...

Ұяла білу де – әдептілік

Ұяла білу де – әдептілік
«Өлімнен ұят күшті», «Өзі ұялмаған кісі бетін шиедей қылады, ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі», «Ұлы сөзде ұят жоқ», «Ұяң адам – ұялшақ, ұятсыз адам – сұраншақ», «Білмегенді сұраудың ұяты жоқ», тағы басқа да халық мақал-мәтелдері мен ақын-жазушыларымыздың шығармаларында жиі кездесетін ұлағатты сөздер бізге ұят дегеннің анықтамасын, қағидаларын айқындап береді.
Ұят – адамға тән сезім қабілеті, ол әр түрлі болады. Ұялу сезімі, жоғарыдағы мақалдарда анықталғандай, адам сезімдерінің ең бастыларының қатарынан орын алады. Өйткені ұят, ұялу сезімі ар, ождан, намыс деген адамгершілік қасиеттермен тығыз байланысты.
Ұят – адам қасиетін бағалайтын сезім. Ол сезім отбасында ересек адамдардың әңгімесінен есту арқылы бала кезден адам бойына ұялайды. Ұят – ең нәзік сезім, ол адамның беделімен, абыройымен тығыз байланысты. Бедел мен абыройға қарапайым еңбегің арқылы, байыпты сөзің арқылы, мейірімді мінезің арқылы, әдеп сақтауыңмен, үлкенді тыңдау, сыйлау, құрметтеуіңмен, тапқыр ойыңмен, қатар құрбыларыңның алды болуыңмен, достық-жолдастық қарым-қатынасыңмен, ибалылығыңмен, ынта-жігер, талабыңмен, тындырымдылығыңмен, жақсыны жаманнан айыра алуыңмен, оларға деген игі де ізгі ниетіңмен, жек көру, жақсы көру ләззатыңмен жетесің.
Сезімталдық, әсіресе, жастарға лайық. «Сезімнің сыртқа шықпас күші бар ма?» – дейді С. Торайғыров. Сондай-ақ ұят ылғи да бет-әлпетіңнің әр түрлі құбылуымен көзге түседі. Ұят дегенді қолға ұстауға болмаса да, сезінуге, көзбен көруге әбден болады. Сезімді дұрыс, орынды пайдалану әр адамды игі қасиеттерге жетелейді. Қорқыныш сезімі бет-әлпетіңнің қуқылдануынан сезіледі, қуанышың – жадырауыңмен, қайғың – түнеруіңмен, ұятың – қызаруыңмен, сүйіспеншілігің – көз тігуіңмен, риза болуың – жайдарлығыңмен көзге көріне қалады.
Ұят, ұялу – ішкі жан сырыңды сыртқа шығарарлық қасиетті де, қасіретті де сезім. «Ол сезім қазағымда қалай пайда болды және қалай өріс алуда?» деген сауалға жауап іздер болсақ, ол жоғарыдағы ауытқулардан, асығыстықтан, берекесізденуден, ақыл мен парасаттылық қасиеттеріңнің оралымсыздығынан, ар мен намысыңның сөніңкірегенінен, жігер мен қайратыңның ынсапсыздығынан, өрепкуіңнен, менмендікке салынуыңнан, асқақтауыңнан, мансапқорлығыңнан туындайды. Осылар арқылы пайда болған ағаттығыңды тез түсінсең, еркіңді шапшаң жинап алсаң, бетке тепкен ұятың қасиетті де қастерлі, адамгершілік, инабаттылығыңнан тіпті де ада еместігің, ақылың мен арыңның шашырамағандығы. Ұят мезеттік сезім болғанмен, оның салдары ақылды адамды терең ойға батырады, кешірім сұрауға мәжбүр етеді.
Ұялу – мәдениеттілік! Ол дөрекілікке қарсы қойылады. Ағаттық жасап, кінәлі болсаң, тез кешірім сұра, сенің кінәң тазарады, көңілің көтеріледі, сөйтіп, мәдениеттілігіңді танытасың, ағайын!
Әсіресе, ер балалар кейде алдау мен ойнаудың арақатынасын айқын анықтап ала алмайды да, ойнаймын деп, жолдас-құрдасының өзіне деген сенімін жоғалтып алуы мүмкін. Халқымыздың «Ойнасаң да, ойлап ойна» дейтіні осыдан. Кейде «Ойыннан от шығады» деп, қатал ескертеді. Осылардың бәрі ер балалардың кейбір ерсі қылығынан туындайды. Ерсі қылық көбіне ұятқа қалдырады.
Ал қыз балалардың ұяты тек абырой сақтаумен шектелінбейді, ар сақтаумен де байланысты. Қыздарымыз – ел намысы, ел ары, ел гүлі. Кейде қазағым: «Туған жер үшін күрес – ұлға тиген үлес, ар үшін күрес – қызға тиген үлес», – деп түйіндейді. Арлы болу – жарлы болу деген емес, байлықтың нағыз қайнар көзі. Әсіресе, қыз бала арлы болуды ару болған анасынан тағылымдайды. Өзін жат жұрттыққа балаған қыз бала барған жерінде бағалы болуын ерте-ақ ойлануы керек. Қыз баланың байлығы – арын аяққа баспау, намысын сақтау; солардан кейін ғана ождан байлығы өзінен-өзі келеді, абырой-атаққа тезірек ие болады.

уяла билу де адептилик
0 0 голоса
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх