Аруақтарын есіне алып қастерлеп,
Атам қазақ ат шаптырып, ас берген.
Барын шашқан өлілердің жолына,
Адам рухы өлмейтіні ескерген.
Өмір мәнін жүрсінші деп тірі ұғып,
Есіне алған туыс, туған бірігіп.
О, дүниелік, жақсы менен жайсаңын
Тірлігінде ете алады кім ұмыт?
Той ғана емес,
Бұл өмірде қаза бар,
Жүректерді қасірет боп мазалар.
Есіне алып есіркесе жас өркен,
Жебеп жүрер рухымен бабалар.
“Өлі риза болмай, тірі байыр ма”,
Аямаған атанын да, тайын да.
Аңыздар көп аруақтарын бабамның,
Қастерлеген ұрпақтары жайында.
Сол бір дәстүр келеді әлі жалғасып,
Ұрпақтардан ұрпақтарға алмасып.
Құран оқыт,
Есіңе алғын аруақты,
Болсын десең өміріңнің алды ашық!