Ойын-сауық порталы

КЕРЕЙ
Таңбасы абақта  , ашамайлыда  , ұраны «Ошыбай». Керейлер де Орта жүздің ең ірі тайпаларының бірі, олар туралы мәліметтер XIII ғасырдағы монғол деректерінде, Рашид ад- Диннің шежіресінде және басқа деректемелерде кездеседі.
Қазақ халқының құрамына енген басқа тайпалармен қатар, керейлер де халықтың әскери-саяси тарихына, оның экономикалық, әлеуметтік, рухани қалыптасуына белсене қатысты. Жоғарыда аталған этникалық құбылыстарға байланысты бұл тайпаның жекелеген рулары өздері мекендейтін негізгі аймақтармен қоса басқа тайпалардың, тіпті басқа жүздердің аумақтарына да қоныстанды.
Рулық бөлінісі жөнінен керей тайпасы екі ірі: ашамайлы және абақ бірлестіктерінен тұрады. Ашамайлылар Шыңғыс-ханның күшейе түскен монғол державасы мен керейлердің (керейіттер) қақтығыстары кезеңінде шығыс аймақтардан Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударған керейлер. Абақтар монғолдар қолының қысымымен солтүстік-батыс Монғолияға кеткен керейлердің Шығыс Қазақстан аумағында қалған үлкен бір бөлігі.
Бұл бірлестіктердің атауы таңбаларының бейнесінен: ашамайлы «ашамай» X (түйеге салатын ер) таңбасынан шыққан, ал абақтардың таңбасы «абақ таңба» «эф» әрпі тәрізді. Оның мәні беймәлім.
Түркі тілдерінде «омак», «умак», «обак» және монғол тілінде «обок», «обох» деген сөздер қандас туыстардың өзінше бір одағы ұғымын білдіреді. Абақ керей дегеніміз қапдас туысқан керейлер одағы деп жорамалдауға да болады.
Сондай-ақ, халық арасында Абақ-ана туралы да аңыз кең тараған. Абақ керей тайпасы сол анадан тарағаны, ол ана XVI-XVII ғасырда өмір сүрді деген тарихи дерек те бар…
Керейлердің жалпы тайпалық таңбасы зерттеушілердің анықтағанындай, айқыш сызық (+) болып табылады, олардың айтқандарын ел арасынан жиналған материалдар да қуаттап отыр. С. А. Аманжолов пен Ниязов өз зерттеулерінде керейлердің мынадай: екі таңбасын келтіреді, бұл орайда біріншісін олардың негізгі таңбасы деп санайды. Ал ел арасынан жиналған далалық этнографиялық материалдар таңбаның алғашқысын теріске шығарады және керейлердің таңбасы белгісі болғанын, сирек болса да белгісінің кездесетініи көрсетеді.
Керейлердің жалпы тайпалық ұраны «Ошыбай». Керей тайпасыпың рулық құрылымы далалық материалдар мен этнографиялық деректерге қарағанда 5-кестеде көрсетілгендей болып келеді.
Тарихи-этнографиялық әдебиетте керей тайпасының ірі тармағы Абақ туралы мәліметтер сирек ұшырасады, бірқатар зерттеулерде олардың негізгі рулары ғана атап өтіледі. Мұның себебі, Абақ руларының Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударуынан болса керек.
«Абақ», «обох» атауының монғол сөзі екені және «қандас туыстар одағы», яғни ру дегенді білдіретіні жоғарыда айтылады. Халық арасында қазақ тайпаларының, руларының, соның ішінде абақ-керейлердің де шығу тегі туралы төмендегідей аңыз айтылады. Кез келген генеалогиялық негіз сияқты, төменде келтірілетін аңыздың да мифологиялық сипаты бар және бір-бірімен араласып кеткен сансыз көп нұсқалардың бірі болып табылады. Бірақ мұндай шежірелердегі басты нәрсе сол оларда халықтың этникалық сана-сезімі сақталады және руды құрайтын ұрпақ өкілдері өзгеріп, белгілі бір тайпаға жатқызады. Мұндай аңыздардан қазақ тайпалары мен руларының сандық құрамын, шығу тегін айқындап беретін мәліметтер табуға болады.
Аңыз бойынша Байқұтанның үш әйелі болған: бәйбішеден Арғын, Найман, тоқалынан Уақ, Керей, үшінші әйелінен Қоңырат, Қыпшақ туған.
Бұл шежіреге қарағанда Уақ Керейдің ағасы, керейлермен көшіп-қонып жүрген, солардың арасында ерекше сый-құрметке бөленген.
Керейдің, аңызда айтылатындай, Абақ атты сұлу да ақылды әйелі болған. Осы әйелінен Әбілғазиз есімді ұл туған. Көп кешікпей Керей өледі де, Абақ жеті жасар баласымен жесір қалады.
Әмеңгерлік жолымен Уақ Абақты әйел етіп алмақшы болады, бірақ батыл, ақылды, сұлу әйел оған көнбейді. Уақтың күдерін үзу үшін ол ұлын балаларға арналған ашамайлы ермен ерттелген атқа отырғызып, Ұлы жүздің үйсін тайпасындағы төркініне кетіп қалады. Бұл жердегі қазақтарға мұсылман дінінің қанат жая бастаған кезі екен, үйсіндер арасында шыққан тегі өзбек Қарақожа имамның ықпалы зор болған деседі. Бірде алдап-арбап, енді бірде қорқытып, сол имам Абақты өзіне тоқалдыққа тиюге мәжбүр етеді. Осы некеден ұл туып, шешесі оны бұрынғы күйеуінің есімімен Керей деп атайды.
Ер жеткен соң Әбілғазиз өгей әкесімен сыйыса алмайды. Ол шешесі Абақты алып, Сарыарқаға көшіп кетеді.
Уақыт өте келе Әбілғазиз көркем, он саусағынан өнері тамған, шешен де тапқыр жігіт болып өседі, сол үшін оған «шешен» деген ат беріледі. Осы аңызға қарағанда ашаманлы- керейлердің арғы атасы Абақтан таратылады.
Жоғарыда келтірілген аңыз тарихи жағынан анық нұсқа ретінде емес, керісінше, мифтік болғанымен, керейлердің тегі туралы, сол заманның этникалық сана-сезімі мен идеологиясы туралы айтылатын этнографиялық дерек ретінде қарастырылады.
Бірқатар аңыздарда Орта Азия дан шыққан «сарт» этнонимінің өкілдері туралы айтылады. Сонымен қатар, Орта Азияның қазақ даласына қоныстанып, қазақ қыздарына үйленген сарт саудагерлері де «шала қазақтар» (жартылай қазақтар) деп аталатып тұтас бір топ қалыптастырған. Бұл көрініс ғасырлар бойы көршілер арасында этникалық байланыстардың орын алып келуінің айқын куәсі.
Жоғарыда келтірілген аңыз халықтың фольклорлық мұрасы ретінде кейбір рулардың халықтық этимологиясын (мысалы, керей тайпасының ашамайлы руы), ұлттық әдетғұрыпты (әмеңгерлік), әр түрлі жүз өкілдері (керей мен үйсін) арасындағы қыз алысуды және т. б. этнографиялық жайттарды анықтап береді, Аңызда келтірілген түрлі таксономиялық құрылымдардан керей тайпасының Абақ сияқты ірі бөлімінің аталық (патрилиниджи) және аналық (матрилиниджи) жағынан шығу тегін анықтауға болады.
Иван Лапин мен Мансұр Асанов өздерінің Әбілмәмбет ханға сапарын (1843 жылғы тамыз) суреттей келіп, былай деп жазады: «Орскіден жүріп кеткеннен кейін әуелі біз Ералы сұлтанға қарасты Қерей руымен жүріп отырып, төртінші күні Ералы сұлтанға жеттік…». Осы жазбаға қарағанда, керейлердің қоныстары Орск бекінісінен оңтүстікке қарай кең байтақ жерді алып жатқан (төрт күндік жол). Осы хабарда шіліңгір ыстық күндері жайылым шөбінің күйіп кетуі себепті Ералы сұлтан өз қауымдарымен бірге «ең жақсысы Ор немесе Ырғыз бойында» көшіп жүргісі келеді.
Нұралы ханның Орынбор генерал-губернаторы Н. Неплюевпен әңгімесінің (1749 жылғы 11-25-шілде) жазбасында да «керей руы» және олардың билеушісі Ералы сұлтан туралы хабарланған.
Тілмәш Ф. Гордеевтің Троицк бекінісінің коменданты П. Роденге рапортында (1761 жылғы 3-шілде) Тұрсынбай батыр ақсақалдың «Семей бекінісі тұсында көшіп жүрген… » және Алабұға өзені бойын мекендейтін Сағындық мырзаға қарасты Керей руының қазақтары туралы айтылады. Б. Тұраев, С. Мәмбетов деген қазақтардың жазбасында да (1768 жылғы наурыз) Сағындық мырза керейлерінің қоныстары «Усть-Үй бекінісі маңында…» делінген.
Г. Волконский керейлер орналасқан жерлер туралы төмендегіні хабарлайды.
Керей руының екі атасында 1000-ға тарта шаңырақ бар. Үй және Тоғызақ өзендері бойын қоныстайды. Қыс айларында Верхноуральскіден Дала бекінісіне дейінгі шеп маңында және сол бекіністер тұсындағы далада қыстайды.
Керей руының төрт атасында 4000-дай шаңырақ бар. Жаздыгүні Есіл өзенінің шығыс жағында көптеп жүреді. Ал қыста Звериноголовск, Преснегор бекіністерінің тұсында, Обаған өзені бойындағы далада қыстайды.
Жоңғарларды қуып шыққаннан кейін қазақтар, соның ішінде, Керей тайпасының рулары да өздерінің шығыстағы жайылымдарына оралады. Бұл XVIII ғасырдың екінші жартысындағы құжаттарда көрсетілген. Өскемен бекінісінен бастап Ертісті бойлай керейлер бірнеше жерге жинақы орналасты.
2 бөлікке бөлінген 1-Сыбан-Керей болысы жаз кезінде Шар-Құрбан және Қызылке өзендеріндегі Оба форпостысы тұсын жайлайды, ал қыстыгүні Ертіс өзені бойындағы жайылмалар мен аралдарды қыстайды.
2-Ақымбет-Керей (Ақымбет руы М. М.) 2 бөлікке бөлінген. Жаз кезінде шептен жүз шақырымдай алыстап, Шарқұрбан өзені бойымен Тарбағатай тауына және Қызыл шелек көліне кетеді; ал қыстыгүні Ертіс өзені бойында жайылмалар мен аралдарда, көбінесе Шульба форпостысы тұсында көшіп жүреді.
Семей бекінісінен Ертіс бойымен төмен қарай:
1-Шоқбатар-Керей (Шоқбатар руы М. М.); қонысы Ертіс өзені бойында әр жерде, бірақ көбінесе Талицк форпостысынан Семей бекінісіне дейін және бекіністің тура тұсындағы Семейтау.
7- Сыбан-Керей болысының алыс бөлігі, қонысы Пяторыжск станицасы маңында.
8- Керей болысының Құмары (Құлсары руы болар М. М.) деп аталатын жеке бөлігі басқа болыстармен араласып, Ертіс өзенінің бойында Железинка бекінісіне дейін көшіп жүреді.
Железинка бекінісінен Омбы бекінісіне дейін және соңғысынан Тобыл шебіне дейін керейлер арғындармен (Атығай руы) және қышпақтармен араласып бірге жүреді.
Сырдария бойынан, Арал жағалауы мен Түркістан төңірегінен жоңғарларды Қазақстан шегінен қуып шығу кезеңінде тайпалардың жалпы қоныс аударуымен бірге керейлер шығыс пен солтүстікке бет алған. Көштің бүкіл бойында кей жерлерде жақсы жайылымдар кездесіп, кейбір рулар соларға орын тепкен де, қалғандары ілгері кеткен. Мысалы, Босай, Бекназар аталары Шұбартау алқабында қалып, қалғандары Аягөз өзенінен әрі асып, Семей бекінісі жағына қарай көшкен, сөйтіп оған шамамен екі күндік жер (15 шақырымдай) жетпей, Үшқарауыл деген жерге тоқтаған. Ал онда әлі де жоңғарлар бекеті бар еді.
Халық аңыздарында жоңғарлардың қуып шығарылуы мен қазақ руларының шығысқа қарай қоныс аударуы Абылай хан серіктерінің бірі Жәнібек батырдың есімімен байланыстырылады. Жәнібек батыр бастаған қазақ жауынгерлері жоңғарларды барған сайын тықсыра қуып, ақырында оларды Маңырақ тауынан Қызылсу өзенінің арғы жағындағы Сауыр жотасы жүйесіне асырып жіберген. Сөйтіп, Керей рулары осы тауға қоныстанған. Сіргебаев Нұржақынның (1892 жылы туған) айтуына қарағанда, бұл жерлерге оның тәртіпті атасы келген, демек, керейлер бұл жерлерге XVIII ғасырда келіп ірге тепкен.
К. Струве мен Г. Потанин былай деп жазған: жоңғарлар қуып шығарылғаннан кейін «бұл жотаны (Сауыр М. М.) қырғыздар (қазақтар) өте тез арада мекенден алды, 1780 жылы біз қырғыздарды Қабырғабазар өзені бойынан кездестіреміз, олар атап айтқанда, сол кезде Қожаберген бастаған және 1750 жылға дейін Шарқұрбан өзенінің шығыс жағында көшіп жүрген керей руы… Қырғыздардың ең шығыс қоныстары Шарқұрбан, Бақанас өзендерінің бойында болған. Өткен ғасырдың ортасынан осы кезге дейін қырғыздар Сауыр шебіне шектес Қапасқа дейін жылжыған, бұл 300 шақырымдай болады».
Жамкенов Жұртыбай (1901 жылы туған) мен Сымтықов Беғалының (1904 жылы туған) деректеріне қарағанда, Маңырақ тауы мен оның төңірегіне абақкерей тармағы және оның Қойлау, Байлау, Жәдік, Жастабан, Меркіт деген рулары (5кесте) қоныстанған.
Керейлер Маңырақ тауынан да солтүстікке көшкен. Олар азынаулақ қауым болып Ұлан өзенінің бойында, Шыңғыстай тауында, Ертістің оң жағалауындағы Белағаш даласының Жалқарағай деген жерінде қыстап, жайлаған.
Керейлер сонымен бірге Ертістің батыс жағындағы Қызылтауда арғындармен шектес те тұрған.
