...

ШАНЫШҚЫЛЫ

ШАНЫШҚЫЛЫ

Ұраны «Айрылмас», «Шанышқылы», таңбасы:
 қол-таңба 

Шанышқылы да Ұлы жүз құрамына кіретін ру. Бұл рудың шығу тегі мен тарихы жайында көне деректерде ешнәрсе жоқ. XVIII ғасырдың ортасынан бастап, орыс деректерінде (П. И. Рычков, А. И. Тевкелев, А. Левитин, Ш. Уәлиханов) «ол (шанышқылы) Ұлы жүз құрамына кіріп, Қаратау мен Талас өзенінің күнгейінде көшіп жүреді» деген мағлұмат бар.
Алғаш рет Шанышқылы руының тарихы мен шығуы туралы Н. Аристов өз жорамалын келтіріп, Шанышқылының отаны Алтайдағы Бийдің бір саласы Аққу өзені мен Шошқалы, Шаңғылбұлақ, Қалжыр өзені ағып шығатын Марқакөлдің сағасындағы құмандар арасында деп тұспалдайды. Қаңлы мен Шанышқылының шығу тегі жоғарыдағы келтірілген аңызда Бақтиярдың өкіл баласы Қатағанмен байланыстырыла қарастырылып, Шанышқылының ежелгі мекені ретінде Алтай өлкесі айтылады. Қатағандар туралы Әбілғазы еске алып, өзі (Әбілғазы) қазақтар арасында 1632 жылы болғанда қазақ ханы Есім хан Ташкент билеушісі қазақтан шыққан Тұрсын ханды өлтіріп, Қатағандарды тонап, қысымшылық көрсеткенін айтады. Ол Қатағандарды Алұн-гоаның үлкен ұлы Бұқым-Қаттаннан шығарады. Ал Рашид ад-Дин Қатағандарды көшпелі ру Қатақин деп атап, оларды Алұн-гоаның үлкен ұлы Бу гунхатақидан таратады. Сол себепті қатағандар Түркістанда тек Шыңғыс дәуірінде, Шағатай сарбаздарының құрамында соларға қызмет етіп, пайда болды деп топшылауға болады. Әрине, олардың саны онша көп емес еді. Сырдарияда қатағандар жергілікті Қаңлы мен Шанышқылылар құрамынан тұрып, әлде бір қатағанның әйгілі бегін қорғау үшін соларға қосылғандар болатын. Одақтың ыдырап, Есім ханның қудалауының салдарынан Сырдарияның оң қабағындағы Қатаған руы да ізім-ғайым жоғалады. Олардың қалған-құтқан бөлігі басқа тайпаларға қосылып, немесе шанышқылы руларына сіңіп, шанышқылы болып кетті.
Қатағандардың басым көпшілігі Шайбани әулетімен бірге Мауараннахрға кетіп, бір бөлігі Қазақстан аумағын мекендеп қалды. XIX ғасырдың екінші жартысында қатағандар (қораластар) Әулиеата уезінде тұрып келді (Мақашев пен Смирнов көрсетуінше). Қатағандардың көпшілігі басқа қазақ руларымен мидай араласып кетті, мәселен, Ысты аталарының ішінде Асанқараған мен Байқараған әлі күнге Шымкент уәлаятында тұрып келе жатыр деседі. М. Тынышбаев қатағандардың бір бөлігі Шанышқылы болып, Қаңлы руына қосылып кетті деп есептейді.
Шанышқылы руы туралы тағы бір жорамалды Н. Аристов алға тартып, ол: «Шанышқылы атауын сонымен қатар монғолдың «Юактгаоми-шиде» айтылатын Чаншиут, әйтпесе Чанкшикит рулары профессор Березин Рашид ад-Дин бойынша қияттардың тармағы Женшқұт есіміне сай келеді. Олай болса. Шанышқылы ұрпағы Шағатай кезінде Қаңлының жергілікті руынан қалыптасып, Шағатай монғолдарынан шыққан Чаншиут немесе Шанышқылы атасының атын иемденіп, одақ түрінде құрылды» деп есептейді.
Біздің қолымызда Шанышқылы руының шығуы мен тарихы туралы бұл жорамалды нақтылайтын жазба, немесе басқа деректер жоқ болғандықтан, осымен шектелуге мәжбүрміз. Соған қарамастан, Шанышқылы руы туралы Н. Аристовтың пайымдаулары көңілге қонымды екенін айта кеткен жөн. Шанышқылының Алтайдан шыққаны туралы топонимдер мен этнонимдер негізіндегі ой, атаулардың кейбір монғол этнонимдерімен сәйкестігі туралы, олардың жергілікті қаңлылар мен қатағандармен байланысы туралы тағы басқа мәліметтер толық назар аудартады.
Шанышқылының ата-тегінің құрамы хақында М. Тынышбаевтың шағын мақаласынан басқа әдеби деректер некен-саяқ. Тынышбаевтың зерттеуінше, Шанышқылыдан Сымыршық, одан Айрылмас (шанышқылылардың ұраны); одан Құрбақа (Балық, Саңырау, Мамыт), Дарқан, Қырықсадақ, Бектау (Қырпық, Арапшы, Сырдым), Жойсын, Бағыс (Қырғызтекті).
Біздің зерттеуімізде де Шанышқылы туралы жарияланымдар жарытымсыз. Біз тек бір ғана мәлімет беруші Алматы облысы, Шелек ауданы Жарсу кеңшарының тұрғыны 1928 жылы туған (Шапырашты) Қожахмет Кәрібаевтың берген мағлұматтарына сүйене аламыз. Оның айтуынша, Қоғамнан үш ұл: Қаңлы, Шанышқылы, Қатаған туады. Шанышқылыдан Балық, Күрпік, Дарқан, Саңырау. Балықтың кіндігінен төрт бала бар: Торқыс, Көңсалық. Балта, Ақкерей. Күрпіктен Мамыт, Араншы, Әжіке, Бесауыл, Сұрым, Кият. Дарқаннан Құлтума, Еңкеш, Шотым, Оршақ. Саңыраудан Көкмойын, Сәрке, Бақа , Жаңбыршы.
Бұл Шанышқылының ата-тегі туралы мәліметтер, әрине аталарды ажырату үшін салыстыру мен айқындау үшін жеткіліксіз, алайда, барын қанағат тұтуға тура келеді.
Шанышқылы руының жауынгерлік ұраны бәйгеде «Айрылмас», ұрыс-қақтығыста «Шанышқылы». Бұл туралы Гродеков, Аристов, Тынышбаев пен Востров жазды, ал Аманжолов «Айрылмас» пен «Бәйтерек» деп есептейді. Бұл кейбір шанышқылы аталарының қаңлылар құрамына кіргендіктен, олар «Бәйтерек» ұранын пайдаланатын болар. Шанышқылының рулық таңбасы (қолтаңба).
XIX ғасырдың аяғына таман (Мақашевке сүйенгенде) шанышқылылардың аз бөлігі Жетісу өлкесі, Верный уезінің Түрген өзенінің бойында ғұмыр кешкен. Сырдария уәлаяты Ташкент уезінде 2000 түтін, Верный, Қапал, Әулиеата, Шымкент және Ташкент уезінде барлығы 10 000 түтін болған. М. Тынышбаевтың дерегінше, 1917 жылы қаңлылар мен шанышқылылар Верный уезінде 10 мың жан, Әулиеатада 20 мың жан, ал Ташкент уезінде 160 мың жан өмір сүрген. Тағы да сол көрсету бойынша, жоғарыдағы үш уезд көлемінде 190 мың жан шанышқылылар қоныстанып жүрген.
Қаңлылар мен шанышқылылардың саны туралы мәліметтер олардың негізінен Қазақстанның оңтүстігіне таралғанын көрсетеді. Бұл барша уездерде қаңлылар мен шанышқылылар төрт маусым бойы қоян-қолтық көшіп-қонып жүргендіктен, олар бірге саналады, бірақ жан басы жағынан тепе-тең емес еді. Қапал. Верный, Әулиеата уездерінде шанышқылылардан гөрі қаңлылар басым болатын, ал Ташкент уезінде жоғарыда айтылғандай, шанышқылылар 2000 түтін құрады.
Қаңлылар мен шанышқылылардың Қапал уезіндегі ата-қонысы Алтынемел тауларының етегінде, Верный уезінде Түрген өзенінің аңғарында, Әулиеата уезінде Талас өзенінің аңғарында және Ташкент төңірегінде Келес пен Шыршық өзендері бойында орналасты.
Шанышқылы руының негізгі кәсібі төрт түлік мал өсіріп, суармалы егіншілікпен айналысу болатын. Олар жартылай отырықшы және отырықшы ғұмыр кешті. Әлбетте, отырықшылар егін салып, бидай, арпа, тары мен қауын-қарбыз еккен.
Сонымен, біз Ұлы жүздің ірі-ірі он бір руының рулық тайпалық құрылымы, олардың Жетісудың Қапал, Жаркент пен Верный уездеріндегі, Сырдария уәлаятының Әулиеата, Шымкент пен Ташкент уездеріндегі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қоныстануы туралы қысқаша шолуымызды аяқтаймыз. Әдеби деректер мен біздің зерттеулеріміздің негізінде 11 рудың 20 ата-тегі туралы кесте жасалды.
Олардың тұтастығы мен толықтығы бойынша бұл тектану кестесі әр түрлі болды. Кейбір рулар мен аталар бойынша, олардың этникалық құрылымы жайында әлдеқайда мол қамтылды. Жалайыр, Албан, Шапырашты, Дулаттың кейбір аталары бойынша біздің зерттеулеріміз тектану кестесіне енбей, орташа мағлұматпен шектелінді, ал Сарыүйсіндер мен Шанышқылы жайында деректеріміз тақұл-тұқыл болды. Соған қарамастан, біздің тектану кестемізден Ұлы жүздің рулары мен аталық құрамы туралы белгілі жүйеде түсінік алуға мүмкіндік бар.
Рулардың рулық құрылымы туралы мағлұмат бермей тұрып, алдымен мүмкіндігінше ежелгі рулар: Үйсін, Дулат, Жалайыр мен Қаңлылардың шығуы мен тарихы жайында деректер беру қарастырылды. Содан соң біздің кестемізге сәйкес, рулық-тайпалық құрамы келтірілді. Одан кейін рулар мен аталардың қоныстануы, көші-қоны да қалған жоқ. Ауа райы мен жер ыңғайына байланысты жеке рулар, аталар мен қауымдастықтың негізгі кәсібінің бағыты атап өтілді. Қал-қадарынша әр аудандардағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де тілге тиек етілді.

шанышкылы, шаңышқылы, үйсін, уйсин, ұлы жүз, улы жуз, XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ, он сегізінші ғасыр, ,, оң тоғызыншы ғасыр, орта жуз, орта жүз, ру, тайпа, шежире туралы, шежіре, дәстүр, дастур, текст,сөзі,сөздері,создери
4.2 9 голоса
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
1 Комментарий
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Жадра
Жадра
2 лет назад

Улкен Рахмет !!!! Шаңышқылы -Саңырау-Жаңбыршы-Сандыбай-Халимбет-Егемберди-Әбдірасіл-Ергеш-Данияр-Денис-Азамат….

Прокрутить вверх