...

ҮЙСІН

ҮЙСІНДЕР, Сарыүйсіндер, ұраны «Байтоқ» таңбасы:

Көптеген тарихи деректемелер бір ауыздан үйсіндердің қазақтардың ғана емес, күллі Орта Азия аймағындағы басқа түркі халықтарының этникалық тарихында үлкен маңыз атқарған Жетісудағы көне түрік руларының бірі екенін айтады. Жетісу үйсіндері туралы тұңғыш мәліметтер біздің дәуірге дейінгі II ғасырдағы қытай жазба деректерінде кездеседі, олардың түтін басы сол кездің өзінде 120 мыңға жетіп, 630 мың адам және 188 800 әскер шығара алатыны шежіреге түскен. Бұның бәрі олардың үлкен де күшті халық болғанын көрсетеді, тіпті олармен қытайлар да, ғұндар да есептесіп отырған. Қытай императоры үйсіндермен үнемі елшілік алмасып келді. Бірде Үйсін әміршісі (Гуньмо) Шын еліне жаңа елшілік жіберіп, қытай ханшасын айттырып, оған қоса 1000 жылқы беруін талап етеді. Оның тілегі орындалып, ханша үйсіндердің қартайған патшасына тоқалдыққа ұзатылады, ал оның бәйбішесі ғұн билеушісінің қызы еді.
Бұдан біз Үйсін әміршісінің патшалармен неке байланыстары, олардың ғұндармен тығыз тізе қосып, қатар ғұмыр кешуін көреміз. Олардың өзара соғысып, бірақ бейбіт күндері неке одақтарын жасауға дейін келісіп, патшалар отбасы араласқаны және олар көбінесе саяси сипат алатыны аян.
Бичуриннің дерегі бойынша, үйсіндер әуелгіде Булунцзир өзенінің алқабында Дун-Хуан мен Унлян-шань маңында көшіп-қонып жүрді. Бұл өлке Жетісудан недәуір шығысқа қарай жатыр, бірақ Қазақ ССР тарихы 1-томының авторлары қазіргі археология мен палеантропология жетістіктеріне сүйеніп, сақтар мен үйсіндердің тамырластығын дәлелдеп, күмәнді сейілтіп, Жетісудың кең-байтақ жері олардың ата жұрты деп есептейді.
Қытай деректері бойынша, Жетісу үйсіндері туралы біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырдан бастап мағлұмат жетіп отыр, әйтсе де бұл бұған дейін үйсіндер болмады деген сөз емес.
Қазақ ССР тарихы авторларының пайымдауынша, үйсіндердің күшті тайпалары Жетісу өңірінде біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырларда өмір сүрді, ал лингвист С. Аманжолов «Қыпшақтар, қырғыздар және қаңлылармен қатар үйсіндер де түріктердің ежелгі тайпасы болып табылады. Олар қаңлы және қыпшақтармен қатар, біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырларда белгілі бола бастады» деп есептейді.
Әрине, үйсіндердің қонысы ол кезде ұзыннан-ұзақ созылып, Жетісудан шығысқа қарай Шығыс Түркістанға дейінгі кең-байтақ жерді алып жатты. Оның үстіне кеңес археологы, профессор Н. А. Бернштам Жетісу тарихы жайындағы өз зерттеулерінде шығыс үйсіндерінің көші-қоны туралы пікірді мүлде жоққа шығарып, Жетісудағы Сақ пен Үйсін тайпаларының тұрғылықты екенін алға тартады. Бұл тұжырымды Қазақстан археологтары К. Ақышев пен Г. Кушаев та қуаттайды.
Белгілі саяхатшы Г. Грумм-Гржимайло мен Қазақстан тарихшысы Зуев өз еңбектерінде үйсіндердің отаны алыс шығыс жақта болғанын атап өтіп, олар біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр ортасында батысқа қарай ойысып, Жетісуды жаулап алды деседі.
Белгілі шығыстанушы С. Малов та Жетісудан шалғай шығыстағы көне түріктің тасқа басқан жазбаларында, Тоныкөк туралы жыр ескерткішінде үйсіндер жөнінде де жазылғанын, Рашид ад-Диннің шежіресінде үйсіндер ордасы туралы хабарлайтынын сипаттайды.