Аңыздарға қарағанда, XVIII ғасырдың бас кезінде Ақмоладағы Есіл өңірінде Есенберді және Есенбақты (5кесте) басқарған керейлер мекендеген. Олар жалпы рудың негізін салушы Ақсарының немерелері еді. Ағайындылар арасында дау туады да, үлкені Ертіске көшіп барып, өз қауымдарымен Кеңтүбек алқабына қоныстанады. Есенберді солтүстікте мөлдір көлдер мен жақсы жайылым барын естіп, оның рас өтірігін анықтау үшін шөлғыншылар Ихібереді. Шөлғыншыларға Үлкенқарой көлі ұнап, соған өз қазығын қағады, яғни, даладағы дәстүр бойынша, осы жерлерді өздеріне бекітіп алады. Кейін Есенберді тармағы нақ осы жерге келіп қыстаған да, жаздыгүні солтүстікке қарай көшіп жүрген.
XVIII ғасырдың бас кезінде Баянауыл тауы мен Ерейментаудан және XIX ғасырдың орта шенінде Қалмаққырған тауынан басқа керей рулары(аталары) да осы жерлерге келген. Кенесары көтерілісі жылдарында кейбір Керей рулары Ақмоладағы Есіл өңірінен көшіп, Үлкенқарой, Теке көлдерінің төңірегіндегі жайылымдарға келіп қоныстанған.
Алайда керейлердің негізгі көпшілігі орталық және солтүстік Қазақстанды мекендеді. Ақмола даласына келгеннен кейін олар орманды тауларға, Сілеті өзені бойындағы ормандарға, оның жартасты жағаларына ірге тепті.
Кенесары көтерілісі кезінде олардың бір бөлігі онымен бірге оңтүстікке, ал басқа бір бөлігі солтүстіктегі орыс бекіністеріне қарай кеткен. Алайда бұл көтеріліс керейлердің Ақмола даласына, таулары мен жазығына қоныстануы тоқтатқан жоқ. Олардың қоныс аударуы өздерінің Ертіс өңірі жайылымдарынан, Омбы өңірі көлдерінен ығыстырылып шығарылуына байланысты ерекше күшейе түсті. Көшпенділердің шығыстан және солтүстік шығыстан қоныс аударуының жедел болғаны сонша, орыс шенеуніктері бұл кезеңді «керей кезеңі» деп атап кетті, өйткені сол кезде құрылған 81 қауымның ең көбі (32 қауым) керейлер қауымдары еді. Керейлердің бұлайша көтеріле көшуі өз руластарының санын көбейту есебінен өз биліктерін нығайтуға ұмтылған Құрсары руынан шыққан Нөкербек және Тұрлыбек Қошанов (5кесте Құрсарыдан алтыншы буын) сұлтандардың есімдерімен байланыстырылады.
XIX ғасырдың 40 жылдарындағы мәліметтерге қарағанда, керейлер Ақмола, Аягөз, Қарқаралы, Көкпекті, Үшбұлақ және Аманқарағай сыртқы округтері мен Семей, Омбы ішкі округтерінің жеріне қоныстанған.
Осы болыстардың бәрі Ерейментаудың солтүстік беткейінде, Сілеті өзенінің бойында, одан әрі солтүстік батыста Мамай, Итемген көлдеріне дейін көшіп жүрген. Болыстардың атауларында Ақсары және Құрсары (5кесте) руларының аталарына ат берген есімдер (этнонимдер) бар.
1843 жылы Көкшетау приказынан Ақсары керейлердің 1 ауылы (15 шаңырақ) және Құрсары керейлердін 7 ауылы (167 шаңырақ) берілді. Бір ауылдан басқаларының бәрі Ертіс бойында: Ақсары керейлер Семияр және Кривой станицаларының төңірегінде; Құрсары керейлер Осморыжская станицасына жақын Ертіс бойында, 7ші казак полкінің, Бобров станицасының жерінде, Шарлақ және Айтмас станицаларының тұсында көшіп жүретін еді. Бұл жердің бәрі Омбы округтік приказының қарамағында болатын. Тек 1 ауыл ғана (11 шаңырақ) Ақмола округі шегіндегі Қын алқабын мекендеген.
Барлық болыстардың біреуі (4ші) ғана Ақсары руының және оның Есенбақты атасының өкілдері (5кесте) ал қалғандары Құрсары руының бірнеше ұрпақтары деңгейлерінен құралған.
Округтегі көшпенділер екі руға: Сибан және Ақсары рулары мен соңғысының Ақымбет, Әжі деген аталарына жатады (5кесте).
Бұл рулардың өкілдері Көкпекті сыртқы округінде де қоныстанған. 1839 жылғы деректер бойынша, округте керейлердің мынадай екі болысы болған: Ақымбет Керей 170 ауыл (700 шаңырақ) Делбегетай тауында қыстап, жаз кезінде Қызылсу өзеніне көшіп жүрген; 100 ауылдан (400 шаңырақ) тұратын Сибан Керей болысы Доғалы және Көрке тауларында қыстап, жаз кезінде Қызылсу өзені бойындағы Арқат алқабын жайлаған.
Рубасыларынан түскен өтініштерге сәйкес, 40 жылдар бойы Керей аталары Көкпекті округінің құрамына қосылған. 1840 жылы Ақсары руының Әя және Ақымбет деген екі атасы Ресей бодандығына кіріп, осы округке берілді. Олар 1623 адамы бар 6 ауыл (370 шаңырақ) құрамында Керей болысын құрған.
1849 жылы Сибан руының 83 шаңырағы Көкпекті округінің 28ші болысына (19кестені қараңыз) қосылып, жаңадан Ақымбет Сибан Керей болысы болып құрылған. Алайда көшіп қонатын жерлері мен жайылымдары бұрынғысынша округ жерінен, тіпті Қазақстан шегінен тыс болып қала берген. Олар Бийск округі, Колыван болысының Гилев, Карпов және Трусов деревияларының төңірегінде болды.
Көкпекті округіне қосылған 76 шаңырақтан тұратын бір ауыл Белағані даласындағы, Ертіс өзенінен шығысқа қарай жатқан Қараөзек алқабында Локтев заводы маңында көшіп жүрген.
Қарқаралы округінде 10 ауылдан тұратын бір Керей болысы мекендеген, оның құрамында 4960 адамы бар 1143 шаңырақ болған.
Қарқаралы керейлерінің қыстаулары Шоқмантас, Құсмұрын, Аршалы, Көкшетау, Тұлпар және т. б. өзендер бойындағы көптеген аңғарларға орналасқан. Жаздыгүні Дегенделді өзенінің бойына, Талдының бас жағына көшкен.
Бұл округте түрлі таксономиялық жіктердің қауымдары мекендеген. Егер Сибан, Көшебе мен Балта бір этнонимнен (Танаш) тараған бір деңгейдегі ағайындылар болса, Самай мен Матақай жоғарыда аталғандардың бауыры Тарышының шөберелері, яғни олардың таксономиялық Яхіктері негізгі рулық жіктерден үшінші ұрпақ (5кесте). Мұның өзі рулардың өсу, олардың бөлшектену, жаңа топтарға бірігу процесі және туыстықтың жаңа энонимінен (мысалы, Самай мен Матақайдан) есептеле бастауы қазақтың рулық тайпалық құрылымы жүйесінде әлі де жүріп жатқанын тағы да дәлелдейді.
1844 жылы Аманқарағай округі негізінде Құсмұрын сыртқы округі құрылды.
Егер соңғы екі кестеде келтірілген мәліметтерді салыстыратын болсақ, 11 жыл ішінде үш болыс, 582 шаңырақ кеміп кеткен. Бұл жайылымның жетіспеуі салдарынан болтай, яки отаршылар кейбір руларды жаңа жайылым іздеп, округтен тыс жерлерге көшіп кетуге мәжбүр етті. Орынбор шекара комиссиясының мәліметтерінде дәл сол 1851 жылғы ведомоста көрсетілмеген Балта және Көшебе рулары туралы айтылады да, олар енді Орынбор ведомствосының жерінде, оның Шығыс жағында көшіп жүреді делінген. Керейлердің Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысқанын да ескермеуге болмайды, оның қосынында Аманқарағай округінің 2000 қазағы, оның ішінде керейлер де болған.
Қазақстан жерінде облыстардың құрылуына байланысты (1868, 1891 жылдардағы реформа) керейлердің ең көлемді жер алқаптары Ақмола облысының аумағында, одан азырағы Семей облысында болып шықты да, басқа облыстар құрамында жекелеген қауымдары болды.
Ақмола уезінде Құрсары руы шығысында Сілеті өзенінің бойында, одан әрі батысқа қарай Ащыкөл мен Қанжығалы көлдеріне дейінгі қең даланы мекендеген, ал мұның өзі рудың оңтүстіктегі шегі болған. Құрсарылардың иелігі сол жерлерден басталып, солтүстікте Итемген, Мамай көлдеріне дейін және ру иелігінің солтүстік шекарасы Ақсу өзеніне дейін созылып жатқан. Қыстаулары мен жайлауының арасы жақын, Мамай, Итемген, Ащыкөл (Құрсары иеліктерінің солтүстігі мен оңтүстігінде осындай аттас көлдер бар), Қып, Шендікөл, Барлыкөл көлдерінің төңірегінде, Ақсу, Тасмола. Ақсуат өзендерінің бойында, Қарабұлақ, Жалтыркөл, Қып, Қырыққұдық алқаптарында т. б. орналасқан.
Одан әрі Мамай көлі Итемген көлі Борай көлі Қамысты көлі шебінің солтүстік батысында Бурабай көлдері мен Көкшетауға дейінгі жер Ақсары руының иелігі. Құрсарылар жоғарыда аталған көлдерден басқа, Аталық, Жөкей, Қымызкөл (қазіргі Бурабай көлі) көлдері мен басқа да көлдер төңірегіне, Көкшетау, Бурабай тауларының ормандары мен тау бөктері жайылымдарына, Сарымсақты, Сарыбұлақ, Тәттімбет өзендерінің алқабында т. б. орналасқан.
Керейлердің бір бөлігі Сілеті өзенінен Ертіс, Ом өзендері жағына кеткені бұдан бұрын айтылған болатын. Омбы уезі құрамына кірген қауымдар нақ солардан құралды. Осы уезд өңіріне Ертістің Павлодар өңірінен де керейлер келген.
Уезд аумағында керейлердің ең көп рулары құрсарылардың Сақал, Бурас, Дуадақ, Төбет, Сары аталары (5кесте), Матақай (Құдас аталары), Бесқара атасы. Құрсары руы аталарының қоныстары Үлкен Қарой көлінің солтүстігі мен шығысына (Сақал атасы), Теке көлінің төңірегіне және одан әрі солтүстік шығысқа қарай Ом өзеніне дейін (Бурас атасы), Сілеті, Теңіз көлінің шығыс, солтүстік және батыс жағына (Дуадақ, Төбет аталары) орналасқан. Сары атасы Ертіс бойында, Ом өзені құяр жерде, сондай-ақ Омбының батысына таман көшіп жүрген. Ақсарылар Үлкен Қарой көлінің шығыс жағындағы даланы ғана мекендеген (Ақымбет атасы).
Жазғы жайылымдары: Құмдыкөл көлі, Қаратекер, Майлыағаш, Тонат деген жерлер Ұлыкөл көлі, Қосқоңыр алқабы, Талдысай, Ақымбет өзендерінің бойы т. б.
Омбы уезіндегі Покров, Қорған болыстары керейлерден құралған.
Олардың біріншісінде 9829 адамы бар 196 ауыл. Екіншісінде 5883 адамы бар 101 ауыл болса, екеуін бірге қосқанда, барлығы15712 адамға жететін 297 ауыл болған.
Солтүстік Қазақстан керейлері Петропавл уезінің құрамына енді. Адам саны ең көптері Сибан, Көшебе және Балта рулары. Керейлер уездің солтүстік батыс жағында, Есіл өзенінен Обаған өзеніне дейінгі, уездің оңтүстік жағында Түнтүгір өзенінен (шығысында) Обаған өзеніне (батысында) дейінгі жерде неғұрлым жинақы тұрған.
Тарышы руының Самай атасы Шұбаротты, Сарыағаш алқаптарында қыстаған. Бұл алқап Мінгесер көлінің атымен аталған Мінгесер орманында. Жаздыгүні Көккөл, Сасыққошқар көлдерінің маңайын жайлаған. Самайлар және Мінгесер болысы болып, кейіннен Преснов болысына қосылған.
Көшебе руының Таузар атасы самайлар иелігінің солтүстігіне таман, Бақырілген, Майлыағаш. Аралағаш, Сатыбалды т. б. жерлерді қоныстанған. Жазда Шошқалы көлін, Сасыққошқар, Алыпқайын, Қоралы жайылымдарын мекендеген.
Көшебе руының Жарқайың көліне жапсарлас жатқан иеліктерінің солтүстік жағындағы даланы Сибан руы қоныстанған (Күптимес, Қарпығалы, Қаратерек, Сұлуөзен деген жерлер).
Уездің солтүстік шет жағында Сибан, Көшебе, Балта руларының бірге қыстап, бірге көшіп жүруі жиі кездескен. Бұл жерде Ақсары, Құлсары руларының да бірнеше ауылы қанаттаса жүрген.
Балта руы туралы сәл тоқтала кеткен жөн. Басқа рулармен салыстырғанда адам саны аз болса да, ол керейлер арасында мейлінше құрметтеледі. Бұл рудың өкілдері басқа Керейдің рулары арасында шағын топ болып тұрып, солармен бірге қыстайды және жаз жайлауға да бірге аттанады.
Петропавл уезінде керейлер 509 ауыл құрып, оларда 4380 қожалық болды, бұл олардың жалпы санының 38,5 проценті еді.
Семей облысының құрамына енген керейлер Зайсан, Өскемен, Қарқаралы уездерінің аумағында неғұрлым жинақы тұрды және Павлодар, Семей уездерінде шағын топтары орналасты.
Қарқаралы уезінде Керей тайпасының екінші ірі аталары Абақ керейлер мекендеді. Қаралып отырған уезде бұл аталардың өкілдерінен Жастабан руы мен оның Қосай, Бекназар деген аталары қоныстанды. Бұл аталар уездің шығыс жағында Шыңғыс жотасынан солтүстік шығысқа қарай, Ащысу мен Шаған өзендерінің арасына орналасқан Шұбартау жазығын, Бақанас өзенінің бойын мекен еткен. Қосай Нұралы, Сарыбай, Малмыр, Қаса аталарынан тұрды; Бекназар, Шоқантай, Қожакелді, Малдыбай, Можақ аталарға бөлінді (5кесте). Қосайларда 1477 қожалық, ал бекназарларда 1098 шаруашылық болып, олар Дегелең, Бақанас болыстарына бірікті. Бұл аталардың шағын топтары Нұра, Жарлы өзендерінің аралығына (уездің солтүстігінде) қоныстанды.
Зайсан уезінде Кендірлік болысының көпшілігі абақ керейлер болды. Болыс шығысында Қытаймен шектесіп жатты; оның (болыстың) солтүстік шекарасы Қаратал және Жеменей өзендерінің, батысында Үйдене өзенінің бойымен, оның ағысын бойлап жоғары қарай Сауыр жотасына дейін барды, оңтүстік шекарасы Сауыр жотасымен өтті. Осы аумақта Кендірлік болысындағы абақ керейлердің 9 старшыны орналасты. Болысқа абақ керейлердің 1757 шаруашылығы біріккен, олардың басты рулары мына жерлерге қоныстанған: Жастабан Сауыр жотасының солтүстік баурайын қыстаған; Меркіт Сауыр жотасының солтүстік баурайында, сондай-ақ Кішкенетауда, Шірікқайың бойында, Кендірлік өзенінің аңғарында және Сауырдың оңтүстік беткейінде қыстаулары болған; жайлауы Алтайдағы Қыран, Қобда өзендерінің аңғарында орналасқан. Меркіт руының өкілдерін орыс саяхатшылары екінің бірінде осы өлкенің таулықтары деп атайды, өйткені олар жылдың көп маусымын тауда өткізетін еді; Жәнтекей руы Шілікті және Кендірлік өзендерінің аңғарында, Тарбағатайдың солтүстік баурайында қыстап, Қыран, Қобда, Сақай өзендерінің аңғарын, бірнеше ауылы Қара Ертістің бас жағын жайлаған; Ителі руы Бурылтоғай төңірегінде, ондаған шаңырақ Кендірлік аңғарында қыстаған; жайлауы Қара Ертіс аңғарында болған; Шеруші руы Қыранның төменгі ағысында, Қобда өзені аңғарындағы тауларда, Жайыр тауында қыстаған.
Г. Е. Груммжимайлоның мәліметтері толық емес, кейін ел ішінен жиналған материалдарға сәйкес, абақ керейлер алып жатқан жер аумағы мынадай: қыстаулары Қаратал, Кендірлік өзендерінің бойы, Сайқан тауы (Сауыр жотасы сілемінде), Теректі, Темірсу, Жеменей, Үйдене, Қызылқыз өзендері, Жалпаққарағай деген жер. Аба өзенінің бойы, Алтай және Қарой деген жерлер. Олардың жайлайтын жері Алтайда: таулардың ортасындағы көптеген арынды өзендер келіп құятын Бұғымүйіз көлі, Сарылтай үстірті, Шыбырағаш, Ақжай, Үшқұрмынқор, Көкжота алаптары. Жаз жайлауы Сауырда: Сәмен, Үлкен, Жеменей, Темірсу, Үйдене өзендері.
Азынаулақ абақ керейлер Нарын және Бұқтырма өзендерінің бас жағында, әсіресе аталған жоталар арасындағы Шыңғыстай асуы жазығында көшіп жүрген. Абақ керей қауымдары Ұлансу (Ұланке) өзенінің бойына да қоныстанған. Абақ керейлер жеке старшын болған жоқ, оларда небәрі 146 қожалық болған, мұның өзі жалпы шаруашылық санының 0,85 проценті ғана. Олар негізінен Өскемен уезін мекендеген найман рулары арасында бірге ілесіп жүрген.
Жайылымның жетіспеуі абақ керейлерді алыс солтүстікке Сібір губернияларына және оңтүстіктегі Қытай шегіне көшіп кетуге мәжбүр еткені жоғарыда айтылды.
1900 жылдың желтоқсан айында Алтай діни миссиясының бастығы Бийск епископы Сергий былай деп жазған: «Қосағаш селосына жақын жерде (Таулы Алтай автономиялы облысындағы Чуя (Шу ауд.) өзенінде) бірнеше жылдан бері біздің жерімізде шағын мемлекет, дәлірек айтқанда: еркін сұлтандық бар. Оның негізін салушы бір кезде Қытай жеріне қашып кеткен Семей қырғызының баласы, өзін еркін сұлтан деп атаған Әбділда (Абдолла ред.) деген қырғыз (қазақ М. М.)… Еркіндік сүйгіш қырғыздарды мұнда кең жайылым, байтақ жер, алымсалық салынбауы, бастықтарының болмауы қызықтырады. Жаз кезінде олар Алтайдың Арғыт, Жазатыр және Қарақан өзендерінің бас жағындағы өте биіктегі, адам жете бермейтін ну ормандарында Қытай шекарасына жақын жерде көшіп жүреді де, күзге қарай Чуя (Шу ред.) жазығымен Қосағашқа түседі». Епископтың мәліметтеріне қарағанда, олардың саны 200дей шаңырақ. Жергілікті тұрғындар, телеуіттер мен орыстар Қосағаш қазақтарынан қысым көргендерінен шағым айтуда, сондықтан епископ «бұл орданы Қытайға болса да, Чуядан басқа бір қашығырақ жерге аударып жіберуді» сұрайды.
Олардың қай қазақтар екенін, қандай руға жататынын және олардың қайдан келгенін мына құжаттан көруге болады. 1900 жылғы 16тамызда Томск губернаторы Дала генерал губернаторына мынаны хабарлады: 1893 жылы өз адамдарымен бірге Бийск округінің Қосағаш алқабына жақын жерде көптен бері көшіп жүрген қытай боданы Әбділда (Абдолла ред.) өзіне бағынышты қазақтармен бірге Ресей бодандығына қабылдауды сұраған. Министрлер комитетінің қазақтарға Құлынды даласы шегінде көшіп жүруіне рұқсат ету туралы 1880 жылғы 22қарашада бекіткен ережесіне сәйкес, оларға жалға алып уақытша пайдалану құқығымен Қалғұты және Узек өзендері аңғарындағы бос жерлер бөлінген. Шыңғыстай қазақтары сияқты, «керей, найман тайпасынан» тараған Қосағаш қазақтары да бұрын Ресей боданы болмаған және бастапқыда Семей облысы шегінде тұрып, содан соң Монғолияға кетіп қалған. XIX ғасырдың 80жылдарының бас кезінде олар Ресей шегіне қайтып келіп, 1900 жылғы 30маусымда Ресей бодандығына қабылданған.
Семей облысының вицегубернаторы 1900 жылғы 2желтоқсанда Дала генерал губернаторына жолдаған хатында кейбір мәліметтерді былай деп анықтай түседі: «…Бийск округі шегіндегі Қосағашта тұратын қырғыздар 1867 жылы… орыс бодандығын қабылдаудан бас тартып, Қытай шегіне өтіп кеткен қырғыздар, ал содан соң олар дүнген көтерілісі (ШыңжандағыМ. М.) кезінде орыс шекарасынан өтіп, Қосағашқа көшіп келді де, осы кезге дейін Томск губерниясының жерінде тұрып жатыр. Аталған қырғыздар 100 шаңыраққа жетеді… Олармен бірге көршілес Өскемен уезі Шыңғыстай болысының 100 шаңырақтан астам қырғыздары көшіп жүр, себебі олардың тіркелген орындарында бос жер жоқ».
Сонымен, жаңа жайылымдар іздестіру абақкерейлерді Қытай мен Монғолия шегіне көшуге мәжбүр етті. Көптеген керей рулары елімізден тыс жерлерде қалып қойды: олар Монғолияда Баянөлгий ауданының негізін құрады, Қытайда орталығы Сарысүмбе (қазіргі Алтай қаласы Ред.) деп аталатын округ болып, Алтай бөктеріне қоныстанды.
Керейлердің жеке қауымдары Семей уезінде: Ертістің сол жағалауындағы Озерный поселкесінен Пьяноярск поселкесіне дейінгі 10 шақырымдық өңірмен шектесетін жерлерде де тұрды; Ертістің оң жағалауындағы Белағаш даласында да едәуір көшпенді керейлер мекендеген.
Олар барлығы 12 525 шаруашылық болып, екі болысқа бөлінген, азынаулақ топтары Орта жүз тайпаларының басқа болыстарына да енген.
Ертіс өңірі керейлері бірінші аталарга негізінен, жоғарыда, айтылғанындай, Орталық және Солтүстік Қазақстанда қоныстанған ашамайлыларға жатқан. Семейдегі ашамайлы керейлер Ақсары, Құрсары, Сибан рулары болған. Павлодар уезінде ашамайлы керейлерден небәрі 376 шаңырақ болып, олар Ертістің сол жағалауында Бобров поселкесі тұсында қоныстанған.
Керейлердің бірнеше қауымы Ұлы жүздің жерінде Лепсі уезінде Нарын өзеніндегі Қарашиен, Берікқара алқабында, сондай-ақ Аягөз өзеніндегі Көктал алқабында орналасқан.

керей, үйсін, уйсин, ұлы жүз, улы жуз, XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ, он сегізінші ғасыр, он сегизинши гасыр, он тогызыншы гасыр, оң тоғызыншы ғасыр, орта жуз, орта жүз, ру, тайпа, шежире туралы, шежіре, дәстүр, дастур, текст,сөзі,сөздері,создери
1 1 дауыс
Жазба рейтингі
Достарына жібер:
Жазылу
Хабар беру
guest
0 Пікір
Inline Feedbacks
View all comments