...

ҚЫПШАҚ

ҚЫПШАҚ
Қыпшақтар тайпасы сандық құрамы жағынан Орта жүзде үшінші орын алды және қазақтардың ғана емес, басқа да түрлі халықтардың этногенезінде маңызды қызмет атқарды. Таңбасы:

(қос әліп), ұраны «Ойбас».
VIII ғасырдан бастап, бір тайпалық құрылымға топтаса бастаған қыпшақтар XI ғасырдың аяғында қыпшақ тайпаларының күшті одағын құрады. Бірігу үрдісімен қатар, олардың мекендейтін кеңістік аймағын ұлғайту құбылысы да жүріп жатты. мұның өзі «Дешті- Қышпақ» (қыпшақ даласы) және «Половец даласы» этнографиялық ұғымдарының, яғни қыпшақтардың шығыс қыпшақ және батыс қыпшақ (оңтүстік орыс даласы) этно-аумақтық құрылымдарының пайда болуына себеп болды.
Сөйтіп, Дешті-Қыпшақ тайпалары (шынына келгендө қыпшақтар мен оларға бағынышты тайпалар) қазақтардың этногенезінде және олардың кейінгі тарихында зор үлестерін қосты, ал бұл тайпаның тарихында болған оқиғалар мен дара тұлғалар есімдері халық арасында кеңінен мәлім әдебиет ескерткіштерінде, халық эпосында, дастандар мен аңыздарда сақталған.
Қыпшақтар мәдениетінің жоғары болғанының айқын куәсі ретінде XII ғасырдан бастап, олардың тілі қазіргі Қазақстан аумағының негізгі бөлігіне таралды. Түркі тілдес халықтардың аса құнды әдеби ескерткіші Қожа Ахмет Йасауидің «Диван и Хикмат» («Даналық кітабы») атты еңбегінің лексикасы да XII ғасырдағы қыпшақ тіліне тән. Орта ғасырлардағы қыпшақтардың дара тұлғалары мен тарихи оқиғалары, аңыздары мен этнографиясы бейнеленген «Қобыланды батыр» жыры, сондай-ақ ауыз әдебиетінің мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жұмбақтар, әндер т. б. сияқты үлгілері сақталған «Кодекс Куманикус» (Қыпшақ сөздігі) еңбегі жалпы жұртқа мәлім.
XVIII ғасырдағы орыс әкімшілігінің ресми құжаттарында Қыпшақ тайпалары мен оның руларының орналасуы жайындағы мәліметтер аз. Қыпшақ руының ақсақалы Төле батыр туралы (1731 ж.), Ресей бодандығына ант берген мырзалар мен батырлар туралы (1742 ж.), Ертіс бойында Железинка бекінісі маңында көшіп жүретін Оразмәмет тархан ақсақалдың Қыпшақ ұлысы туралы (1763), Орыс сұлтанның ұлы, Коряков форпостысына жақын жерде көшіп жүретін Сұлтанмәмет сұлтан туралы (1764) айтылады.
Капитан Андреевтің «…Суреттемесінде» қыпшақтар туралы былай делінген:
2-Қыпшақ болысы Құлан-Бұлан, Ұзын, Көлденең, Бұлтық, Тасқор, Танабұғы, Қарабалық, Алтынбас, Шаңқалақ, Торыайғыр, Қара-Жұлба және Арық ұрпақтарына бөлінеді. Ямышев бекінісінен Железинка бекінісіне дейін жайылмалар мен аралдарды қоса Ертіс өзені бойында көшіп жүреді.
5-Күрлеуіт болысының (күрлеуіт руы М. М.) бір бөлігі тура Песчаная станицасы тұсында жайылмалар мен аралдарда көшіп жүреді.
Қыпшақтар Железинка бекінісінен Омбы бекінісіне дейінгі кеңістікте және Тобыл шебі бойында Покровск бекінісі тұсында арғындармен (Атығай руы) және керейлермен шектес көшіп жүрген.
Капитан Андреевтің мәліметтерін Г. Волконскийдің материалдары едәуір толықтыра түседі, оларды оқи отырып, қыпшақтардың былайша орналасқанын анықтауға болады.
Қыпшақ руының бір атасында 1000-дай шаңырақ бар. …Есіл, Обаған өзендері маңында және Жасыр мен Бағар жазығында көшіп жүреді.
Қыпшақ руының төрт атасында 3000-дай шаңырақ бар. Жаз кезінде Тобыл, Аят өзендері бойында және оның сағасында көшіп жүреді. Қыстыгүні Дала бекінісінен Троицкіге өтіп, Усть-Уй бекінісіне дейін, сондай-ақ Үй өзені бойында, Тобыл өзеніне қарай және сол бекіністер тұсындағы даланы қыстайды.
Қыпшақ руынның алты атадан тұратын Танабұғы тармағында 2000-дай шаңырақ бар. Жазғы қоныстары сол жерде.
Көлденең Қыпшақ руының төрт атасында 2000-дай шаңырақ бар. Сол жерде көшіп жүреді.
Торыайғыр қыпшақ руының төрт атасында 3500-дей шаңырақ бар. Олардың жазғы жайлауы шет жақтағы Аманқарағай, Белібай жазығында, Ащыкөл маңында. Қыстыгүні Үшқияқ, Торғай өзендері төңірегін, құмдардың ортасын қыстайды.
Ұзын Қыпшақ руының алты атасында 2000-дай шаңырақ бар. Олардың жазғы жайлауы Торғай, Мойынты өзендерінің бойында, Обаған озенінің бас жағында, Еділ және Теректі жазығында. Қыстыгүні Сарыбұлақ өзенінің бас жағынан Торғай озеніне қарай, шығыс жағында Қайыңды тас өзеніне дейін қыстайды.
Жоғарыда айтылғанындай, 1838 жылы Орынбор және Сібір ведомстволарының жерлері арасында межелі шеп белгіленді. Осы заң актісі бойынша қыпшақтардың басым көпшілігі Орынбор ведомствосының қарамағына енді.
1866 жылғы 17қазандағы құжатта Шығыс бөлігінің шекарасы туралы былай деп хабарланған: «…шығыс жағынан Звериноголов станицасынан оңтүстікке қарай Сырдария шебімен Шу өзені төңірегіне дейін созылып жатқан Сібір қырғыздары облысы. Оңтүстігінен Сырдария шебі, батысынан облыстың Орта бөлігі, Ұя өзеніндегі Степная станицасынан, Маршенск станицасы, Тобылдың бас жағы, Ащысай және Ұлқияқ өзендері, Шалқартеңіз көлінің батыс шеті арқылы Сырдағы № 2 фортқа дейін. Солтүстігінен Ұя өзені бойындағы Степная станицасынан Звериноголов станицасына дейінгі шен бойымен Орынбор губерниясы».
Бұрынғы КСРОның Орталық мемлекеттік әскери тарихи архивінде «Орта орда қырғыздары мекендейтін көшпелілер картасы» бар. Осы картаны түсіндірген жазбада Орынбор бастығына бағынатын қазақ руларының, соның ішінде қыпшақтардың Оралдың арғы жағындағы далада орналасуы туралы айтылған.
Орынбор қазақтары облысының Шығыс бөлігінде көшіп жүретін рулар мен аталардың тізімінде қыпшақтардың Қарабалық, Танабұғы, Көлденең, Ұзын, Торыайғыр рулары айтылады. Тізімде келтірілген 12 атадан бізге біреуі Алтыбас қана белгілі (4кесте), ал қалғандары Қыдыр, Көбік және басқалары біздің мәліметтерімізде жоқ. Олар қоныстандыру комиссиясының материалдарында да жоқ. Бұлар, тегінде, орыс шенеуніктеріне хабарланған ұсақ аталар болар (мүмкін, старшындар атауы шығар?).
Қыпшақтардың көптеген қауымдары Қазақстанның әр жерінде топтасып көшіп жүрген. Рулық белгісі бойынша құрылған мына Қыпшақ болыстары: Жалыбай қыпшақ (9 ауыл, 513 шаңырақ, 1799 адам), Сақал қышпақ (12 ауыл, 718 шацырақ, 2827 адам), Құлатай қыпшақ (8 ауыл, 511 шаңырақ, 1647 адам), Құланқыпшақ (9 ауыл, 550 шаңырақ), Айтқұл Жәдікқыпшақ (1 ауыл, 60 шаңырақ), Жолобақыпшақ (1 ауыл, 28 шаңырақ) Ерейментау ауданы мен Ақкөл көлі маңында қыстап, жазда Баянауыл төңірегіне кетіп жүрген. Болыстардың атауларында рулардың этнонимдері де (мысалы, Құлан), туыстық басталатын неғұрлым берідегі аталарының есімдері де (мысалы Жолоба) айтылады. Қыпшақтар жөніндегі қолда бар шежіреден белгілі бір энонимнің туыстық жүйесінде алатын орнын анықтауға болады, өкініштісі, бәрін бірдей анықтау мүмкін емес (4кесте). Жоғарыда аталған болыстардың бәрі Бұлтың және Құланқыпшақ деген екі руға жатқан және Ақмола сыртқы округінің приказына бағынған.
Қыпшақтардың көптеген қауымдары осы округке берілген, бірақ бос жайылымның болмауы салдарынан округтен тыс жерлерге, тіпті Қазақстаннан тыс жерлерге де көшіп кеткен. Бұл ең алдымен округтер құрылып, жайылымдар Ресей бодандығына бұрын кірген қауымдар арасында бөлініп қойғаннан кейін бодандыққа жаңадан кіргендерге қатысты.
Қыпшақтардың осы шет аймақтарда көшіп жүрген барлық аталары да Бұлтың руына жатады (4кесте).
Құлынды даласында (Омбы ішкі округі) 5 және 6 казак полктерінің жерінде 516 шаңырақ Қыпшақ көшіп жүрген.
Қазақтардан жерді тартып алу және «…өңірден (10 шақырымдық М, М.) қырғыздардың өздігінен кетуі үшін» олардың іргелі құрылыс тұрғызуына тыйым салу үрдісінің күшеюіне байланысты қауымдардың билеушілері шекара басқармасына өздеріне жер бөлу туралы өтініш жасайды. Осы мәселеге орай, хаттардың бірінде былай делінген: «олардың ата-бабасы (қыпшақтар) халқымен бірге осыдан көп жыл бұрын Сілеті, Ерейментау, Кокой, Ақкөл деген т. б. алқаптарды, ішінара Есілдің сол жағалауындағы шабындықтарды мекендеген… сыртқы округтер ашылған кезде қыпшақтардың көптеген шаруашылықтары барымтадан қауіп төніп, орыс бекіністері қорғайтын Ертіске қарай ішкі шепке көшіп кетті… , ал жоғарыда аталған жерлерді Қанжығалы және Керей қырғыздары иеленіп қалды…». Болыс басқарушылары шекара басқармасынан бұрын өздеріне тиесілі болып келген жердің берілуін сұрайды.
Орыс әкімшілігі Ақмола округтік приказының аға сұлтаны Арыстан Құдаймендеште қыпшақтарды қанжығалылар мен керейлердің арасына орналастыруға нұсқау берген. Оған аға сұлтан мынадай жауап қайтарғанын көреміз: «Қуандық дистанциясынан басқа бос жер көрмей отырмын. Бұл жердің бір бөлігі Есілдің жоғарғы жағында, Ақмоладан 70 шақырым қашықтықта алқап Үршат көлімен қоса Қотырадыр, Аюлы, Нияз, Қоянды, Теріқыстау, Балтақара алқабы, Шідерті өзенінің жоғарғы жағы, онда кемінде 500 шаңырақ сыя алады…». Шекара басқармасы мен Ақмола округтік приказының содан кейінгі хатхабар алысуына қарағанда, Сілеті өзеніне қыпшақтардың шағын бөлігі орналастырылған. Рубасыларына жаңадан келген қыпшақтарды «бірге қыстап шыққаны үшін ешқандай ақы талап етпестен… » қабылдауға өкім берілді.
Көкшетау ішкі округінің қыпшақтары туралы ол кезеңнің мәліметтері жоқ, өйткені бұл тайпаның көптеген руы Орта жүздегі көтеріліс кезінде Кенесары Қасымовтың қосынында болған. XIX ғасырдың 40жылдарында қыпшақтар бұрынғы мекендеріне қайта орала бастаған. 1841 жылы Ұзынқаз қыпшақтардың 245 шаңырағы бағаналылармен бірге көшіп жүрген өз тайпаластарына қосылған.
Құсмұрын округі шегінде керейлермен бірге Күрлеуіт руының 123 шаңырағы (406 адам) көшіп жүрген.
Қарабалық, Көлденең, Торыайғыр рулары мен Торы сардың шағын топтары Қостанай уезіне қоныстандырылды. Қарабалық руының қауымдары сонымен бірге Тобыл озенінің оң жағалауына және одан әрі қарай шығысында Ұя өзеніне солтүстігінен құятып Тоғызақ өзеніне дейін ірге тепті. Олар оңтүстікте Қамысыаят, Сынтасты өзендері мен Досайқана, Тұмарлық көлдерінің бойын мекендеді. Олардың қыстаулары мен жайлаулары Жаркөл, Қынабайкөл, Тізгін, Қособа, Қарасор, Сайымбет, Үлкеннұрлы, Шұбаркөл, Үлкенқоскөл көлдерінің төңірегінде болды. Қарабалық руы сонымен қатар Алқакөл өзенінің солтүстік жағында Тобылдың оң жағалауына және осы Тобылдың солтүстікке бұрылатын жеріне дейін, Сарт, Тастымбике көлдері төңірегіне қоныстандырылды.
Торғай уезі аймағында Қарабалық руы Қара Торғай өзеннің сол жағалауын, Ұлы Жыланшық өзенінің бойын және осы өзен құятын Жақсы Ақкөл өзенінің шығыс жағалауын мекен етті.
Көлденең руы Қостанай уезі шегінде Ұя өзенінің Тобылға құятын жеріне дейінгі оң жағалауын, Тобылдың Қарақамыс көлінен солтүстігіндегі оң жағалауын және оңтүстікте Сасықкөлдің солтүстігінде мекендеді. Кейбір іскерлерде бұл рудың көшіп қонатын орындары Обаған өзеніне дейін жетті.
Торыайғыр руы Қостанайдың оңтүстігінде орналасты. Олар негізінен Тынымбике мен Сарт өзендерінің төңірегінде қоныстанды. Бұл қыпшақтардың басқа руларына қарағанда адам саны аз ру болған.
Ұзын руының негізгі көпшілігі Торғай, Қараторғай өзендерінің аралығында Құмкешу және Қостөбе деген жерлерге дейін (Торғай уезі), сондай-ақ бірнеше қауымдары Құсмұрын өзенінің батысында (Қостанай уезі) тұрған.
Торы, Құланқыпшақ руларының негізгі көпшілігі Торғай уезі шегінде орналасты: торылар Қараторғайға құятын Сарыторғай өзенінің бойында, Сарыкеңгір мен Қаракеңгірдің бас жағында қыстады. Бұл рудың бірнеше қауымы Қостанай уезінде Арғын руларының қоныстары арасында тұрды. Құланқыпшақ руы Торғай өзеніне құятын Тасты, Қарынсалды өзендерінің бойын мекендеді.
Қыпшақтар оңтүстікте Сырдария өзенінің бойында: Сұлутөбе деген жерден шығысқа қарай Сырдарияның екі жағында және Жаңақорған ауданында (Перовск уезі) қыстады. Жаз кезінде олар Торғай даласының жайылымдарына және одан да солтүстікке Тобыл, Обаған өзендеріне барып жайлаған.
Павлодардың Ертіс өңіріне ел XVIII ғасыр мен XX ғасырдың бас кезі аралығында қоныстанған, қыпшақтар мұнда XVIII ғасырдың ортасында келді. Олар Ертістің оң жағалауына Бобров форпостысының тұсы мен шығысында Жалаулы көліне дейін қоныстанды. Бұл Бұлтын руы мен оның Қосайдар, Сейтімбет, Ақпыш, Жолоба, Елетен, Айтқұл, Күрлеуіт, Қожамжар, Қосқұлақ, Жарымбет аталары (4кесте) иеліктерінің оңтүстік шегі болатын. Осы шептен солтүстікке қарай қыпшақтардың қоныстары басталып, Қызылқақ көлін, ал солтүстігінде Омбы уезі шегінде Теке, Алабота көлдерін қамтыды, одан әрі солтүстік шығысында Ертіске дейін жеткен. Павлодар, Омбы қыпшақтары аталған көлдерінің төңірегін, сондай-ақ Қарасу өзенінің бойын, Табылсор, Жамантұз көлдерін қыстаған.
Чернояр және Песчаный поселкелері аралығындағы он шақырымдық өңір тұсындағы Ертіс жағалауына да едәуір қыпшақтар қоныстанды. Қыпшақтар 10 шақырымдық өңірден Ертістің шығысындағы Табылжан және Әжібұлақ көлдеріне қарай көшіп жүрген.
XX ғасырдың басында Павлодар уезінің жерінде қыпшақтардың 2962 шаруашылығы болған. Омбы уезіндегі жоғарыда аталған аймақ шегінде қыпшақтардың Шарлақ болысы болып, ондағы ауылдар саны 196га жеткен (1565 шаруашылық 9829 адам).
20 жылдық кезең ішінде, XIX ғасырдың 3050 жылдарында Ақмола даласында Орта жүз тайпаларының көшіп-қону үрдісі күшейе түсті. Бұл бірінші кезекте тайпалардың Кенесары көтерілісіне қатысуының салдарынан болған еді. Ақмола приказы аумағында өз мекенінен жаппай көшіп кетуі байқалды. Кенесары Қасымов Қазақстанның оңтүстігіне ауғаннан кейін көптеген рулар өз орындарына қайтып келе бастады. Бұл арада бір қауымдардың бұрын өздері кетіп қалған жерді қайтарып алу мақсатымен басқаларға күшпен қысым жасағанын, сондай-ақ өздерінің пайдалануына жақсы жайылымдар алуға ұмтылғанын атап өткен жөн. Ертіс өңірі қыпшақтары батысқа қарай бет алып, Ерейментау жайылымдарын иеленген.
Алайда, бұл жерлердің иелері қанжығалылар оларды Сілеті, Дамса өзендері төңірегіндегі Ерейментаудан ығыстырып шығарды. Қыпшақтардың едәуір бөлігі Ақмоланың батыс жағына, Есіл, Дамса, Қалытон өзендерінің бойына орналасты. Қыпшақтардың бір бөлігі Ортаудан Арғыт руларымен бірге Есіл жаққа кетті. Оған Бұлтың руының Құдас, Мәдияр, Қосайдар т. б. аталары, Қарабалық руының Кенже, Майлыбай, Тілес аталары, Құланқыпшақ руының Қашқарбай, Есенгелді аталары қатысты.
Ақмола уезінде қыпшақтардың 189 ауылы болып, олар 1764 қожалықты біріктірген, бұл уездегі ауылдар (2503) мен қожалықтардың (18627) жалпы санына проценттік қатынасы 7,5 және 9,5% болды.
Қазақстанның солтүстік шет аймағы Петропавл уезінде де қыпшақ қауымдары бар. Аңызда айтылуы бойынша, мұнда Торыайғыр және Бұлтың руларының аталары Теке көлі мен Сілеті өзенінен келіп, Уақ иеліктерімен катар Жаңғыр, Биесойғап, Қойбағар көлдерінің төңірегімен уездің оңтүстік батыс бөлігіндегі Есіл өзенінің бойына қоныстанған. Солтүстік Қазақстан қыпшақтары 35 ауыл құрған (252 қожалық), мұның өзі уездегі қожалықтардың жалпы санына шаққанда барлығы 2,2% болды.
кыпшак, қыпшақ, үйсін, уйсин, ұлы жүз, улы жуз, XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ, он сегізінші ғасыр, ,, оң тоғызыншы ғасыр, орта жуз, орта жүз, ру, тайпа, шежире туралы, шежіре, дәстүр, дастур, текст,сөзі,сөздері,создери
4.8 4 голоса
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх