ТАБЫН
Осының алдындағы ру сияқты, ол туралы да алғашқы деректерді біз А. Тевкелевтен ғана кездестіреміз. Ел арасынан жинаған мәліметтер мен Тынышбаев келтірген табын руының жаманкерей, бозым, бегім және қайырқожа деген төрт тармағы бар.
Табындардың таңба белгілері әр түрлі. Жалпы ру таңбасы О (тостаған); сонымен бірге табындарда тағы да ^ (шөміш, шөмішті табын тармағында), (тарақ, тарақты табын тармағында) және | (әліп) таңбалары бар. Жалпы рудың таңба белгісін салғастыру бізді тағы да дулаттарға (Ұлы жүз) әкеледі, оларда да жалпы тайпалық белгі дәл осындай, ал ^ және -р белгілері дулаттардың кейбір руларының таңбалары мен албан тайпасының таңбасынан еш айырмасы жоқ. Табын руы Ұлы жүзден шыққан деп жорамалдауға болады. Бұған дәлел ретінде табын руында да, албан тайпасында да бозым руы бар екенін көреміз. | (көсеу) таңбасы қаңлы тайпасының (Ұлы жүз) таңбасына, ал т (тарақ) таңбасы нақ сол жүздегі жалайыр тайпасының таңбасына ұқсайды. Тарақ таңбасының жалайыр тайпасынан шыққандардікі екенін табын руы шежіресі нұсқаларының бірі көрсетеді.
Табындардың тегі аралас екенін оларда бірнеше ұран болуы да көрсетеді. Гродековте бар мәліметтер бойынша, Сырдария табындарының ұрандары «Серке» және «Тостаған», ал ел арасынан жинаған мәліметтер бойынша, батыс табындарының ұраны «Алаш». С. И. Руденко өз еңбектерінің бірінде монғолдарға дейінгі уақытта, аңыз бойынша, башқұрттар он екі руға бөлінген деп жазады. Бұдан әрі ол осы рулар, ішінде табындар да болған деп көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін, сондай-ақ С. И. Руденконың деректемесін ескере келгенде, табын руының тарихын былайша негіздеуге болады. Монғолдардың шапқыншылығынан көп бұрын қазіргі Батыс Қазақстан мен Оралдың арғы жағындағы далаларда басқа тайпалар мен рулар арасында сол кезде-ақ жергілікті табын тайпасы болып, ол саяси немесе экономикалық сипаттағы әлдебір жағдайлардың әсерінен бөлініп кетуі ықтимал. Оның бір бөлігі солтүстікке, қазіргі Башқұртстан аумағына барып, Ибн Фадман айтқан Башқұрт халқының құрамына кірген.
Монғолдарға дейінгі уақыттың өзінде-ақ башқұрттар құрамына табындардың енгенін біз бұдан бұрын көрсеткенбіз. Алайда табындардың көпшілік бөлігі өз жерінде калып, монғолдардан кейінгі кезеңде руының атын сақтап қала отырып, Ұлы жүз тайпаларынан шыққандарды өз құрамына қабылдаған болуы мүмкін. Ал ұлы жүздіктердің қосылған бөлігі олардың ру атын қабылдап, оларға өз таңбаларын берген. Табын руының едәуір бөлігі, атап айтқанда, бозым (төртұл) Орта жүздің керей, найман және арғын сияқты ірі тайпаларының құрамына енген, олардың арасында төртұл және өзбектер құрамына енген (локайлар) да аталады.