Ойын-сауық порталы

Тойға бата

Тойға бата

Әуелі құдай оңдасын!
Тойың-тойға ұлассын!
Ризығың мол болсын,
Тойларың құтты болсын,
Ұл-қыз бақытты болсын!
Жұлдызы жоғары болсын,
Риза болсын мейманың,
Орнына келер жинағың,
Көпшіліктен бата алсаң,
Мұратыңа жетерсің,
Жомарттық қылсаң тірлікте,
Қуанышпен өтерсің.
Ықыласқа тойдық біз.
Шақырған соң келдік біз,
Келмек – сүннет,
Қайту – парыз.
Тойыңыз тойға ұлассын,
Келген ізбен қайтамыз,
Әумин, Аллаһу әкбар!

***********

Әумин десең маған,
Берейін бата саған.
Қатарыңның алды бол
Тең құрбыңның туы бол.
Қайырлы болсын тойларың,
Орындалсын ойларың
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.
Бола берсін тойларың,
Аман болсын отбасың.
Жүзге жасың жеткенше,
Жағың төмен түскенше,
Болмай өтсін арманың.
Баталы құл арымас,
Көп бата сауап алғанның
Бағы кеміп сарқылмас.
Әумин,Аллаһу әкбар!

********

Ақылың ассын,
Ықыласың тассын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын,
Жақының көп болсын,
Дұшпаның жоқ болсын,
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын басыңа,
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын.
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол.
Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын.
Таңың азанды болсын,
Үйің қазанды болсын,
Шаңырағыңа құт құйылсын,
Дастарханыңа жұрт жиылсын,
Әумин.

*********

Бисмиллаһир – рахманир – рахим,
Уа, Жаратқан Ием құдірет,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет!
Достың көңілін аша көр,
Дұшпанның көңілін баса көр.
Әділдікті бұрғаннан сақта,
Қайырымсыз туғаннан сақта.
Өтпес пышақ, шабан атыңнан сақта.
Кедергі мен кеселден сақта.
Түздегіні түзде сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Далақтаған даудан сақта,
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта!
Жаратушы жан Ием,
Айтқанымды қабыл ет,
Әумин Аллаһу әкбар!

***********

Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ-дәулетін аумас қыл!
Ала ауыздан алас қыл,
Қарғағаннан қалас қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болсын!
Өрендерің ер болсын,
Отырғаның төр болсын,
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмай сағыңды,
Қара ниет дұшпаның,
Бетін басып жер болсын!
Қонысың өрісті болсын,
Еккенің келісті болсын.
Еңбегің жемісті болсын!
Жарың жібектей болсын!
Өнерің өрлей берсін,
Өмірің төрлей берсін!

*********

Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасын,
Мейманың сірә, таспасын.
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әумин.

**********

Бақ келіп қонып басыңа,
Көңілің көлдей шалқысын.
Пейіліңе тойған қонағың,
Ішпей-жемей балқысын.
Әумин.

**********

Талмайтын талап берсін,
Самғайтын қанат берсін.
Баянды махаббат берсін,
Ұзақ ғұмыр, тұрлаулы бақыт берсін.
Әумин.

********

Абырой бер, аман сақта,
Оттан, судан сақта.
Тілсіз жаудан сақта.
Күле кіріп,
Күңірене шыққан дұшпаннан сақта.

*********

Құрдасыңа – қуаныш бол,
Сырласыңа – сынық бол,
Жылағанға жұбаныш бол,
Туысыңа тұнық бол.
Татулыққа – тамаша бол,
Ықыласқа – иық бол,
Ана алдында аласа бол,
Ар алдында биік бол.
Әумин.

*********

Атаның наласынан сақтасын,
Баланың шаласынан сақтасын,
Ағайынның аласынан сақтасын
Жамандардың жаласынан сақтасын.
Әумин.

*********

ЖАСТАРҒА БАТА
Иә, Құдайым жарылқа
Жарылқағанның ішінде ет,
Екі аяғын есен ет,
Төрт бұрышын түгел ет,
Пәле-жаладан аман ет.
Сақтағайсың саламат.
Аузы қанды бөріден сақта
Аяғы қанды ұрыдан сақта.
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,
Төрде отырып шіренгеннен сақта.
Байлық пенен бақ беріп,
Құрбысының алды ет.
Көл ет, көп ет,
Көлді мамыр ет.
Не тілегенін әзір ет
Досты Аллаһ бездірме,
Сүйген көңілін үздірме.
Дүние үшін қызығып,
Кейін қалып кездірме.
Тілек тілеп Аллаһтан
Біреуге көзін сүздірме.
Әумин, Аллаһу әкбар!

**********

Қуаныштың тұрағы бол,
Ұлан істің бұлағы бол.
Мерекенің құрағы бол,
Мейірімнің шырағы бол.
Сабырлылықтың сыңары бол,
Пәк үлгінің шынары бол.
Туырлықтың тұмары бол,
Тұлғалы ұлттың құмары бол.
Әумин.

тилектер,тілектер,казакша,куттыктаулар,құттықтаулар,қазақша,той батасы,тойга бата
0 0 дауыс
Жазба рейтингі
Достарына жібер:
Жазылу
Хабар беру
guest
0 Пікір
Inline Feedbacks
View all comments