Ата.
Қыдырың қияласын,
Періште ұяласын.
Ел шеті жаусыз болсын,
Ел іші даусыз болсын!
Өрісің мықты болсын,
Қонысың құтты болсын!
Артқаның түйе болсын.
Сауғаның бие болсын!
Көргенің көген болсын,
Айтқаның өлең болсын!
Кигенің құлпы болсын,
Мінгенің жылқы болсын!
Ырысың тасып тұрсын,
Абыройың асып тұрсын!
* * *
Жортқанда, балам, жолың болсын,
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарынан озған өрен бол,
Сынай қалса — кұлақ сал,
Мақтай қалса — керең бол!
Теңіздейін терең бол!
* * *
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын,
Ұлың үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын,
Жақының көп болсын,
Дұшпаның жоқ болсын.
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын басыңа.
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын.
Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын.
Таңың азанды болсын,
Үйің қазанды болсын.
Шаңырағыңа шаттық қүйылсын,
Дастарқаныңа жұрт жиылсын,
Әумин!
* * *
Жақсының қадірін біл,
Кәрінің әділін біл!
Өнегенді қазық ет,
Ақылыңды азық ет!
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын!
* * *
— Әумин — десең бізге
Бата бердік сізге.
Әуелі, Құдай, жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер!
Әуелі, Құдай, күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер!
Әуелі, Құдай, қыстай бер,
Қыстай берсең, қыспай бер!
Көктемдей бер,
көгеріп өскендей бер.
* * *
Мәнісін ұқ батаның,
Борышын өте атаның.
Амандық пен саулықты
Мен де тілеп отырмын.
Аман барып, сау қайтар
Берсін жолдың төтесін.
Екі жылдық міндетің
Абыроймен өтелсін!
Бейбіт өмір түрленіп,
Көк байрағын көтерсін!
* * *
Ойың көсем болсын,
Сөзің шешен болсын!
Осының бәрі —
Сөзімнің нәрі
Құдайымның құлағына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!
Құдай жолынды оңдасын!
Бес жүз саулық қоздасын,
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын!
Айдап келген жылқыңнан,
Алпыс айғыр азынасын,
Жиып келген түйеңнен,
Жетпіс інген боздасын!
Өзіңнен байлық озбасын!
Ағайынның жарлысы,
Бөтен жақта тозбасын!
Жанкүшіктің биесін берсін,
Жансүгірдің түйесін берсін,
Нұржанның қойын берсін,
Кім жақсы болса, соның ойын берсін,
Бермейтұғын сараңның,
Екі қолы байлансын!
Сөйтіп соры қайнасын,
Бермегеннің жаманын
Көр ішінде ойласын!
Ұзақ етсін жасыңды,
Берекелі берік қылсын,
Малың мен басынды!
Тандамахшар күнінде
Шәрбат етіп қайтарсын,
Бізге берген асыңды!
Өзің жүзге келгенде,
Тоқсанға келсін алғаның!
Кемпір, шал болып қалғыған,
Шайқы фани болғаның!
Сол жастарға келгенде,
Құмған болсын қолында.
Бола гөр хақтың жолында,
Он бес ұл мен он бес қыз
Еріп жүрсін соңыңда!
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз.
Жығылғанды сүйеңіз,
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз.
Бір Алланы сүйеміз.
Әр жерлерде жар болсын,
Хақ жасаған иеміз!
* * *
Абырой бер, аман сақта.
Оттан, судан сақта.
Тілсіз жаудан сақта,
Күле кіріп,
Күңірене шыққан дүшпаннан сақта,
Дос болып, қас болғаннан сакта.
Өсек, өтірік бәледен сақга,
Арамнан жиналған кәдеден сақта.
Желіккен жеңгеден сақта,
Пәле әкелер теңгеден сақта
Қыдыр Баба қолдасын,
Басыңа бақыт орнасын, әумин!
* * *
Бисмилляһи-ир-рахман-ир-рахим
Уә, Жаратқан ием құдірет,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет!
Достың көңілін аша көр,
Дұшпанның көңілін баса көр!
Әділдікті бұрғаннан сақта,
Қайырымсыз туғаннан сақта.
Өтпес пышақ, шабан атыңнан сақта! Көқдолы, шайпау қатыннан сақта!
* * *
Ғайып ерен қырық шілтен,
Назарыңды салып өт.
Тар жол, тайғақ кешуде,
Жәрдемдесіп алып от.
Бақыт, дәулет, перзентте
Еш болмасын қасірет.
Ықыласпен тілек тілеген
Тілекті, Алла, қабыл ет, Әумин!
* * *
Түздегіні түзде сақта.
Жаратушы жан Ием,
Әрқашанда бізді сақта.
Кедергі мен кеселден
Бір Алла өзің сақта!
Айтқанымды қабыл етсін бір
Әумин! Аллаһу акпар!
* * *
Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ-дәулетін аумас қыл!
Ала ауыздан алас қыл,
Қарғағаннан қалас қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болсын!
Әумин!
* * *
Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашыққан бөріден сақта,
Ашынған ұрыдан сақта!
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта!
Аяқ астынан кезігер —
Бәле-жаланың бәрінен сақта!
Әумин!
* * *
Өрендерің ер болсын,
Отырғаның төр болсын,
Көре алмаған бағынды,
Сындыра алмай сағыңды,
Қара ниет дұшпаның,
Бетін басып жер болсын!
Әумин!
***
Қонысың өрісті болсын,
Еккенің келісті болсын.
Еңбегің жемісті болсын!
Жарың жібектей болсын!
Арың түлектей болсын!
Өнерің өрлей берсін,
Өмірің төрлей берсін!
***
Жарылқа, Алла, дамыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет-абырой, бақ-дәулет,
Қызыр қарап, бақ қонып,
Не тілесең,
Соның бәрін қабыл ет!
Алтынға балар тастарын,
Алтайың бағың — асқарың.
Соның күллі қызығын
Көре берсін жастарың!
Біріңе-бірің қорған бол,
Бүлінбесін бастарың.
Темір торға түссең де,
Дос-жаранды сатпағын!
Жұлдызың жансын төбенде,
Бірақ асып-таспағын!
Қариялар ақылмен
Елді ілгері бастағын!
Тосқауылға торықпай,
Жолдан алып тастағын!
Көкжелкесі үзіліп,
Жер жастансын қастарың!
Айың тусын жарқырап,
Нұрға толсын аспаның!
* * *
А, құдайым ондасын,
Оңдағанның белгісі,
Қайырлы етіп басыңа.
Бақ пен кыдыр орнасын.
Дұшпаның үстем болмасын,
Маңайың үбірлі-шүбірлі болсын.
Келген қыдыр кетпесін,
Жамандық келіп жетпесін.
Сапар жүрсең, жолың болсын,
Қалтаң толған пұлың болсын.
Жарылқасын қорғаушың,
Бейбіт халқымызга заман болсын,
Табиғат таусылмайтын ризық беріп,
Тартылған дастарқанға тағам болсын.
Қауіптен ел-жұртымыз аман болып,
Көп қылып үйіңізге бала берсін,
Оларға таудай талап, сана берсін,
Ер жетіп, балаларың батыр болып,
Өмірлері қызықты бола берсін.
Үйіңе жақсы адамдар келе берсін,
Тауфықты, инабатты келін берсін,
Ақ көңіл, ата-анаға жақын болып,
Қызығын елі-жұртың көре берсін.
“Әумин” — деп үй иесі қол жайғанда,
Жақсылап кәриялар бата берсін.
* * *
Иллаһи аумин,
Тіл тидірмесін анадан.
Шайтанның шәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта.
Ораздымен оттас қыл,
Имандымен жолдас қыл,
Қарғағаннан қалас қыл.
Көзі жаманның көзінен сақта,
Өзі жаманның өзінен сақта.
Кетпес ырыс, кең пейіл бер. Пайғамбардың қасиетін,
Байдың дәулетін бер.
Қазағымның мандайы ақ,
Бағы көтеріліп,
Ұрпағы көп болсын!
Әумин!