Сүндет тойға
Бисмилләһи-и-раһман-ир-рахим.
Мұсылман болдың, қарағым,
Және бері қарағын.
Шырағын жағар ұлымсың,
Ата мекен ананың,
Таудай болсын талабың.
Алтын менен күмістен
Жасалсын барлық жарағың.
Көрімдігің мінекей,
Бар ма тағы қалауың?
Қой сұрасаң қой берем,
Тай сұрасаң тай берем,
Зат сұрасаң зат берем,
Ат сұрасаң ат берем.
Батырлығың байқалса,
Сауыт берем ақ берен.
Мұратыңа жете бер,
Күннен-күнге өсе бер.
Ұзақ болып өмірің
Өміріңнің түйінін
Өз қолыңмен шеше біл.
Адам болып өсе біл!
Қол жайыңдар халайық, сүндетке арнап,
Құдай құлы Мұхаммед Үмбетке арнап.
Қырық парыздың біреуі осы дейді,
Исламда атқарар міндетке арнап.
Айың жарық, күндерің ашық болсын,
Пәлі-құла Қырық кез қашық болсын.
Жүрегіне Алладан нұр құйылып,
Өміріне жететін несіп болсын.
Бұл сүндет Әлми сақтан порым болған,
Бұл Жұмай ақ тілеуімен орындалған.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін,
Азамат бол Қыдыр ата қолыңды алған.