Сондықтан бірқатар әдеби деректер үйсіндердің Жетісудан тарайтынына ден қойса да,
көне жазуларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Соған байланысты В. Востров пікірінің жаны бар. «Жетісу үйсіндерінің пайда болуы туралы ойға келсек, үйсіндердің шығыстан шығуы жайындағы көне жазбалар қалай айқын және дәл болса, Жетісу үйсіндері туралы мағлұматтар да сондай. Шынында да бұл өте күшті өніп-өскен ру, нақты айтқанда, еркін де кең қанат жайған тайпалар одағы болып табылады» деп жазды ол.
Қалай дегенде де, біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда үйсіндер Жетісу өңіріндегі Сақтар одағына енді. Бұдан кейін әр түрлі тарихи жағдайлар, өзара шапқыншылық пен қантөгіс соғыстардың салдарынан үйсіндердің әскери-саяси маңызы әсіресе, Жетісуда жужандардың билігі тұсында (б. д. III ғасыры) әлсіреп, Тянь-Шань тауларына қарай ысырылып, біздің дәуіріміздің V ғасырынан бастап, В. Бартольд тұжырымдап, А. Бернштам куәландырғандай, үйсіндер туралы әдебиетте VI ғасырда ешқандай мағлұмат келтірілмейді. Демек, бұл үйсіндер басқа этносаяси бірлестіктердің, нақтыласақ, Батыс түрік қағанаты және одан кейінгі ерте феодалдық мемлекеттердің құрамына кірді.
Шығыс Жетісу өңіріндегі археологиялық қазбаларға (Ақтас-2 мекені, Ақтас-1, 4, 6, Ақтау қорымдары) қарағанда, үйсін мәдениеті бұрынғы үйсіндер мекен еткен жердің бәрінде дәуірледі, тіпті X ғасырдан бастап, қытайдың жазбаларында үйсін рулары туралы қайтадан мәліметтер кездесіп отырады. Қазақстандағы уйсіндер елі туралы XV ғасырда араб жиһанкезі Мосуди де жазды.
М. Тынышбаев өз еңбегінде V ғасырдан бастап жазба деректерде үйсіндер туралы кездеспейді деген тұжырымға келеді. В. Бартольдтің пікіріне қарсы шығып, Қазақстан аумағында басқалармен қатар үйсіндер және олардың ұрпақтарының бертінге дейін өмір сүріп келгеніне дәлел келтіреді.
Біріншіден, шежіре бойынша ежелгі дулулардың тікелей үрім-бұтағы дулаттар сол аймақта өмір сүріп, Ұлы жүз құрамына ене, саны көп ру ретінде қалыптасып, мәшһүр тұлғалардың бастауымен түрлі-түрлі тарихи оқиғаларға қатысқан. Бұдан тыс ол XIII ғасырдың ортасында Персияға өткен Қулағу ханның әскерімеи бірге барған моңғолдардың аузынан жазылып алынған Рашид ад-Диннің «монғол тарихын» келтіреді. Қулағу ханның сарбаздары Жетісуды көктей өткенде Шағатай әулетіне бағынатын Шу бойындағы үйсіндерді ұшырастырады. Оған қоса Ташкент маңайында XX ғасырдың басында тұрғындары үйсін деп аталатын үйсін қыстағы болғанын атап өтеді.
Сонымен, Ұлы жүз құрамына кірген бүкіл руларды қазақ шежіресі үйсіндер деп атайды. Біздегі қолда бар мағлұматтарға қарағанда, Ұлы жүзден (Ақарыс, Ақшора, Байшора, Үйсін) Жуман тарайды, одан Кейкі би, одан Төбе би, одан Майқы, Қоғам, Қойылдыр мен Мекрейіл. Ал, Майқыдан Бақтияр, Қырық жүз, Мың жүз, Бақтиярдан Ойсыл мен Үйсін. Ойсылдан Сіргелі, ал Үйсіннен Ақсақал мен Жансақал шығады. Жансақалдан Жалайыр, Ақсақалдан Қараша би, одан Бәйдібек. Бәйдібектің бірінші әйелі Сары бәйбішеден Сарыүйсін, екінші әйелінен Жалмамбет, үшінші әйелінен Жарықшақ. Жалмамбеттің бірінші әйелі Мапыраштан Шапырашты, екінші әйелі Сыландыдан және үшінші әйелінен Ошақты мен Ысты атты ұлдар тарайды. Жарықшақтан Албан, Суан мен Дулат атты ұлдар өрбиді. Қоғамнан барып Қаңлы, Шанышқылы мен Қатаған өніп-өседі. Ұлы жүз құрамына енетін бүкіл рулардың алтын діңгегі осындай.
М. Тынышбаев осы үрім-бұтақпен сәйкестей отырып, бұл руларды басқаша топтауды ұсынады Ұлы жүз үш тармаққа бөлінеді: 1. Үйсін. 2. Жалайыр. 3. Қаңлы. Үйсіндерге Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсіндер және оған қосылатын Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі жатады; Жалайыр оқшау да, Қаңлыға Шанышқылы мен Қатағандар қосылады.
Бұдан байқалғандай, Ұлы жүздің құрамында тарих пен аңызға сүйенсек, ежелгі және бертініректегі үйсіндердің тікелей жалғасы Сарыүйсін тайпасы болып есептеледі.
Сарыүйсіндердің шығу тегі туралы И. Казанцев пен Н. Аристов аңыз-әңгімелер келтіреді. Н. Аристов бойынша, Сарыүйсіннің Қалша және Жақып деген екі ұлы бар. Қазақтың пайда болуына байланысты аңыз соған қатысты.
Аңыз айтатындай, Қалша Қадыр деген біреу қазақ даласын көктей өтіп бара жатқан жаулаушының әскербасы болыпты; әбден қалжырап аштан бұралып, шөлден қаталаған кезде, оны аспаннан түскен қаз (ақ қаз) ажалдан құтқарыпты, сөйтсе ол мейірбанды перінің қызы болып шығып, Қалша Қадырмен некелескен екен. Олардың үрім-бұтағы қазақ аталып кетіпті. В. Бартольдтің мәліметі бойынша, Қалша Қадыр тарихи тұлға, бұл татар ханын 1218 жылы бір жағынан Шыңғыс-хан, екінші жағынан Хорезм сұлтанының әскері қуғынға ұшыратады. Үйсіндер мен Сарыүйсіндердің ежелгі татарлармен жақындығын сөз жоқ мойындамасқа болмайды. Бұл аңызға байланысты С. Аманжолов «Қазақтардың тегінде, жоғарыда көрсеткеніміздей, үйсіндер, демек, қазақ халқы өзінің бергі атасы Сарыүйсін руынан шықты дегенге ишара жоқ» деп нақты атап өтеді. Әрине, Сарыүйсіндер бір ата болғанымен Ұлы жүз құрамына енетін ру, соған қарамастан С. Аманжолов ескертпесінің дұрыстығын атап өткен жөн.
Сарыүйсін руының этникалық құрамы жайында мәлімет там-тұм. Сондықтан әдебиеттегі небәрі кейбір деректермен шектелеміз. Сарыүйсіндер Ұлы жүздің басқа руларына қарағанда, онша көп емес. Мәселен, Н. Аристов XIX ғасырдың 60-жылдарында Сарыүйсіндер Жетісу облысы, Верный уезінің Сарытауқұм болысында 1200 шаңырақ, олардың аздаған бөлігі Сырдария уәлаятының Шымкент пен Әулиеата уездерінде тұрады деп хабарлайды. 1897 жылғы мәлімет бойынша, Сарытауқұм, Мойынқұм, Шу мен Қарақатты өзендерінің бойында тұратындарының түтін саны 1700-ге дейін жеткен, ал М. Тынышбаевтың келтіруінше, 1917 жылы Жетісу уәлаяты Верный уезін 10 мың Сарыүйсіндер қоныстанған.
Көптеген авторлар (М. Тынышбаев, С. Аманжолов, В. Востров) Сарыүйсін руы тегінің құрамы туралы айтқанда оның екі ұлы болғанымен шектеледі: Сарыүйсіндердің екі атасы Қалша мен Жақып есімімен аталады. Сарыүйсін руының тегі туралы деректі Алатау округтік басқармасының 1865 жылғы тізімінің негізінде жасаған жұмысында Н. Аристов келтіреді, Сарыүйсіннің Қалша мен Жақып атты екі ұлынан басқа «қазіргі кезде Сарыүйсіндер 1200 шаңырақ, олар Жетісу уәлаяты Верный уезінің Сарыүйсін болысын құрайды, сөйтіп Іле өзенінің оң жағасындағы Күрті өзенінің солтүстігінде Қаратораңғы шатқалындағы Сарытауқұм қонысын Көкімбет (100 үй), Жанай (100 үй), Жолай-Танай (100 үй), ЖанДосай (200 үй), Құлыке-Қырық (200 үй)бәрі 700 үй аталары жайлайды. Бұл Сарыүйсіндердің негізгі тобы, ал жекелеген бөлігі Шымкент пен Әулиеата уездерінде шашырап өмір сүріп жатыр.
Жоғарыда аталғаы Сарыүйсін рулары бұрын Іле өзенінің оң жағын қоныстанып келсе, Түркістан генерал губернаторлығы құрылғаннан кейін Қапал мен Верный уезінің шекарасын Іле өзені бөліп тұрғандықтан, түбі бір туыс Дулаттарға жақындап, сол жағалауға өтті.
Сөйтіп, бізге мәлім әдеби деректерді салыстыра қарап, мойындауымыз керек, өте-мөте жадағайлау Қалша мен Жақып атты екі үлкен атаға бөлінетіп Сарыүйсіндер руы түп-тегін толық жасай алганымыз жоқ. Қалша өз кезегінде екі: Қайқы мен Сопы аталарына жіктеледі, ал Жақып жеті атадан тұрады: Кәкімбет, Жанай, Жолай-Танай, Жандосай, Күлеке-қырық, Баба мен Солтанқұл. Өкінішке қарай, деректердің аздығынан үрім-бұтақтың тұтас кестесін жасаудың мүмкіндігі болмады.
Сарыүйсіндердің де ұраны «Байтоқ». Дулаттарға алтыншы атадан барып қосылады. Сарыүйсіндердің рулық таңбасы астында айқышы бар, төртбұрыш болып келеді. Сарыүйсіндердің осы рулық ұраны мен таңбасы бізге белгілі күллі деректер мен ел арасынан жинаған жазбаларда бір ауыздан мақұлданады.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Сарыүйсін руы Іленің оң жағасындағы Күрті өзенінің сағасындағы Сарытауқұм ұшы-қиырсыз өңірін қоныстанған болатын. Сарыүйсіндердің тұрмыс тіршілігі мен өмір деңгейі Верный уезіндегі өз ата қонысының ауа райына байланысты болып келді. Сарыүйсіндердің Әулиеата уезін жайлаған аздаған тобының қонысы Құлдауыт, Шу мен Талас өзендерінің бойындағы Мойынқұм. Сондықтан Верныйдың да, Әулиеатаның да Сарыүйсіндері негізінен малмен айналысты. Олар қыстауларда қора-қопсы салған емес, қой мен ешкіге сексеуілден ашық шарбақ жасап, өздері киіз үйде тұрып жатты. Түйе, қой, ешкі, жылқы өсіріп, ірі қара малды аз ұстады. Көші- қонда түйені, жылқыны пайдаланды, ілуде бірен-саран жарлы-жақыбайлар лауға өгізді жекті. Суды құдықтардан тартып, мүмкіндік болған тұста өзен суаттарын, ал қысты күні қарды тұтынды. Қысқа қарай арнайы жем-шөп әзірлеген жоқ. Егіншілік кәсібімен айналыспады. Там-тұм егін өнімдерін (тары, бидай) көрші диқандардан айырбастап алып отырды.
Сарыүйсін руларының (Қалша меп Жақып) қыстауы Күрті өзенінен басталып, Іленің оң жағалауына дейін созылып жатқан Тауқұм, Бұйратқұм,Ұялыкесік, Жиек, Ақкесік, Жусан, Жолбарысты-раңды, Ақтоғай, Қарашеңгел, Көкжиде, Шоқсуат өңіріне орналасып жүрді.
Көктем меп күзде Сарыүйсіндер Іле өзенінің жағалауын қоныстанып, көп шаруашылық сол жерді жайлады, тек ірі байлар жазғытұрымға қарай қойнау-қойнауға көшіп кететін. Мәселен, Сарыүйсіннен шыққан мыңғырған бай Қали Қарой шатқалында 12 мың бас қой өргізді, бірнеше әйел алып, қыстауда бірнеше қора салдырып, тіпті Верныйдың өзінде үлкен әулеті бар үйі болды. Оның тоқалынан туған Қазақстан Республикасының халық әртісі Гүлжаһан Ғалиева Алматыда дүние салған. Қали Орта Азия, Сібір мен Орынбор арасында қоймен сауданы кеңінен жолға қойды. Қазан төңкерісінен кейін ол бүкіл мал-жанын Кеңестерге өткізіп, отбасымен Қытайға кетіп, сонда қайтыс болды.
Қалша руынан тараған кішігірім шаруашылықтар Сарыүйсіндердің оңтүстік шекарасында көктем мен күзде өз отарын Желбұлақ, Айдарлы, Аяққұдық, Қапшағай, Жиек, Күрті, Қаратораңғы маңайында өрістетіп, көбісі осында жайлап, ең ауқаттылары Қараойға дейін көшіп қонып жүрді.
Әулиеата уезіндегі Сарыүйсіидер Құрағаты өзенінің Шуга құятын сағасының сол жағалауына қыстап жүрді. Ал, Сарыүйсіндердің екінші бір шағын тобы бұл уақытта Талас өзені бойында қоныс тепті. Сарыүйсіндердің көктемгі-күзгі қонысы Шу мен Талас, Мойынқұм өңірінде болып, жазда Іле Алатауының альпі шабындықтарына бауыр басатын. Шу мен Таластың Сарыүйсіндері ішінара егіншілікпен айналысты. Негізінен қыстауларға жақын жерде кедей жатақтар қалып, егін салып, тары, бидай мен бау-бақша өсірді.
Сарыүйсіндердің өмірінде бәрібір мал шаруашылығы өнімдері айрықша маңыз алды. Күллі заттық мәдениеттің нышандарында, азық-түлік, киім-кешек, үй-орман, тұтынатын бұйымдарға дейін үй жануарлары ерекше орын алатын еді.
Сонымен, түріктің ежелгі руларының бірі үйсіндер қазақ халқының ғана емес, басқа да түрік халықтарының этникалық тарихында үлкен маңыз атқарды. Бұл жөнінде төңкеріске дейінгі де, одан кейінгі де зерттеушілер дер кезінде жазды. Мәселен, Н. Аристов қырғыз бен өзбек халықтарының құрамында үйсіндер мен сарыүйсіндердің болғанын атап өтсе, М. Тынышбаев үйсіндер қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, түрікмендер мен қырым татарлары, қашғарлар мен ауғандықтардың этникалық құрамында да бар деп есептейді, ал С. Аманжолов үйсіндердің қырғыздар, өзбектер, қазақтар, татарлар, ноғай және тіпті монғолдар арасында болғаны туралы дерек келтіріп, В. Востров үйсіндер мен сарыүйсіндердің қазақтардан басқа қырғыздар және өзбектердің ішінде болғанын көрсетеді. Бұл үйсіндер мен сарыүйсіндердің өзге түрік халықтарының этникалық құрамында болғанын айғақтайтын авторлардың түгел тізімі емес, үйсіндердің ықпалын сезінген халықтар тізімі түгел деп әлі айта алмаймыз.

үйсін, уйсин, ұлы жүз, улы жуз, уйсиндер, ,
5 1 голос
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх