...

ҚАЗАҚ ЖҮЗДЕРІ

Қазақ жүздері
Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
Жүздік құрылым туралы

Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ.

Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, “Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған”. Н.А.Аристовтың ойынша, “жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан”.

В. Бартольд: “Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды”, — деп есептейді.

М. П. Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: “Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты”, — дейді.

С. Аманжолов: “Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде — X—XII ғасырларда бөлінді”, — деп есептейді.

Шығыстанушы Т. И. Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: “XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан”, — деген болжам айтады.

Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың “жүз” деген сөзін арабтың “джуз” — бір нәрсенің “басты бөлігі”, “тармақ” деген сөзімен сәйкестендіреді. Шығыс деректерінде жүздер жөніндегі жанама мәліметтер XVII ғасырдың ортасына қарай кездеседі. Махмүд бен Уәлидің 1634—1641 жылдарда жазылған еңбегінде: “Шайбани хан өлгеннен кейін оның ұлы Баһадүр осы ел мен ұлысқа басшылық ете бастады… ол қыстауы мен жайлауы үшін Ақ Орданы таңдап алды, ол әрі Йүз-Орда ретінде де белгілі”, — дейді. Осы деректе кездесетін йүз (жүз) сөзін кейбір зерттеушілер қазақтың жүзімен теңестіреді.

М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. “Этноәлеуметтік организм” деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.

Қазақ жүздерінің мынандай ішкі белгілері бар:

а) ішкі аумақтық тұтастық;
ә) этностық туыстық;
б) шаруашылық-мәдени бірлік;
в) саяси басқару ортақтастығы.

Осы ішкі белгілердің мәнін аша түсейік. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады. Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.

Қазақ жүздері күнделікті тіршілікте қазақ халқының шаруашылық, саяси аумақтық бөлшектері болды. Тыныштық замандарда ішкі этностық байланыстардың, қатынастардың көпшілігі жүздердің өз ішінде жүріп жатты. Дегенмен бұдан қазақ жүздерінің арасында саяси, шаруашылық-мәдени, этностық байланыстар болмады деген түсінік тумауы керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын, отырықшы не жартылай отырықшы ру-тайпалардың арасында өзара айырбас, сауда қатынастары жиі болды. Жүздердің көршілес жатқан руларының арасында құдандалық, тамырлық қатынастар да өркендеді.

Ішкі шекаралас аудандарда жер дауы, жесір дауы мәселесі де болып тұрды. Сондықтан жүздердің ішкі шекаралық аудандары қазақ халқының өзара мәдени, тілдік, тұрмыстық, шаруашылық бірлігіне дәнекер болған алтын көпір, үзілмес желі қызметін атқарды. Ал ел басына күн туған жағдайда, сыртқы жаулардан қорғану мәселесінде қазақ жүздері жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде “мынау бәлен жүздің жері, елі” деп бөлінбеді, бүкіл қазақ жері, қазақ елі үшін қай жүздің баласы болсын, жанын қиюға даяр тұрды. Қазақ жүздерінің ішкі бірлігінің, жалпықазақтық патриотизмнің, елдіктің озық үлгісін біз Жоңғар шапқыншылығы оқиғаларынан көреміз. Мұндай мысал көптеп саналады. Қазақ жүздерінің қордаланып қалған ішкі, сыртқы мәселелері жүздердің басы қосылған құрылтайларында, жиындарында шешіліп отырды.

Жүздер жөніндегі нақты деректер XVIII ғасырдың бірінші ширегінен бастап кездеседі. 1731 жылы қазақтардың бодандығы жөніндегі келіссөзге Кіші жүз арасына келген А.Тевкелев былай деп хабарлайды: “… қырғыз-қайсақ ордасы үш бөліктен, атап айтканда: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден (Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда) тұрады”.

Үштік бөлініс қазақ жерін мекендеген көне тайпалардан келе жатқан дәстүр. Сақтар: тиграхаудау хаомаварға және парадарайя болып үш бөлікке бөлінген. Көне үйсіндерде, көне түркі-моңғол көшпенділерінде үштік одаққа бөліну дәстүрі болған. Бұдан біз, жалпы, үштік бөлініс қазақтардың арғы тектерінің дәстүрінде бар екенін көреміз.

