Ойын-сауық порталы

ХІХ ЖӘНЕ XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ

ХІХ ЖӘНЕ XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ОРНАЛАСУЫ
XIX ғасырдың басына қарай Орта жүз тайпаларының басым көпшілігі Ресей бодандығын қабылдады. Бірақ ресми құжаттарда Қырғыз даласы деп аталатын ұлан-байтақ жерде көптеген рулардың қоныстары бытырап жатқан еді.
«Солтүстігінен оңтүстігіне қарай деп жазды И. Завалишин, ең қысқа жол 1100 шақырым, ал шығысынан батысына қарай 2500 шақырым деп есептеледі. Қырғыз даласының кеңдігі 40 000 шаршы географиялық миль, яғни Сібірдің үштен бірі және Ресейдің оңтүстік далалық өңірінен екі еседен астам үлкен деп саналады».
Орта жүздің осы ұлан-байтақ жерін тиімді басқару жүйесін енгізіп, оған алым төлейтін халықтың белгілі бір бөлігін бағындыру керек болды. Бұл самодержавие қазынасын едәуір молықтыра түсетін салық саясатын жүзеге асыру үшін қажет еді. Далаға табан ілдіре беруге қазақтармен ғана емес, осы жерлерді басып өтетін ежелгі керуен жолдары арқылы Азия елдерінің басқа халықтарымен де сауда-саттық жасау себепші болды. Қытаймен мемлекеттік шекара белгіленуінің де маңызы аз болған жоқ. Ресей шығыс елдерінің «қақпасы» Қазақ даласын қосып алу арқылы енген еді.
ХІХ ғасырдың бас кезіндегі картада Зайсан көлінің төңірегіндегі жер мен Нарын өзенінің Ертіске құятын сағасына дейінгі кең алқап Ресей империясының құрамына енгізілмеген-ді. Онда көшіп жүрген қазақтар Қытай императорына бағынышты деп есептеліп, соған алым төлеген.
Бұл шекара ешқандай шартпен ресми заңдастырылмаған. Ал онда мекендеген қазақ рулары жоңғарлардың орнына келген қытай әскерлерінің болуы себепті Пекин сарайына бағынған.
Сонымен қатар, қазақтардың екі жаққа Қытай мен Ресейге бірдей бағынуы да жиі кездескен. Өйткені көптеген рулар маусымдық жайылымдарға, Тарбағатай тауларынан Зайсан ойпатына, сосын одан кері қарай көшіп жүрді. Осы тұста Абылай ханның «екі жақты бодандығын» еске алсақ та болады.
1806 жылғы наурыз айында Сібір инспекциясының инфантерия жөніндегі инспекторы генерал-майор Лавров ұлы мәртебелі император ағзамға былай деп жазды: «…мен Өскемен, Омбы бекіністері арасында мәңгі көшіп жүру үшін Ресей шекарасының ішкі жағына мал-мүлкімен бірге… 1783 адам қабылдадым…».
Ұлы мәртебелі патша ағзамға жазған басқа бір хатында (1806 жылғы 4-шілдеде) генерал-майор Лавров қыс кезінде Қытай шекарасының ішкі жағында «қыстап», «Санкт-ІІетербургке өз депутаттарын жіберуді» өтініп жүрген Байжігіт және Тума-тоқпақ (Найман тайпасы Қаракерей руының Байжігіт, Тума аталары (қараңыз: 3-кесте) болыстары туралы хабарлайды.
Кінәз А. А. Черторыскийге жазған хатында генерал-майор Лавров Ресейдің Орта ордадағы мақсат-мүддесін былай деп ашып көрсетеді: «…қырғыздардың бүкіл Орта ордасында біздің билігіміз қытай билігінен үстем болуы үшін, бірақ оған Уәли ханның билігі толық жүрмей, ол күшті болыстар (рулар М. М.) сұлтандары арасында бөлініп отырғандықтан, сол күшті адамдарға өз билігімізді бөлшектеп нығайтуымыз…, Орта орданың Қытай шекарасында немесе соған жақын көшіп жүрген сұлтандарын тартуымыз керек». Күштілер қатарында Қамбар және Сүйік сұлтандар аталады.
Төменде келтіріліп отырған кестеде Ресей жағына көшкен адамдар саны көрсетілген.
Егер 1798-1808 жылдар аралығындағы кезеңде қазақтардың Ресей бодандығына қарауы жайында айтылар болса, бұлар Найман тайпасының Қаракерей руына жататын Байжігіт және Тума аталарына қарасты Зайсан қазақтары еді. Ал 1808-1810 жылдарда өткен қазақтардың қай рудан екені белгісіз. Оның үстіне бұл кезеңде Горькая шебін (Пресногор және Петропавл дистанцияларын) бойлай жылжып жүрген қазақтар айтылады.
Сонымен, ХІХ ғасырдың басында көшіп келу мен көшіп кету сирек қүбылыс болмаған. Мұның өзі салық алынуға тиісті бодандар санының беймәлім болуына әкеп соқты және рулар арасында да, қазақтар мен шеп бойындағы орыс халқы арасында да екінің бірінде жер (жайылым үшін) дауын туғызып отырды. Сондықтан да Қазақ даласы тұрғындарын орналастыруда көптеген мәселелерді шешу керек болды.
1. Дала тұрғындарын жерге орналастыру жөніндегі әкімшілік реформалар
Қазақ рулары мен тайпаларының орналасуын толық көрсету үшін Қазақ даласының бөлінуі мен оның тұрғындарын жерге орналастыру жайында айтып өту қажет. Өйткені адамдар мен олардың мекендейтін ортасы әрқашан да ажырағысыз, тұтас нәрсе болып табылады.
Бұрын Қазақ даласында болып көрмеген аумақтық бөліністі енгізген кезде орыс әкімшілігі ең алдымен белгілі бір рудың, тайпаның байырғы мекенін сақтауға, бір жерден екінші жерге көшудің ғасырлар бойы қалыптасқан жолдарына, көшпенді қауымдардың жерді пайдалануындағы әдет-ғұрып, дәстүрлеріне сүйенді.
Сондықтан аумақтық өлшемдерді (мысалы, округтерді) ұйымдастырған кезде орыс әкімшілігі рулық-тайпалық принципті ұстанды. Осыған сәйкес түрлі кеңселердің ресми құжаттарында рулар мекендейтін жерлер (қыстаулар меп жайлаулар), әрбір болыста көшіп жүретін шаңырақ иелері мен ауылдардың саны мейлінше толық көрсетілген. Рулар мен тайпалардың орналасуын көрсеткенде бұл мәліметтер бағалы деректеме болып табылады.
Бұл мәліметтердің қазақтардың рулық-тайпалық құрылымындағы біркелкі жіктерді анықтауда да маңызы зор. Егер XVIII ғасырда көшпенділердің белгілі бір қауымы тайпаның немесе рудың атымен аталса (мысалы, Найман ұлысы, Қаракесек ұлысы), XIX ғасырда халық санының өсуіне байланысты қауымдар бөлшектеніп, жаңа патронимиялар құрылған. Осы себепті жаңа патрилиндждер, ал кейбір реттерде матрилинидждер де пайда болып, туыстық есебі енді жаңа буыннан бастап жүргізіледі, жаңадан біркелкі деңгейлер пайда болып, жаңа қауымдар мен болыстар соларға сәйкес аталған. Неғұрлым кейінгі уақытта (XIX ғасырдың екінші жартысында) рулық негіздердің әлсіреуіне байланысты болыстардың атауларынан географиялық белгілерді, яғни мекендеген жер атымен аталғанын көреміз (мысалы, Шерубай-Нұра болысы сол аттас өзендердің атауларынан шыққан).
Бірақ далалы аймақтағы бұл реттеу жұмыстары ұзақ уақытқа бір ғасырға созылды. Орта жүздегі хан билігі XIX ғасырдың басына қарай тарихи жағынан ескіріп, қазақ қоғамының дамуына кедергі жасай бастады.
Оны жоюға мынадай қолайлы жағдай туды: 1782 жылы 25-ақпанда хан етіп бекітілген Уәли сұлтан 1819 жылы қайтыс болды, ал Ресей монархы өзінің Абылай хан өлгеннен кейінгі (1781) әрекеті сияқты жаңа ханды таққа отырғызуга асыға қоймады. Ол бір империяға бір монарх жетеді деген ережені ұстанды. Өйткені: Қырғызқайсақ даласы кең-байтақ Ресей империясыиың бір бөлігіне айналды, ендеше дала халқын өз мүддемізге сай басқарудың аймақтық принциптерін шешуіміз керек деп санады.
1822 жылғы 22-маусымда Сібір губернияларын басқару енгізілді, соның күшімен Сібір: Батыс және Шығыс бөліктерге бөлінді. Біріншісіне Тобыл, Томск губерниялары мен Омбы облысы енді. Генерал-губернатор мен оның жанындағы Кеңестен құралған Батыс Сібір басқармасы Тобыл қаласында болды. Орта жүз қазақтары Омбы облысының құрамына енді де, сол кезден бастап басқа қазақтардан айыру үшін оларды сібір қырғыздары (қазақтары М. М.) деп атады. Омбы облысы ерекше ережелер бойынша орналастырылған ішкі (Омбы, Петропавл, Семей, Өскемен) және сыртқы округтерге бөлінді. Сонымен, ішкі округтер негізінен Ертістің оң жағалауында және Горькая шебінің солтүстігінде жатқан жерді, ал сыртқы («линия сыртындағы») округтер Ертістің батысына және Горькая шебінен оңтүстікке қарай, яғни қазақ даласының жерлерін қамтыды.
1822 жылғы 22-шілдеде «Сібір қырғыздары туралы жарғы» деген атпен арнайы ережелер қабылданды.
Бұл жарғыға сәйкес, сібір қырғыздарының елі шен (линия) бойында құрылған округтерге тәуелсіз Омбы облысының округтері болады. Округтер болыстарға (әрбір болыста 1012 ауыл), болыстар ауылдарға (әр ауылда 5070 шаңырақ) бөлінеді. Бұл округтер бір ру немесе ағайын деп саналатын және әрқашан бірге болып дағдыланған болыстардан құралады. Округтердің өз қоныстары болады, оған сәйкес өздерінің округтік сұлтандарының рұқсатынсыз басқалардың көшіп жүретін жерлеріне өз бетінше қоныстанбайды (қоныстанбауға тиіс М. М.).
Ауылдарды шаңырақ иелері 3 жыл мерзімге сайлайтын старшындар; болыстарды сұлтандар билейді, олардың билігі мұраға қалады. Әрбір округте болыс сұлтандары өз араларынан 3 жыл мерзімге сайлайтын аға сұлтанның басқаруымен Округтік приказ құрылды. Аға сұлтан жанында Округтік дуан болды, ол облыс бастығы тағайындайтын екі орыс шенеунігінен және билер мен старшындар 2 жылға сайлайтын сыйлы екі қазақтан тұрды.
Сөйтіп, ішкі және сыртқы округтердің құрылуы хан билігінің жойылуына әкеп соқты. Бұл жаңадан енгізілген ережелердегі басты нәрсе билікті қазақ қоғамының феодал-бай топтарының қолында сақтай отырып, рулық белгі бойынша ауылдардың, болыстар мен округтердің ұйымдастырылуы болды.
Барлық шектеулеріне қарамастан, «Сібір қырғыздары туралы жарғы» қазақ қоғамының дамуында игі рөл атқарды. Округтердің ұйымдастырылуы жекелеген рулардың, қожалықтардың жерін анықтап берді. Қаншама жетілмеген болса да, ру басқарушылары мен сұлтандардың сайланып қойылуы дегенмен де бірсыпыра жариялылық орнатты. Және ерекше маңызды бір нәрсе егіншілікке өткен қожалықтарға «Жарғы» бойынша кейбір артықшылықтар берілді: оларға мұраға қалдырылатын қозғалмайтын меншік құқығымен жер бөлінді, олар ауыл шаруашылық құралдарымен жабдықталды, олардың жинаған өнімдері салық салудан босатылды т. б. Бұл көшпенді шаруашылықтарды әкімшілік жағынан жайғастырудың алғашқы тәжірибесі еді.
«Жарғыны» жүзеге асыру үшін 1824 жылдың көктемінде дала ішіне, жайлауға әлі көшіп үлгірмеген қазақ руларының қоныстарына орыс әкімшілігінің шенеуніктері жіберіліп, олар орыс және қазақ тілдерінде жазылған осы жарғыны халыққа жариялады. Сонымен бірге халық арасына «Сібір қырғыздарына» деген прокламациялар таратылды, онда тұрғындар даланы жайғастырудағы жаңа ережелерді қабылдауға шақырылды.
1824 жылы екі округ Қарқаралы, Көкшетау округтері ашылды.
Қарқара (Қарқаралы М. М.) округі Семияр форпостына көрші орналасты. Оны басқарушының приказы сол форпостыдан 280 шақырым жерде, Қарқаралы алқабының оңтүстік-шығысында. Алғашқы ашылған жылы бұл округ 14 болыстан құралды, оларда 20 мыңдай шаңырақ немесе 60 мың ер адам болды. Кейін оларға тағы да төрт болыс қосылды.
Көкшетау округі Петропавл тұсында жатыр. Оны басқарушының приказы одан 240 шақырым жерде Үлкен Шағыл өзенінің бойында орналасты. Бұл округ 17 болыстан тұрады, оларда 15 мыңдай шаңырақ немесе 35 мыңдай ер адам бар.
Осы округтер ашылғаннан кейін 1824-1825 жылдар ішінде Батыс Сібір бас басқармасына Орта жүздің сұлтандарынан, билері мен старшындарынан округтер ашуды сұраған өтініштер түсті. Обаған өзені бойында және Теңіз көлі ауданында көшіп жүретін 32 арғын болыстарының, Өскеменнен 200 шақырым жерде мекендейтін бура-найман болыстарының және солармен аралас қоныстанған Сыбан-Керей болыстарының рубасылары осындай өтініштер жасады.
Алайда «Қарқаралы мен Көкшетау округтері бойынша табысқа қол жеткізуге уақыт болуы үшін» орыс үкіметі жаңа округтер ашуға асыға қоймады.
Бұл аталған округтердің ұйымдастырылуы көп ұзамай-ақ расында игі нәтижелерге жеткізді, сондықтан орыс үкіметі жаңа округтер құра бастады: 1831 жылғы 17-маусымда Аягөз, 1832 жылғы 22-тамызда Ақмола, 1833 жылғы 22-тамызда Үшбұлақ және Баянауыл, 1834 жылгы 30-тамызда Аманқарағай округтері ашылды.
Кейіннен Үшбұлақ округі таратылғанымен, іс жүзінде ол одан әрі өмір сүре келіп, ХІХ ғасырдың 60-жылдарында ғана Баянауыл округіне қосылды.
Әрбір сыртқы округке салық төлеуде бес жылға жеңілдік берілді. Қарқаралы және Көкшетау округтерінен салық іс жүзінде 1832 жылы, яғни ол құрылған күннен 8 жыл өткен соң ғана алына бастады. Салық мөлшері мынадай болды: 200 жылқыдан 1 бас, ірі қараның немесе қойдың 150 басынан 1 бас. Заттай салымдар ақшалай есеп айырысумен алмастырылды: бір жылқы 35 сом, бір өгіз 20 сом, бір қой 2 сом деп есептелді.
1832 жыл мен 1836 жыл аралығындағы кезеңде ақшамен есептегенде Қарқаралы округінен 369 852 сом, Көкшетау округінен 136 590 сом жиналды. Сонымен, бір округтен едәуір көп ақшалай салық жиналды, ал барлық округтен жиналған салық сомасы самодержавие қазынасына сүбелі үлес болып қосылды.
Шеп (линия) аумағын бойлай, яғни өзендерді жағалай отырып, 10 шақырымдық өңір құрылуы да ішкі және сыртқы округтердің енгізілуімен тығыз байланысты, онда форпостылар, бекіністер, казак қоныстары құрылды.
Сонау 1765 жылдың өзінде-ақ генерал-поручик Шпрингер бекініс басшыларына қазақ көштерін шепке 510 шақырымнан жақын жібермеуді ұсынған болатын. Бұл 10 шақырым өңірдің шекарасы шамамен 1839 жылы белгіленді, ол кезде Батыс Сібірдің генерал-губернаторы кінәз Горчаковтың өкімімен топограф Кокоулин Ертістің, т. б. өзендердің бойын суретке түсірген еді.
10 шақырым өңірдің құрылуы көп көлемде құнарлы жерді қазақ қауымдарының пайдалануынан айырды.
1838 жылғы 6 сәуірде «Сібір қырғыздарын жеке басқару туралы ереже» бекітілді. Ол бойынша Омбы облысы таратылды да, Сібір қазақтарын басқару үшін орталығы Омбы қаласында болған Шекаралық басқарма құрылды. 1838 жылғы 25-қарашада Ұлы мәртебелінің жарлығымен Батыс Сібір бас басқармасы Тобыл қаласынан осында көшірілді.
Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарының қоныстары ежелден Обаған (Алабұға), Тобыл, Ой өзендерінің бойында, Торғайдың бас жағында шектесіп жатқан. Олардың Орынбор шекаралық комиссиясы (Кіші жүз) мен Омбы облысына, ал кейіннен Сібір қазақтарының Шекаралық басқармасына (Орта жүз) бөлінуіне байланысты қоныстары жасанды жолмен бөлінді, сөйтіп Орта жүз қазақтарының бір бөлігі бұрынғысынша Орынбор шекаралық комиссиясының қарамағына өткен жайылымдарында көшіп жүрді. Іс жүзінде көптеген рулық-тайпалық топтар Сібір ведомствосының қарамағында болды.
Орыс әкімшілігінің осы екі басқармасының арасындағы даулар (ведомстволар арасында шекара белгілеу, т. б.) көптеген жылға созылды. Бұл даулар негізінен бір жайылымға түрлі рулардың дәмеленуі мен феодалдардың басқа жүз руларын өздеріне бағындыра келіп, сол арқылы өзі жинап алатын салық үлесін қамтамасыз етуден туындап отырды.
Орынбор ведомствосының түрлі дистанциялары арасында Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ тайпаларының көптеген қауымдары көшіп жүрді.
ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде аралық сызықты анықтау жөнінде бірнеше комиссия жұмыс істеп, 1838 жылғы 7-маусымда Министрлер Комитетіпің «Сібір жәно Орынбор ведомстволарының қырғыз-қайсақтарын бөлу туралы» Ұлы Мәртебелі бекіткен ереже шықты.
Осы ережеге сәйкес, шекара солтүстіктен оңтүстікке қарай Қызыл бағана дейтін жердей (Алабұға, Сібір бекіністері аралығында) Алабұға (Обаған) өзенінің бойымен, көптеген көлдер мен өзендерді (Ұлыкөл, Қасықкөл т. б.) басып, Торғай, Есіл өзендері су айырығының бойымен Сібір ведомствосының құрамына кірген Ұлытауға дейін тартылды. Ұлытаудан шекара (кейін нақтылануға тиіс жерлермен) Телікөлге қарай жүргізілді.
Тағы сол ереже бойынша Орынбор ведомствосына Аманқарағай округінің болыстары өтті. Екі ведомствоның да әкімшілігіне жер межеленген соң «көшпенді тайпалардың бір жақтан екінші жаққа өтуінің қандайына болса да кедергі жасауға» бұйрық берілді.
Бірақ осы меже жүргізілгеннен кейін де бұл ведомстволардың рулары арасында жайылымдарға қатысты даудамай, қақтығыс болып тұрды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар кейде қайғылы оқиғалармен тынып отырды. Дау әр түрлі жүз руларының арасында ғана емес, сонымен қатар бір рудың топтары, бір жүздегі тайпаластар арасында да туындап отырды. Мысалы, 1846 жылғы 15-мамырда Орынбор шекаралық комиссиясы Сібір қазақтары шекара бастығына мына оқиғаны хабарлаған: Ақмола округіндегі Төрткөл болысының 500 қазағы Торғай өзені бойында көшіп жүретін, «егіншілікпен айналысатын…» қыпшақ руынан шыққан Орынбор қазақтарына шабуыл жасаған, бірнеше адамды өлтіріп, жаралаған, көп мөлшерде мал айдап әкеткен, әр түрлі мүлік, соның ішінде 307 кетпен алып кеткен, сөйтіп 150 шығырға (механизммен суарылатын жер көлемі; бір шығырдан жиналған астық мөлшері 500 қойдың бағасына сәйкес келеді) жуық жерге егілген егісті таптап кеткен. Егер келтірілген залалды ақшаға шағатын болсақ (1 қой 2 сом тұрады), ол 150 000 сом болады.
Шекараның осындай нақты белгіленбеуі салдарынан жайылымға таласу Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары арасында да жиі орын алып тұрған.
1848 жылы Ұлы жүздің сұлтаны Сүйік Абылайханов Батыс Сібірдің генерал-губернаторына хат жолдап, онда Найман тайпасының кейбір рулары ежелден Ұлы жүз қазақтарына тиесілі Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу т. б. өзендер бойындағы жайылымдар мен егістік жерлерді басып алды деп жазған.
Батыс Сібір генерал-губернаторының өкімімен сібір қазақтарының шекаралық бастығы генерал-майор Вишневский мен кеңесші Коченов Ұлы орданың приставы барон Врангельмен бірге Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының өзара дауларын бір жыл бойы анықтады. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «аталған жерлер наймандардікі екендігі Аяғөз және Көкпекті приказдарында бар жазбаша құжаттармен дәлелденетіні» анықталды. Әңгіме осы приказдар округтер ұйымдастырылған кезде берген және Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу өзендері бойындағы жерді наймандарға еншілеген құжаттар жайында болып отыр.
Ұлы жүз қазақтарының Найман болыстары жерінен одан әрі дәмеленуін тоқтату үшін патша жарлығымен бұл жерлер наймандарға бекітіліп берілді.
Вишневский мен Врангель комиссиясының жұмысы нәтижесінде Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының қоныстарын мейлінше дәл көрсетіп, олардың Қаратал өзені бойымен шекарасып белгілеуге мүмкіндік туды. Бірақ бұл жүздердің қоныстары арасындағы шекара ғана болатын. Ал ресми әкімшілік шекара тек 1867 жылы құрамына Семей облысының бір бөлігі кірген Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған кезде белгіленді.
Жүздер арасында жер бөлінуімен бірге сібір қазақтарын ішкі жайғастыру жұмыстары да жүргізіліп жатты. 1844 жылы Көкпекті ішкі округі құрылды. Оның 12 болысына Аягөз округінің төрт болысы қоса берілді.
Ішкі жеті округте барлығы 341 447 адам болды. 1835 жылмен салыстырғанда (2-кестені қараңыз) округтер тұрғындары санының кемуін таратылған Аманқарағай округінің бір бөлігі мен Ақмола округінің бірнеше болысының Орынбор ведомствосына берілуімен түсіндіруге болады. Қауымдардың біразы ішкі жаққа, яғни қытай әскерлерінің ығыстырылып шығарылуына байланысты Ертістің оң жағалауына көшіп кеткен.
Кенесары Қасымов басшылық еткен көтеріліс те аз рөл атқарған жоқ. Ол өзінің ең жақын серіктерімен бірге 1837 жылы көктемде Ақмола округінің қоныстарына келген еді. Арғын, Қыпшақ рулары мен басқа да рулардың көпшілігі көтерілістің негізгі күштеріне айналды. 1837 жылдың аяғы мен 1838 жылдың басында Қарқаралы округінің барлық болыстары дерлік Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылды. Аманқарағай округінің 2000 қазағы, Баянауыл округінің көптеген рулары мен т. б. Кенесары қозғалысына қосылды. Әрине, мұның бәрі қазақ руларының көшіп-қонуына ықпал жасамай қойған жоқ. Кенесары Қасымовтың жеңіліске ұшырауы көтеріліске қатысушылардың бұрынғы мекен еткен жерлеріне қайтып баруына әкеп соқты. Бұл орайда кейбір жағдайларда қайтып келушілер мен жаңадан қоныстанушылар арасында қақтығыстар болды. Жер дауы өрши түскен кезде қон мәселені билер соты шешіп отырды. Олардың үкіміне келіспеген жағдайларда істі орыс әкімшілігі қарауға тура келді. Бұл арада даладағы әкімшілік өзгерістер де жалғастырыла берді, патша өкіметі дала тұрғындарын тыныштандыруға, көшпенді қауымдар арасында меже енгізуге ұмтылды.
1854 жылғы 19-мамырда «Семей облысын басқару жөніндегі ереже» бекітілді. Бұл облыс құрамына: Семей ішкі округі, Көкпекті және Аягөз ішкі округтері, Қапал әскери округі енді.
Бұрынғы Сібір ведомствосының ішкі округтерінен (Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы, кейін 1859 жылы таратылып, Атбасар округі болып қайта құрылған Құсмұрын), екінші болыс Сібір қазақтары болысы құрылды, бұл ретте шекаралық бастық-әскери губернатор деп аталды, ал Шекаралық басқарма Сібір қазақтарының облыстық басқармасы етілді. Әскери губернатор округтерге Округтік приказдар арқылы басшылық етті.
Семей облысы мен Сібір қазақтары облысы бұрынғыдай (1822 жылдан) генерал-губернатор басқаратын Батыс Сібір бас басқармасына бағынды.
Бұл заң бойынша ішкі округтердің жері мемлекеттік меншікке айналып, көшпенді шаруашылықтар ол үшін мемлекеттік салық қана төлеп отырды, ал Сібір әскері үшін алым алынбайтын болды.
Егіншілікпен айналыспақшы болған әрбір қазаққа жан басына 15 десятинадан, ал сұлтандар мен болыс басқарушыларына екі есе көп егістік жер бөлінді. Бұл үлесті жерлер кейін олардың меншігіне көшетін болды. Жайылымдарды өз бетімен басып алудың қандайда болса да тыйым салынды.
Сонымен, XIX ғасырдың ортасына қарай Қазақ даласын аумақтық жайғастырудың бірінші кезеңі аяқталды. Ал аумақ ұлан-байтақ болатын: ол солтүстігінде Сібір казак шебінің оң қанаты деп аталған Горькая шебімен; шығысында Ертіс бойымен казак шебінің сол қанатымен, сонан соң қытай бекеттік шебінің 800 шақырымын бойлап, Алатау жотасымен және Шарын өзенімен; оңтүстігінде даладан Күнгей Алатау жотасы, Шу өзеніне құятын Далақайнар өзені бөліп тұрған қырғыздар жерімен және Шудан Телікөл-Тата көліне дейін шектесіп жатты. Батысында Орынбор ведомствосының жерімен шектеседі, олардың арасындағы шекара Телікөл-Тата көлінен (Ташкентке дейін) Көкалажар мүйісі мен Сарысу өзеніне дейін, содан соң Тоқымтыққан алқабымен, Майтөбе, Байқоңыр, Қайыңтөбе тауларымен, Сарытау, Ұлытау, Үшқашыл, Жақсы Арғанаты, Қу тауларының маңынан, Есіл аңғарын Торғай даласынан бөліп жатқан тау жотасымен, Бұрықтал. Обаған өзендерімен, Теңіз көлімен (Құсмұрын көлімен) кең далалы көктей өтіп, Алабұғаның жоғарғы ағысына дейін және онымен жүре отырып, Алабұға бекінісіне дейін жетеді.
Қазақ даласының ауданы (Орта жүз жері) 1 055 800 шаршы шақырым болған, мұның өзі 150.8284/7 географиялық миль, яғни 109 979 1663/3 десятина болады.
Жерді қызмет сіңірген, отаршылдық саясат жүргізудегі өзінің сүйеніші казак сословиесіне заң жүзінде бекітіп бергісі келген император нақ сол 1854 жылғы 10-қазанда «Сібір шептік (линиялық) казак әскері полктерін Станицалық Басқармаларға тіркеу туралы ережені» бекітеді. Ол біз үшін қазақ руларының едәуір көп болған казак полктары жеріне орналасуын қарастырған кезде маңызды болмақ. Деректемелерде белгілі бір полк жерінде көшіп жүретін ру жиі көрсетіледі. Көшіп жүретін жерлерді белгілі бір полкке жазылған станицалар бойынша анықтауға болады. Сондықтан да полктерге не жазылғанын көрсетіп өту қажет.
1-полк: Көкшетау, Қотыркөл, Шалқан, Лобанов, Арықбалық, Төменгі Бөрлі станицалары; 2-полк: Атбасар, Жақсы, Жалғызтау, Ақмола және Ұлытау станицалары; 3-полк: Песчаная, Преснегорьков, Кобан, Островская, Преснов, Новорыбинск станицалары; 4-полк: Сенокор, Становая, Новоникольская, Большевознесенская, Архангельская, Петропавл станицалары; 5-полк: Плоская, Полуденная, Лебяжье, Лосев, Николаев, Мельничная, Омбы, Ашайыр, Покров, Қызылбас, Черлаков, Больше-Ачинская станицалары; 7-полк: Черметон, Железинка, Песчаная, Черпорецкая, Коряков, Лебяжье, Семияр станицалары; 8-полк: Долой, Семей, Оба, Краснояр, Өскемен, Северная станицалары, Бұқтырма және Мало-Большенарым бекіністері; 9-полк: Бобров, Верх-Алейская, Тигирецкая, Шар, Мазгальевская, Антольевская, Терская станицалары; 10-полк: Қапал, Аягөз және Көкпекті станицалары.
Қазақтардың пайдалануынан көлемі едәуір жер тартып алынды.
Басыбайлылық құқығы жойылғаннан кейін (1861) Ресейде аграрлық дағдарыс жыл өткен сайын асқына түсті. Патша өкіметі оны ауыл шаруашылығында капиталистік даму жолына түсе отырып, шет аймақтардағы байырғы тұрғындардың, соның ішінде қазақтардың да жерін тартып алу есебінен шеше алатын еді. Бірақ өзінің отаршылдық саясатын нәтижелі жүзеге асыру үшін патша өкіметіне қазақ жерлерін басқаруды орталық Ресейдің әкімшілік орындарымен сәйкес келтіру қажет болды.
Осы арқылы патша өкіметі жайылымдар мен жерді пайдаланудағы рулық негізді біржола жойғысы келді, қазақтарды әкімшіліктің жоғары және орта буындарындағы басқару ісінен шеттетуге, мемлекеттік (кабинеттік) жер қорын құрып, оны аграрлық дағдарысты шешуге және т. б. пайдаланбақшы болды.
1868 жылғы 21-қазанда «Орынбор және Сібір ведомстволарының қырғыз далаларын, Орал және Сібір казак әскерлерін басқаруды өзгерту туралы ереже» енгізіліп, соның нәтижесінде төрт облыс: Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары құрылды. Орта жүз қазақтарының негізгі көпшілігі соңғы екі облыс құрамына енді.
1882 жылғы 18-мамырда Батыс Сібір генерал-губернаторының қызметі мен Батыс Сібір бас басқармасы Кеңесі жойылып, оның орнына Омбы қаласында орналасқан Дала генерал-губернаторының қызметі құрылды.
Дала генерал-губернаторлығының құрамына Ақмола, Семей, Жетісу облыстары енді, бұл орайда соңғысы Түркістан генерал-губернаторының қарауынан алынды.
Ресей мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара да сол жылдары белгіленді. Мұның өзі сайып келгенде осы мемлекеттерге тиісті аумақ пен халықты анықтап берді.
Сонау 1830 жылдың өзінде Көкпекті округін ұйымдастыру кезінде орыс әскерлері Көкпекті өзенінде қытайлармен қақтығысып қалған еді. Қазақтар «өздерінің кімге, қытайларға немесе орыстарға қарайтынын осы кезге дейін білмейтін» жағдай қалыптасты.
Бірқатар себептерге сәйкес соғыс қақтығыстары болмай қалды: Тайпин көтерілісі (1850-1873) мен есірткі соғыстары (1840-1850, 1851-1861) Циндік Қытайда экономикалық және саяси берекесіздік туғызды. Бірақ бәрінен де ірі мәнге ие болған 1864 жылғы Шығыс Түркістандағы көтеріліс еді, соның нәтижесінде Іле озені аңғарында және Қашғарияның алты қаласында (Алты шаһар) орналасқан қытай гарнизондары жойылып жіберілді.
Осы сәтті пайдаланған орыс әскерлері 1871 жылы Іле (Қүлжа) өлкесін жаулап алды.
1864 жылғы көтеріліс нәтижесінде пайда болған феодалдық құрылымдар (Дүнген, Ұйғыр, Қашғар әмірлігі) өзара қырқыстарға ұшырап, сайып келгенде олар Қытай әскерлеріпнің соққысынан құлады.
Қытаймен жанжалға барғысы келмеген Ресей 1879 жылы Құлжа өлкесінен кетіп, 1881 жылы Санкт-Петербург шарты жасалды, ол бойынша Іле өлкесінің батыс бөлігі, яғни ежелгі қазақ жерлері Ресей жағында қалды. Бірақ Қытайдың да үлесіне аз тиген жоқ: өйткені өлкенің Қытай жағында қалған шығыс бөлігінде Найман руының 5000-дай қожалығы, яғни 20000-дай адамы бар 12 болысы (сыбан, байжігіт, қызай) көшіп жүретін еді. Сөйтіп бір халықты екі империя екі бөлікке бөліп алды.
Жалпыресейлік басқару жүйесіне түпкілікті көшу 1891 жылғы 25-наурыздан («Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» күшіне енген кезден) жүзеге асырыла бастады.
Осы «Ереже» бойынша Ақмола облысы Омбы, Атбасар, Петропавл, Ақмола, Көкшетау уездеріне; Семей облысы Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездеріне бөлінді.
Бұл облыстарды, сондай-ақ Жетісу облысын басқару Дала генерал-губернаторының қарауында қалдырылды.
Облыстық басқару әскери губернатор мен облыстық басқарманың қолына шоғырландырылды.
Облыстардың отырықшы тұрғындары да, көшпелі тұрғындары да селолық мещандар құқықтарын пайдаланды.
Әрбір уезде көшпелі халық болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Шаңырақ иелерінің саны болыстарда екі мың шаңырақтан, ауылдарда екі жүзден аспауға тиіс болды.
«Ережеге» сәйкес, болыстар мен ауылдар рулық белгісі бойынша емес, қайта «жерді бірлесіп пайдалану» принципі бойынша құрылады. Жер мен орман мемлекеттік меншік деп танылды және көшпелілердің мерзімсіз қоғамдық пайдалануында қалдырылды. Егін салу мен шөп шабу барынша көтермеленіп, ол үшін жекелеген шаруашылықтарға қыстаулар мен жайлауларда арнайы учаскелер бөлінді.
Көшпелі халыққа «шаңыраққа немесе осыған ұқсас қандай да бір үй-жайға..» төрт сомнан салық салынды.
Көшпелі және отырықшы халықты жерге орналастыру үшін XIX ғасырдың екінші жартысы мен әсіресе соңғы ширегінде әр алуан жерге орналастыру топтары жұмыс істей бастады. Олардың міндетіне бір көшпенді шаруашылыққа, ауылға, болысқа арналған жер нормасын белгілеу, әсіресе көшпенді халықтағы «басы артық» жерді анықтау енді. Жерге орналастыру топтарындағы патша шенеуніктері көшпелі шаруашылықты жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктерін білмей, маусымдық жайылымдар көлемін кесіп тастап, бұл орайда таңдаулы учаскелерді қазақ қауымдарының қарамағынан тартып алып отырды. Көптеген жағдайларда бұл әдейі істелді Ресейден, Украина мен Белоруссиядан келген жаңа отаршыларға жер қажет еді.
Келімсектерді орналастыру жөніндегі комиссияға қатысушылардың біреуі міне, былай деп жазған: «Орыс қоныстанушылары жаңа өлкеге өз отанының ұғымдарымен, пиғыл-дағдыларымен келеді. Олар қырғыздардың (қазақтардың М. М.) көшпенді мал шаруашылық тұрмысын мүлде түсінбейді, сондықтан олардың жерінің біршама көп болуы қоныстанушының ашу-ызасын келтіріп, осы бір «патшаға солдат бермейтін» және «аң сияқты інде тұратын» адамдар «біздің мырзаларымыздағыдан көп жерді» пайдаланып отыр деседі. Сондықтан қоныстанушылар қырғыздар шабындығынан шөп шауып, жаздыгүні иесіз қалған қырғыз құрылыстарының ағаштарын тасып әкетуді, қырғыз қыстауларын қыстыгүні борандардан қорғайтын тоғайларын кесіп, олардың ата-бабаларының қабірлерін тонауды әбес деп санамады. Бұдан асырып айту қиын!
Егер бұған Сібір шебінің 10 казак полкіне алынған жерді, сондай-ақ қазыналық жерді және 10 шақырымдық өңірді қосатын болсақ, қазақтардан қандай көлемде жер тартып алынғаны және әлі де қандай көлемдегі жерді тартып алу көзделгені айқын болады.
Сонымен, XIX ғасырдың аяғына қарай Қазақстандағы, соның ішінде, Орта жүзде әкімшілік-аумақтық құрылыс негізінен аяқталды.
Семей облысының құрамына бұрыннан бар мына округтердің жерлері: Семей ішкі округі; Көкпекті, Баянауыл және Қарқаралы сыртқы округтері кірді; Аягөз сыртқы округінің едәуір бөлігі Жетісу облысының құрамына, ал аз бөлігі Семей облысына тиді (Зайсан ойпатының оңтүстік бөлігі мен округтің шығыс бөлігі Шыңғыстауы).
Ақмола сыртқы округінің Баянауыл және Қарқаралы сыртқы округтерімен шектес шығыс аудандары (Ерейментауға және Нұра өзенінің бас жағына дейін) Семей облысына қосылды.
Ақмола облысының құрамына Ақмола, Көкшетау, Атбасар сыртқы округтері енді. Аумақтары қазақ округтеріне кірмеген жаңа әкімшілік өлшемдері де: Семей облысында Павлодар уезі (Қазақстанның солтүстік-шығысы), Ақмола облысында Омбы және Петропавл уездері (Қазақстанның солтүстігі) құрылды.
Семей және Ақмола облыстары арасындағы шекара Ертістен (Железинкадан сәл солтүстікте) оңтүстікке қарай Шу өзеніне және солтүстік Балқаш өңіріне дейін өтті. Ақмола облысының батыс шекарасы Обаған өзенінің бойымен Торғайдың бас жағымен өтіп, Телікөл мен Шу өзеніне дейін жетті.
2. Орта жүз ру-тайпаларының орналасуы
Қазақтардың тіршілігі үшін негізгі өнімдер мен шикізатты (тамақ, шикізат т. б.) беріп отырған мал шаруашылығы жыл бойы маусым бойынша жайылымды ауыстырып отыруға негізделген еді. Осындай көшпелі өмір салты рулар мен тайпалардың орналасуын анықтап, дәстүрлі көшіп-қону жолдарын орнықтырды және белгілі бір рулар мекендейтін жерлерін белгілеп берді.
Рулардың орналасуына ішкі (жайылым үшін руаралық даулар) және сыртқы (басқа халықтың басқыншылығы) оқиғалар да ықпал жасады.
XVIII ғасырда қазақ тайпалары көпшілігінің қоныс аударуында жоңғарлардың шапқыншылығы мен оларға қарсы күрестің едәуір мәні болды. Екінші тарауда қазақ тайпаларының батысқа көшуі мен жоңғарлардың қуып шығарылуына байланысты олардың ежелгі жайылымдарына қайтып оралуы айтылған болатын. Осы бір көшіп-қону жағдайы рулардың кейде өздерінің бұрынғы жайылымдарына, кейде жаңа қоныстарға орналасуымен қабаттасып отырды. Жайылым үшін руаралық даулар бір руды екінші бір ру ығыстыру, жерін тартып алу оқиғалары жиі кездесетін еді, яғни ХVIII ғасырда жаңа жерлерге көшіп кету мен көшіп бару сирек болмаған.
Бұл ретте қоңыраттардың көшіп кетуі жөнінде болмаса (ол жөнінде кейінірек айтылады), XIX ғасырда рулар мен тайпалардың бұлайша көшіп-қонуы кездесе бермейді.
Егер XIX ғасырдың бас кезінде рулардың орын ауыстыруы әлі де аңғарылатын болса, олардың орналасқан жері жыл өткен сайын жеке меншігіне айнала түседі. Бұған сыртқы агрессияның болмауы ғана емес, сонымен қатар орыс әкімшілігінің жерді белгілі бір руға, қауымға заң жүзінде бекітіп беруі де себепші болды. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен жерді тартып алуына байланысты жайылымның барған сайын тарыла түсуі себепті қазақ руларының жерді көбірек қамтып қалуға ұмтылуы да әсер етпей қойған жоқ.
Орыс әкімшілігінің әр түрлі мекемелерінің архивте сақталған құжаттары мен билеуші сұлтандардың хабарлауына қарай отырып, рулар мен тайпалардың қоныстарын, сонымен бірге мекендеген жерін де белгілі бір аумаққа (болысқа, округке, облысқа) бөлуге болады.
Бір ретте тайпа, оның рулары кең-байтақ аумақты (мысалы, Қарқаралы округін) алып жатады, басқа бір жағдайда олар бүкіл Қазақстан бойынша бытырап жүреді.
Төмендегі материалдар, бұрынғысы сияқты, жеке тайпалар бойынша баяндалады. Мұның өзі тайпа мекендейтін негізгі аймақты анықтап, оның кейбір руларының басқа жерлерге көшіп кету себебін мүмкіндігінше ашып көрсетуге жағдай туғызады.

XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ, он сегізінші ғасыр, он сегизинши гасыр, он тогызыншы гасыр, оң тоғызыншы ғасыр, жиырмасыншы гасыр, жиырмасыншы ғасыр, орта жуз, орта жүз, ру, тайпа, шежире туралы, шежіре, дәстүр, дастур, текст,сөзі,сөздері,создери
0 0 дауыс
Жазба рейтингі
Достарына жібер:
Жазылу
Хабар беру
guest
0 Пікір
Inline Feedbacks
View all comments