Мінезіңнің міні жоқ – майда қоңыр,
Бір жымисаң кетеді жайнап өңір.
Ризасыз пейіліңе дархан дала,
Айырмасын шаттықтан қайран өмір.
Мейірімнің нұры тұнып жанарыңа,
Қарайсың әкеміздің қабағына.
Балаларың бақытқа бөленеді,
Көзіңнен күннің нұры тамады да.
Төріңнен күн жоқ қонақ толастаған,
Күй шалқып, отауыңда жарасқан ән.
Ананы қазақ – тәңір санапты ғой,
Өзіңнен бұл фәниде жан аспаған.
Анажан, түсір күткен келініңді,
Жоғалтпа ұрпағыңа сеніміңді.
Жүре бер шыңырақтың құты боп
Аспанға атайын мен бөрігімді.