...

НОҒАЙ-ҚАЗАҚ

Таңбасы балта:
Кіші жүз құрамына кірмейтін ру немесе ноғай ұлтының қазақ арасына сіңіп кеткен бір бөлігі. 1740- жылдары патша өкіметі өзара алауыздықтың кесірінен онсыз да ыдырай түскен ноғайларға қатты қысым көрсеткен. Тіпті Г.А.Потемкин мен А.В.Суворовтың бастауымен қанды қырғындар ұйымдастырылған. Патшадан қысым көрген Ноғайлының бір бөлігі Орынбор губерниясына қарасты Жайық өзенінің саласы Самардың бойын паналайды.

Бірақ олар мұнда да тыныштық көрмейді. Ұлт ретінде жойылу, шоқыну қаупі туғаннан кейін Ноғайлы батырлары Кіші жүз ханы Нұралымен келіссөз жүргізеді. Нұралы хан ноғайлардың Кіші жүзге көшіп келуіне қарсы болмайды. Сөйтіп 18 ғ-дың орта шенінде (1750 ж.) 25 үй ұрлана көшіп, Кіші жүзге жетеді (Орынборда қалған ноғайлар татарға сіңіп немесе орыстанып кеткен.) Нұралы Себекберіштің Саржала батырын шақырып алып, қандас бауырларға жер беріп, үй тігуін тапсырады. Саржала ноғайларды Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Айдархан қолтығы деген жерге орналастырады. Ақтөбе облысында Оймауыт деген жер аты бар.

Ноғайдың бір тайпасы Оймауыт он рудан тұрған: Шәйзада, Шаймардан, Қазбек, Дулат, Үйсін, Құлақ, Қияс, Қосын, Қапқай, Тама. Қазақ арасына көшіп келген төрт рудың Үйсіннен басқасының аты өзгерген. Қойды көбірек ұстап, ауқатты тұрған қиястар қояс аталған. Жиын-тойларда алғырлығымен, ұтымды сөзімен көзге түскен құлақтарға қазанқұлақ аты таңылған. Жылқы өсіріп, қара санынан қабырғалығына асырып айқырта қос таңба салатын қосындарға қостаңбалы аты берілген. Бұл руды төрт таңбалы ноғай деп те атайды.

Ноғай-Қазақтар 1801 ж. Бөкей сұлтанмен бірге түгелдей Еділ мен Жайық аралығына көшкен. Ноғай-Қазақтар күрт өсіп, 1829 ж. 500, 1889 ж. 2000 түтінге жеткен. Ал 1926 ж. Кеңес өкіметінің санағы бойынша Орал округінде (Талов, Жәнібек, Орда, Азғыр болыстарында) ноғайлар басқаратын 5696 шаруашылық отбасы болған. Ноғайлардан ел басқарған, өнерімен топты жарған көптеген адамдар шыққан. Қоястың Оразақайынан туған Нияздың ұлы Шомбал Жәңгір ханның он екі биінің бірі болса, оның ұрпағы Ы.Шомбалов қазақтың алғашқы жоғарғы білімді дәрігерлерінің санатынан орын алды. Оразақайдан өрбігендердің бірі атақты ақын Ғұмар Қараш болса, онымен аталас М.Ықсанов Орал облысын 11 жыл басқарып, өлке тарихына елеулі із қалдырды. Бұлардың арғы аталары белгілі жырау Шәлгез (Шалкиіз) Тіленшіүлы. Сол сияқты қостаңбалыдан тармақты күйлердің шебері Жұрымбай және Ш.Бөкеевтің жанында болған күйші Ж.Асанов шыққан. Ноғай-Қазақтар қазіргі кезде негізінен Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы ауданында мекендейді.

жузден тыс рулар, киши жуз, ногай казак, ногай казактар, үйсін, уйсин, ұлы жүз, улы жуз, уйсиндер, ,
3.8 4 голоса
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх