Дінсіздер кеше тәрк етті,
Тәлкек қып ұлттың ғұрыбын.
Пісіріп жеті шелпекті,
Жасайтын әжем ырымын.
Мұсылманшылық жолдарын,
Келдік қой талай бұрмалап.
Ұмыт боп елім сорлады,
Ораза менен құрбан айт.
Сол дәстүр қайта жаңғырды,
Тәуелсіздіктің таңымен.
Өмірге қайта сән кірді,
Сусындап соның нәрімен.
Айт, келді бүгін жамырап,
Жұрт жатыр мәре-сәре боп.
Шырқайды жастар домбыра ап,
Ежелгі салт пен сана деп.
Отыз күн ұстап ораза,
Жаңғырды жарапазаным.
Тұлпарлар ойнап далада,
Ошақтан түспес қазаным.
Есігі ашық әр үйдің,
Төрінде щелпек, бауырсақ.
Тасытты елдің пейілін,
Алланың өзі жарылқап.
Ақсақал берер батаны.
Жаңғырып құран мақамы,
Еске алар аруақ атаны.
Үйретеді айт тәлімге,
Дастарқанға зәһар жолатпа
Кіруің парыз әр үйге,
Шақырмаса да қонаққа.
Мәз болған бала — шағаның,
Қуанышы көкке өрлесін.
Айт қабыл болсын, ағайын,
Шаңырақты шаттық кернесін!
Сарқыты сонау ғасырдың,
Көнермей жеткен мейрам бұл.
Бабамнан қалған асылды,
Дүбірлі тойға айналдыр!