Мектепті, балам, бітірдің,
Самғатты қиял ғарышқа.
Қанаты арман кұсыңның
Апарсын сені алысқа.
Ұстазға бауыр басқансың,
Айналып мектеп үйіңе.
Дүбірлі тірлік бастарсың,
Дүрмекке толы дүние.
Келешегің түр алдыңда,
Күтеді тірлік сынағы.
Қакың жоқ мүлгіп-қалғуға,
Қауқарсыз жандар бұғады.
Кешегі шәкірт бала едің,
Қарайсың бүгін жігіт боп.
Шарлағын арман әлемін,
Шыңдарға шыңнан биіктеп.
Отаның сипап маңдайдан,
Аямас сенен жақсысын.
Ізде, тап, қиыр-шалғайдан
Еліңе қажет бақ құсын.
Бастарсың істі кемелді,
Үміттің отын лаулатып.
Жігіт боп өскін өрелі,
Кетпесін өмір аунатып.
Асқарға қолың сөз, балам,
Бәйгеге түс те, бақ сына.
Намысқа тиер озбаған,
Қол соғар жұртың жақсыға.
Ғылым қу, елге ет еңбек,
Маман бол қажет білікті
Өресі биік екен деп,
Мақтайды жампоз жігітті.
Білімді басқа жастадың,
Ғылымды іздеп үңіліп.
Өмірге сапар бастадың,
Алдыңда күліп түр үміт.
Өмірден енді дәріс ал,
Білім мен ойды қоса ұштап,
Самғауға, балам, барын сал,
Қанатың болсын аттестат.
Түсініп жөн мен жобаны,
Ер жеткен жансың жетелі.
Шыңдарда ғана болады,
Қыранның салған мекені.