Кең-байтақ қазақ жерінде мұндай үлкен одақтар құру саяси, әскери-қорғаныс, шаруашылық-ұйымдастырушылық, басқару қажеттіліктерінен туындаған. Мұндай одақтар қазақ жерінде қыпшақтар заманын бастап құрылған болуы керек. Ал мұндай жүздік одақтарға бөлінудің аякталуы қазақ халқының құрылуы кезеңімен сәйкес келсе керек.
Ұлы жүз тайпалары

Қазақ шежіресі бойынша Ұлы жүз мынадай тайпалардан тұрады:

сарыүйсін;
шапырашты;
ошақты;
ысты;
албан;
суан;
дулат;
сіргелі;
қаңлы;
жалайыр;
шанышқылы.

Ұлы жүз тайпаларының негізгі таралған аймағы — Жетісу, Шу, Талас өңірлері, Қаратау, Сырдарияның орта ағысы. XIX ғасырдың аяғында Ұлы жүз қазақтарының саны 700 мыңдай болды.

Орта жүз тайпалары

Орта жүз тайпалары алты атадан тұрады (оларды “алты арыс” дейді):

арғын;
найман;
қыпшақ;
қоңырат;
керей;
уақ.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Орта жүз тайпаларының жан саны мөлшермен 1 млн 350 мыңдай болды. Ал Қытайдағы, моңғолиядағы керей, уақ, наймандарды қосқанда, 1 млн 500 мыңнан астам болған.

Орта жүз тайпаларының жайлаған аймағы — Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстанда Сырдарияның жоғарғы және орта ағысы аймағы. Орта жүздің арғын, найман тайпалары Жетісудың солтүстік-шығысында, Шу өзені мен Сыр өзенінің аралығында әр жерде шоқ-шоқ болып та жайғасқан.

Кіші жүз тайпалары

Кіші жүз қазақтарына: байұлы, әлімұлы, жетіру деп аталатын үлкен үш тайпалар одағы кірді. Кіші жүз қазақтарының жері бүкіл Батыс Қазақстан аймағын алып жатыр. Шығыста Тобыл, Торғай, Ырғыз өзендері мен Мұғалжар тауларынан батысында Каспий теңізі мен Еділдің орта, төменгі ағысына дейінгі жерді, оңтүстігінде Сырдың орта, төменгі ағысы мен Маңғыстау түбегі, Үстірттен солтүстігінде Тобыл, Жайық өзендеріне дейінгі аймақты алып жатты. Кіші жүз қазақтарының XIX—XX ғасырлар шегіндегі саны 1 млн 200 мың адам болды.
Байұлы 12 атадан тұрды. Олар:

адай;
шеркеш;
есентемір;
таз;
ысық;
беріш;
байбақты;
қызылқұрт;
тана;
масқар;
алаша;
алтын;
жаппас.

Кей шежірешілер алтын мен жаппасты біріктіріп (алтын-жаппас) бір ата деп есептейді. Байұлының тайпалары Жайық иен Жемнің аралығын, Үстірттің біраз жерін, Маңғыстау түбегін, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын жайлаған.
Әлімұлын алты ата әлім дейді. Олар:

шекті;
шөмекей;
төртқара;
кете;
қаракесек;
қарасақал.

Әлімұлы рулары қыста Жем мен Каспийдің арасында, Арал теңізінің солтүстік-батысына дейін, Борсық құмдары, Қарақұм, Қуаңдария мен Жаңадарияның аралығын қыстаған. Жазда Ақсақал көлінен солтүстікке қарай Торғай, Тобыл, Ырғыз, Ор, Елек, Қобда, Жем, Ойыл өзендерінің бойында, Мұғалжар тауларында көшіп жүрген.
Жетіру аты айтып тұрғандай, жеті рудан тұрады. Олар:

табын;
тама;
кердері;
керейт;
телеу;
рамадан;
жағалбайлы.

Жетіру аталары қыста Сырдарияның орта ағысын және сол маңдағы аумақтарды қыстаса, жазда солтүстікке қарай жылжып көшіп, Орал тауы баурайына дейін баратын.

казак жуздери, қазақ жүздері, шежире
5 2 голоса
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх