Ағайынның ақ ниеті деп ұғын,
Келін-бала, ажырамас тел ұғым.
Елден бұрын төбем көкке жетеді,
Десе біреу: “Жақсы екен келінің!”
Кел сүйейін маңдайыңнан, кел, күнім,
Ақ тілеуім ақ отауға ен, гүлім.
Шайқап ішіп бал шарабын бақыттың,
Қуаныштан мас болайын мен бүгін.
Келін боп түскен бүгін әдемі қыз,
Үлкенге түзу болсын сәлеміңіз!
Бірге тойлап жастардың қуанышын,
Байқатайын жүректің жыр ағысын.
Көтеремін, туғандар, осы тосты
Ұл-қызы ортақ құдағи-құдам үшін!
Өмірлері бақытты, әнді болсын,
Өңірлері осындай сәнді болсын!
Достық пенен жастық шақ жалын атып,
Ақ махаббат баянды, мәнді болсын!
Халқыңа қалаулы бол,
Еліңе елеулі бол.
Бір баламыз екеу болсын,
Жас жұбайлар одағы бекем болсын!
Егіз аққу сияқтанған достарым,
Бастапсыздар жұбайлы өмір-дастанын.
Мықты болсын тіккен ордаң-отауың,
Құтты болсын алғаш түндік ашқаның!
Бір ісіңнен асып түсіп бір ісің,
Шарықтасын құт-береке – ырысың.
Отауың да кішігірім – отаның,
Мәңгі болсын,
Мәнді болсын Ұлысың
Адамның бір қызығы бала деген,
Баласыз көңіл шіркін толар ма екен.
Дүбірлі той жасамай баласына,
Қазақтың жағасы жайлауына қонар ма екен.Құтты болсын шалқар тойың,
Тарқамасын үйіңнен қызық-ойын.
Бақытына кенеліп екі жастың,
Тола берсін ырысқа қоныш-қойның.
Ақ тілегін ақтарылған бүгін дәйім,
Қабыл болсын ниеттер ылғидайын.
Түгенделген ұлыңның үш жұртының,
Ынтымағы жарассын барған сайын.
Кенелген көкірегіме тілегімді,
Білесің ақ көңіліммен тілерімді.
Ұрпағың ұрпағыңа ұлассын деп,
Ұсындым ақ тілеулі жүрегімді!!!
Құрметті тойшы қауым!
Бүгін міне Сырымның ауылында,
Алатаудың бауырында
Жадырасып жарасатын,
Жамырасып тарасатын,
Балдай тәтті тілектер тыңдалатын,
Ән тербеген жүректер нұрланатын,
Қызығы күннен күнге жырланатын,
Келмегендер қызықтан құр қалатын
Бір тамаша той болып жатыр.
Ол-бүгінгі Асқар мен Ботаның шаттыққа толы шаңырақ көтеру екені баршаға мәлім. Сол той тойларға ұласып жалғасын таба берсін!