Жүктілікті жоспарлау – ана мен бала денсаулығының кепілі. Дайындықты ағзаны витаминдермен қуаттандырудан бастаңыз. Қандай витаминдер дейсіз бе?
Әлбетте, ең дұрысы дәрумендерді жеміс-жидектен, органикалық азық-түліктен алу. Бірақ күз, қыс маусымдарында табиғи дәрумендер жеткіліксіз боғандықтан дәріханаларға баруға тура келеді. Бұл препараттарды бала көтеруден кемінде 30 күн бұрын қабылдай бастаған жөн.
Еркектерге арналған витаминдер
Еркектер витаминдерді жоспарлы күннен 3 ай (90 күн) бұрын қабылдаған жөн. Себебі сперматозоидтың пісіп жетілу уақыты 72 күн және әр күн оларға витаминдер мен минералдар қажет. Сперматозоид сапасын жақсартып, жүктілік ықтималдылығын арттыру үшін келесі витаминдер ұсынылады:
Фолий қышқылы (В9). Ол құрылымы дұрыс белсенді сперматозоидтардың түзілуіне ықпал етеді.
Е витамині. Ол сперматозоидтарды зақымдалудан қорғайды.
С витамині және мырыш. Еркектердің жыныстық гормондарының белсенді синтезін қолдайды, жыныстық қатынасқа құштарлықтың бәсеңдемеуіне оң әсер етеді.
Селен. Еркектердің жыныстық белсенділігі үшін қажет. Егер организмде селен жетіспеушілігі болмаса, еркек жасы ұлғайса да қосымша құралдарсыз қуатты болады.
Әйелдерге арналған витаминдер
Ең алдымен зиянды әдеттерден арылыңыз. Тек сау әйел дүниеге сау баланы әкеледі. Сондықтан алдын ала анализ тапсырып, диагностика жасаңыз. Себебі тоғыз ай бойы сіздің құрсағыңыз жаңа өмірдің қуат көзі болуы тиіс. Жүкті болғанда қабылдайтын витаминдерді сізге дәрігеріңіз жазып берер. Ал жүктілікке дейінгі дайындық кезеңінде мына витаминдердің жеткілікті болуын қадағалаңыз.
Фолий қышқылы (В9). Тәуліктік норма 200 мкг, ал жүктіліккке дайындық кезінде оның қажеттілігі екі есе артады. Фолий қышқылын бала көтерген соң да 12 аптаға дейін қабылдаған жөн. Оның жетіспеушілігі сәбидің ой-кемістігіне және мидың дамуына қатысты басқа да ауытқушылықтарға себепкер болуы мүмкін.
Е витамині. Жүктілік кезінде тәулігіне қажеттілік мөлшері 100-300 МЕ дейін. Е витамині әйелдердің репродуктивті жүйесінің қызметін жақсартады, әйелдердің жыныстық гормондарын ретке келтіреді, сау баланы дүниеге әкелу үшін барлық жағдайлар жасайды. Бұл витаминді қабылдау мерзімінен бұрын түсік тастау немесе баланың шетінеуінің алдын алудың ең тиімді шарасы болып саналады.
D витамині. Тәуліктік дозасы 400 МЕ аспауы тиіс. Оның арқасында организмдегі кальций жақсы қорытылады. D витамині сәби сүйегінің дұрыс әрі жылдам қалыптасуына ықпал етеді. Егер күнге жеткілікті шығатын болсаңыз, оның мөлшері дәрігердің кеңесі бойынша азайтылуы мүмкін.
К витамині. Тәулігіне 1 мг мөлшерінде қабылдау қажет. Бұл витамин қан ұюы процессіне қатысады, ал бұл босану кезінде өте маңызды көрсеткіштің бірі.
Н витамині. Тәулігіне 300 МЕ. Көмірсутек алмасуы процесі үшін, қандағы қант деңгейін нормада ұстап тұру үшін қажет.
А витамині. Тәуліктік нормасы 3000 МЕ. Бұл витаминді нормадан асырмай қабылдау қажет. Оның шамадан тыс мөлшері эмбрион мен ұрықтың аномалиясына әкелуі мүмкін. Сондықтан А витаминінің қауіпсіз түрі бета-каротин қабылдау ұсынылады.
С витамині. Тәуліктік нормасы 60 мг. Әдетте жүктілердің ең басты проблемасы анемия. Бұл витамин анемияның алдын алу, темірдің қорытылуы үшін қажет.
Йод. бұл витамин емес, минерал. Алайда оның тапшылығы ана денсаулығына ғана емес, сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс дамымауына әсер етуі мүмкін. Йод құрамды препараттарды тек жоспарлау кезінде емес, бала емізу кезінде де қабылдаған жөн.
Е, С витаминдері мен бета-каротин туралы қосымша айтарымыз, бұл антиоксиданттар. Оларды қабылдау репродуктивті жүйені еркін радикалдардың негативті әсерінен қорғайды, сонымен қатар эндокринді және қан тамыр жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді. Ал бұл жүктіліктің басталуы үшін маңызды факторлар. Сонымен қатар антиоксиданттар иммунды жүйені қорғайды.
Бұл витаминдер тек аналар үшін ғана емес, болашақ сәбиге де қажет. Себебі ұрықтану кезінен бастап эмбрионда биохимиялық процесстер өте белсенді жүре бастайды.