...

XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ

XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ОРНАЛАСУЫ
Қазақ халқының пайда болған кезінен бастап оның тарихы сыртқы дүниемен өзара тығыз байланысты болды. Қазан, Астрахан және Сібір хандықтарын бағындырғаннан кейін (XVI ғ.) Орыс мемлекетінің шекарасы көшпелі қазақтармен тоғысты; Қазақстанның шығыс шекарасында Жоңғар хандығының агрессиясы күшейді; қазақтардың Орта Азия хандықтарымен өзара қатынастарында үздіксіз шапқыншылықтар мен соғыстар орын алды.
Сөйтіп, XVIII ғасыр қауырт оқиғалармен басталды. Бұл кезеңдегі қазақ хандықтарының Ресей, Жоңғария сияқты көршілерімен өзара қатынасындағы екі бағытты атап көрсетуге болады.
1. Ресейдің Қазақстанға енуі Кейінгі орта ғасырлар дәуірінде қуаттана түскен кез келген мемлекет сияқты Ресей империясы да енді сауда жолдарын, шикізат базаларын, өнім өткізу рыноктарын жедел түрде іздестіруге ұмтылды. Бұған жету үшін басқа көршілес елдердің аумағына еніп, мүмкін болған жағдайда жаңа жерлерді қосып алу қажет болды. Бұның өзі бір жағынан жаңадан қосып алған жерлерден алынатын алым-салық арқылы өз қазынасын толықтыра түсуге мүмкіндік беретін еді.
«Өлкені орыстар отарлаған кезде, деп жазды XX ғасырдың басындағы авторлар, екі жағдайды: мұнда ерікті отаршылардың пайда болуын және олардың ізімен үкімет жасақтарының жылжуын аңғаруға болады. Ерікті отарлау ауыр тұрмыс жағдайларынан немесе баюдың оңай әдісі үшін қашқан шаруалардың, қылмыскерлердің, сектанттар мен әр түрлі қашқындардың пайда болуына байланысты жүзеге асырылды. Бұл жөнінен олардың мейлінше назар аударған жерлері Оңтүстік Орал мен елдің Солтүстік-шығысы еді. Бұл жерлерде XVI, XVII және XVIII ғасырларда осындай аты-жөні беймәлім мыңдаған адамдар жиналды. Яки бейтаныс елге ілгерілей түсіп, «жер көру» жөніндегі ой туды».
Ресей, Қазақстан тарихында аты ерекше аталатын Ермак та осындай жасақ басшыларының бірі болатын. ал оның жеке басы мен отаршылдық іс-әрекетін кейбір зерттеушілер барынша боямалап көрсетіп, дәріптеп келді.
Қазақ даласына жоспарлы түрде ену XVIII ғасырда басталды және ол патша өкіметінің нысаналы мемлекеттік саясатының өзегіне айналды.
Қазақстанды отарлау екі бағытта: оның батыс бөлігі (Кіші жүз) мен шығыс (Орта жүз) бағытында басталды. Біз зерттеп отырған тақырып Орта жүз болғандықтан, енді Ресейдің осы жаққа өту процесіне шолу жасайық.
Патша үкіметі дала өңірінде тірек пункттерін жасамайынша, осы бір беймәлім, бірақ қай жағынан болса да бай өлкені қосып алу мүмкін еместігін түсінді. 1598 жылы Көшім хандығының соңғы иеліктерін (қазіргі Есіл-Ертіс даласы) бағындыруды осы отарлау саясатының басы деп санауға болады.
XVIII ғасырдан бастап Ресей казактардың бекіністі шебін құруға кірісті. Олар қазақ даласын осы шептермен қоршап алып, қамал-бекіністер салу арқылы ішке қарай сұғына енуді жоспарлады.
XIX ғасырдың 70-жылдарында Ф. Усов осы шептердің құрылуы туралы былай деп жазды: «Сібір казак қоныстарының тұтас тізбегі Орынбор казак әскерінің шегінен Сібір поселкесінен (№ 73) бастап, шығыс бойлығымен батыстан тура шығысқа қарай бағытталып, Омбы қаласына дейін (шығыс бойлығындағы 91°) жетеді, солтүстік ендігінің 50° географиялық параллелін бойлай өтеді, бұл шеп Есіл, Пресногорьков немесе Горькая шептері, сондай-ақ әскердің оң қанаты деп аталады; Омбыдан оңтүстік-шығысқа қарай күрт бұрылып, ол географиялық ендіктің 6-градусы арқылы, Азиядағы ұлы өзендердің бірі Ертістің оң жағалауын бойлай созылып жатыр; солтүстік ендіктің 49-градусы маңында солтүстік-шығысқа, Бұқтырма өзенінің тау аңғарына қарай бұрылады да, сол арада, 103°34, шығыс бойлығы маңында, Қытай шекарасына жақын жерде жаңадан салынған Урал поселкесімен аяқталады. Омбымен Өскемен арасында казак шебі Ертіс, ал одан әрі оңтүстігінде Бұқтырма шебі деп аталады, олардың екеуі қосып алғанда (Сібір М. М.) әскердің сол қанатын Ертістің оң жағалауын бойлай созылып жатыр; солтүстік ендіктің 49-градусы маңында солтүстік-шығысқа, Бұқтырма өзенінің тау аңғарына қарай бұрылады да, сол арада, 103°34, шығыс бойлығы маңында, Қытай шекарасына жақын жерде жаңадан салынған Урал поселкесімен аяқталады. Омбы мен Өскемен арасында казак шебі Ертіс, ал одан әрі оңтүстігінде Бұқтырма шебі деп аталады, олардың екеуі қосып алғанда (Сібір М. М.) әскердің сол қанатын құрайды. Сібір казактары шебінің Сібір поселкесінен Урал поселкесіне дейінгі жалпы ұзындығы географиялық бойлық бойынша 20° немесе ені 10 шақырымнан 30 шақырымға дейін жететін 1801 шақырым болады».
Сібір әскерлері казак қоныстарының орнығуы XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, жүз жылдан астам уақытқа созылды.
Ертіс өзенін бойлай бекіністер салған кезінде қазақтардың иеліктеріне басып кірген жоңғарлар тарапынан қарсылыққа душар болды. Жоңғарлар Бухгольцтің үш мың адамдық әскерінің Ямышев көлі жанына бекініс салғаннан кейін Ертіс өзенін бойлай жоғары қарай жылжуына кедергі жасап, Ом өзенінің сағасына қайтып оралуға және сол жерде бекініс салуға мәжбүр етті.
Алайда жоңғарлар тұрақты әскерлердің ілгері жылжуына төтеп бере алмады. Ертіс бойында Семей бекінісі (1718) және Өскемен қамалы (1720) салынып, Ертіс бекіністі шебінің негізі қаланды.
Солтүстік жағынан Қазақстан аумағы оның шығыс бөлігінен (Орта жүздің жері) Горькая шебімен, Петропавл қамалымен және Омбы қамалынан Орынбор қамалына дейінгі бекіністер мен редуттар арқылы қоршап алынды. Ал оның арғы жағынан Кіші жүздің жері басталатын.
2. Жоңғар шапқыншылығы
Егер Ресей қазақ даласына үлкен қантөгіссіз-ақ ішкі аймақтарға бекіністер салу, шеп құру арқылы (Ертіс, Горькая) енсе, ал жоңғарлар «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей бірден күш көрсетіп, қазақ жеріне аш қасқырдай ұмтылды, халқын қанға батырды. Бұл шапқыншылық қазақ тайпаларының батысқа қарай қойдай ығып, жөңкіле көшуіне әкеп соқтырды, өйткені жеке-жеке бытырай қоныстанған олар жоңғарлардың ұйымдасқан тегеуірінді күшіне төтеп беріп тұра алмады.
Жоңғарлардың қазақ даласына баса көктеп кіруі сонау XVII ғасырдың бас кезінде-ақ басталған еді. 1621 жыльг Есіл өзеніне казактардың отряды жіберіліп, олар қайтып келгеннен кейін «өздері далада түрлі бағыттарда жүрген қалмақтар ізінің көп екенін хабарлады». 1623 жылы Тобыл воеводасы Матвей Годунов (Толай тайпамен байланыс орнату үшін Дмитрий Черкасов бастаған елші жіберді. Черкасов «Толай тайпа Қазақ ордасының жерінде, Көбік таудың маңында», яғни Алатаудың маңында деп жеткізген.
1637 жылы тайпаға жіберілген орыс елшісі «Ертіспен қайтып келе жатқан жолында өзі Железинка өзеніне дейін көптеген қалмақ адамдары мен олардың ұлыстарын көргенін, олардың тұсынан үш күн жүргенін» хабарлаған.
Сібірде орыс бекіністерінің болуы және әсіресе XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Ертіс бойына бекіністер салуы негізінен жоңғарлардың Орта жүз тайпалары мекендеген Орталық және Солтүстік Қазақстан даласына кеңінен енуіне жол бермеді.
1716 жылы Орта жүздің сұлтаны Қайып хан Тобылға жіберген Бекболат Екешев пен Байдәулет Бөриев Сібір губернаторы кінәз Гагаринге былай деп мәлімдеді: «Ол, Қайып хан, ұлы мәртебелі патшамен мәңгі тату болғысы келеді, ал ол, Қайып хан, қонтайшымен көптен бері жау, ал қазір өз елшілері аттанып кеткеннен кейін он немесе он бес мың әскермен оған қарсы соғысқа аттанғысы келеді».
Кінәз Гагариннің 1718 жылдың жазында Қазақ ордасына қазақтардың қалмақтармен соғысы туралы білу мақсатымен жіберген Б. Брянцев деген адамы «Қысқы Ангус өзені жанында» (сірә, Аягөз болса керек М. М.) қазақтардың 30 мыңдық әскерінің жеңіліс тапқанын, сондай-ақ қалмақтардың 1718 жылдың көктемінде жорық жасап, қазақтардың «Боқан, Шаян, Арыс деген үш өзені бойында» жеңіліске ұшырағанын хабарлаған.
Бұл арада мынаны атап өткен жөн. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бас кезінде қазақтар үш жүзге, бірнеше хандыққа бөлініп жатқан еді, яғни біртұтас мемлекет болған жоқ, ол жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы тұруға үлкен кедергі болды.
«XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы, деп жазды Ш. Ш. Уәлиханов, қырғыз (қазақ М. М.) халқының өміріндегі сұмдық уақыт болды. Жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық казактары және башқұрттар жан-жақтан ұлыстарын талап-тонап, малын айдап, көптеген қырғыздарды тұтас әулетімен тұтқынға алып кететін. Қақаған қыс, аштық пен жалаңаштық, аспаннан түскен сынақ сияқты, олардың қайғы-қасіретін еселей түсті».
Бұдан әрі Ш. Ш. Уәлиханов 1723 жылы жоңғарлардың қазақтарды қырып салғаны жайында жазады. «Құтырынған жоңғарлар түре қуған» Орта жүз қазақтары Самарқанд маңынан барып шықты, олардың бірқатары «көмек пен қамқорлық» іздеп, құдіретті Ресей шекарасына жақын қоныстанды.
Қазақтарды біртұтас жасаққа біріктіру ғана жоңғар шапқыншылығынан құтқарар еді. Халық батырлары: Кіші жүзден – Тайлақ, Орта жүзден Қабанбай мен Бөгенбай, Ұлы жүзден Саурық батырлар осындай бірліктің негізін қалады.
Ұлы Бұқар жырау бір толғауында жоңғарларға қарсы күреске белсене қатысқан батырлар руын атап көрсеткен: қаракерей Қабанбай (Найман тайпасынан М. М.), қанжығалы Бөгенбай (Арғын), шақшақ Жәнібек (Арғын), шапырашты Наурызбай (Ұлы жүз), тағы басқалар.
Қабанбай батыр (ержүректігі мен ақыл-парасаты үшін) ерекше беделді болған. Ол Аягөз төңірегінде туған. Бүкілхалықтық апат кезінде (1723) ол, аңыз бойынша, 31 жасқа толған екен. Демек, батыр 1692 жылы туған. Ерлігі мен оның жеткен жеңістері үшін ол «Дарабоз» (ердің ері) аталған, ал Абылай оны хан-батыр деп те атаған. Қабанбай батыр беделінің зор болғаны сонша, ол ауырып жатқанда қартайған Бұқар жырау оған барып, көңілін сұрай отырып, тез айығуына тілек білдірген.
Қаракерей Қабанбай туралы Ш. Ш. Уәлиханов та былай деп жазған: «Қарасақал (Шона) содан пана тауып, соның көмегімен найман ұрпақтарынан басқаруға шағын үлес алған…».
Сөйтіп үш жүздің барлық батырлары тізе қоса отырып 1726 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығысында жоңғарларға қатты соққы берді. Бұл оқиға халықтың рухын көтерді, ал оларды ойрандаған Қарасиыр деген жер «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. 1730 жылы қазақ жасақтары қалмақтарды тағы да ойсырата жеңіліске ұшыратып, олар шегінуге мәжбүр болды.
3. Ресей бодандығына түсу Бұдан бұрын, XVI ғасырдың аяғынан бастап, бодандыққа кіргенге дейін қазақ хандары мен Ресей патшалары арасында өзара әскери одақ туралы, Ресей бодандығына кірудің шарттарын анықтау тапсырылған қазақ елшіліктерін жіберу туралы келіссөздер жүргізіліп, Мәскеу мемлекеті қазақ хандықтары мен Ресей арасында сауда қатынастарын орнату және т. б. туралы мәселелер біршама қолға алынып та қойған-ды. Дегенмен, жалпы алғанда, негізгі қарым-қатынас келіссөздер жүргізу мен бір-біріне елшіліктер жіберуден әрі аспаған болатын.
XVIII ғасырдың басында орыстар бекіністі қоныстар шебін жасап, ал кей жерлерде қазақ даласына сұғына еніп жатқан кезде, қазақтарға жоңғарлар тарапынан қауіп төнген тұста Ресей бодандығына кіру туралы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың императрица Анна Иоанновнаға жолдаған хаты (1730) белгілі.
Сыртқы істер алқасы Әбілқайыр ханнан басқа тағы да екі хан Барақ пен Әбілмәмбет бар деп көрсетті, Соңғылары Орта жүздің сұлтандары, жоңғарларға қарсы соғысқа белсене қатысушылар еді. Барақ және Әбілмәмбет сұлтандардың қарамағындағы қазақ рулары, әлгі құжатта көрсетілгеніндей, Ұлытау мен Кішітау маңында, Сырдария, Сарысу, Торғай өзендері бойында, Қарақұмда, яғни Орта жүз жерінің батыс бөлігінде көшіп жүретін.
1731 жылғы 19-ақпан Кіші жүз қазақтарының Ресей бодандығын алған күні деп есептеледі. Императрица Анна бұл жөнінде Әбілқайыр ханның атына жолданған Грамотаға сол күні қол қойған еді.
Ал, Орта жүздің Ресейге еріксіз қосылуы тұтас бір ғасырға созылып, XIX ғасырдың бірінші жартысында аяқталды,
Қазақстанда қалыптасқан патриархалдық-феодалдық қатынастар жағдайында, рулық-тайпалық ұйым институттары әлі де күшті болып отырған кезде, сұлтандардың сесті де жеке дара ықпалдылығына қарамастан, Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде сол сұлтандардың пікірі бәрібір шешуші рөл атқарды. Олардың саны көп еді және бодандық туралы мәселенің шешілуі көбінесе осы сословиенің белгілі бір тобының үстемдігіне, белгілі бір адамның күші мен беделіне байланысты болатын.
Сонымен бірге халықтың салт-сана, мінез-құлық ерекшеліктерін де ескермеуге болмайды, нәсілдік жағынан да, діни көзқарасы мен мәдениеті, тұрмысы жағынан да көп айырмасы бар мемлекеттің бодандығына кіру қазақтар үшін оңай іс емес-ті. Тіпті ру, тайпа ішіндегі даулар да кейде шешуі қиын іс болып отырғанда, діні басқа, тілі басқа жұрт тарапынан қандай қамқоршылық күтуге болады? Ал қазақтардың Ресей бодандығына кіруі немесе оған қарсы болуы көп жағынан солардың ерік-жігеріне байланысты еді.
1734 жылғы 10-маусымда императрица Анна Иоанновнаның Грамотасымен «Сәмеке ханға, старшындарға және бүкіл Қайсақ Орта ордасының әскерлеріне оларды Ресей бодандығын алғаны бекітілді» деп хабарланды.
Орынбор экспедициясының бастығы И. Кирилловтың баяндама хатында (1836) Орта жүз өкілдері: Ырғыз өзенінің жоғарғы басында көшіп жүретін Жәнібек батыр, Торғай озені бойындағы Барақ сұлтан, Ертіс өзені маңайындағы Әбілмәмбет сұлтан Ресей бодандығын растағаны жайында айтылады.
1740 жылғы тамыз айында Әбілмәмбет хан ұлы мәртебелі императрица ағзамға «өзінің бүкіл үрім-бұтағымен және ордасымен бірге мәңгі адал және бағынышты» болатынына ант берді, Оның інісі Абылай сұлтан да өзіне бағынышты адамдармен бірге Ресей боданы екенін қуаттады.
1742 жылы 23-маусымда императрица Елизавета Орта жүз қазақтарын тікелей Ресей бодандығына қабылдау туралы грамотаға қол қойды.
Барлық үш жүздегі бірсыпыра қазақ руларының ант беру парағы бойынша (1742 жылғы тамыз) Орта жүздің қандай тайпалары мен рубасыларының ант бергенін білуге болады. Негізінен Арғын тайпасының жан басы көп: Шақшақ, Айдабол, Атығай, Төртұл, Қарауыл, Алтай рулары; Керей, Уақ, Найман және Қыпшақ тайпаларынан азын-аулақ рулары бодан болған.
1742 жылғы қараша айында бүкіл ордасымен, атап айтқанда, қырық мың шаңырақ Найман руымен Барақ сұлтан Ресей бодандығын қабыл алады.
Орта жүздің қазақ тайпалары ішінен бәрінен кешірек бодандыққа бас сұққан қоңыраттар. Олар 1745 жылғы қазан айында ант берді. Қоңырат тайпасы руларының бодандыққа кіруі XIX ғасырдың орта шеніне дейін созылды. Мысалы, 1848 жылы Орта Азиядан Ақмола ішкі округіне келген 274 шаңырақ (786 адам) қоңыраттар Ресей бодандығына қабылданды. Сол жылы оларға тағы да 61 шаңырақ (193 адам) қосылды.
XIX ғасырдың орта шеніне дейін созылған Ресей бодандығын алу процесі Орта жүздің барлық тайпасына тән болды. Мысалы, 1840 жылы Уақ тайпасының Шақа (2588 шаңырақ), Сарман (712 шаңырақ) рулары Ресей бодандығына қабылданып, Аягөз округінің құрамына енгізілді.
1839 жылдан 1849 жылға дейінгі кезеңде Ресей бодандығына 2000 шаңырақ Қыпшақ, Арғын тайпасының Қарауыл руынан 800 шаңырақ т. б. қабылданды.
Ресей бодандығына XIX ғасырдың екінші жартысында да қабылданғандар болды. Мысалы, 1865 жылы Найман тайпасының Қызай және Байжігіт болыстары ант берді. Бодандықты бұлайша кеш қабылдау Қазақстанның Қытаймен және Орта Азия хандықтарымен шекаралас аудандарының көбіне тән болды. Көптеген (саяси, әскери, экономикалық) себептерге байланысты қазақ рулары Қазақстан шегіне қайтып оралып, жайылым, жер учаскелерін алу үшін де олар Ресей қол астына енуге мәжбүр болды.
4. Қазақ жерін жоңғарлардан азат ету және ру-тайпаларды орналастыру
Енді негізгі мәселені айту үшін жоңғар шапқыншылығы кезінде жан-жаққа бытырай көшуге мәжбүр болған қазақ тайпалары мен руларын XVIII ғасырда өз жеріне қайта орналастыру мәселесіне тоқтала кету орынды.
Орынбор экспедициясының бастығы И. Кириллов Орта жүз көшіп жүретін бірнеше ірі аймақтарды: Торғай өзенін, Ырғыз өзенінің бас жағын және Ертіс өзені бойын бөліп көрсетіп, оны императрица Аннаға (1734) және Сыртқы істер алқасына (1736) хабарлаған болатын.
И. Кирилловтың бұл мәліметтеріне қоса А. И. Тевкелев Орта жүз көшін жүретін Тобыл мен Есіл өзендері бойындағы, Ертістің бас жағындағы және Көктау (Көкшетау М. М.) алқабындағы аймақтарды қосады.
Иван Лапин мен сақмар қазағы Мансұр Асановтың айтуында да Орта жүз қоныстарындағы осы жерлер сөз етіледі (1743).
Орта жүздің бұлайша қоныстануы қазақтардың жоңғарларға қарсы күресінің, сондай-ақ Жоңғар хандығын 1745 жылы Циндік Қытай талқандауының нәтижесі еді.
Бірақ бұл арада қазақ руларының бұлайша қоныстануына Қазақстанның шығыстағы шет аймақтарын әлі де иеленіп отырған ойраттармен және Іле, Ертіс өзендері бойындағы жерлерге әскерлері жиі бас сұға берген қытайлар мен қазақтардың өзара қатынастары ықпал еткенін атап өткен жөн. Қытай тарихшысы Вэй Юань ойраттардың төрт хандығы (дұрысы ұлыстары М. М.): орталығы Іле өзенінде болған чоростардың, орталығы Үрімшіде болған хошоуттардың, орталығы Ертісте болған дөрбіттердің және орталығы Ярда (Тарбағатайда) болған торғауыттардың хандықтары туралы хабарлаған.
Осындай жағдайда Абылай сұлтан (1771 жылы үш жүзге хан болып жарияланды. Ойраттардың ру ішіндегі және әулеттер арасындағы қырқыстарын пайдаланып (бірде Давациді, бірде Әмірсананы және т. б. қолдап), сонымен бірге күшейе түскен Циндік Қытаймен ашық жанжалға бармай, өзінің нағыз саясатшы екенін көрсетті.
Қытай ұлықтарының атап көрсетуінше, XVIII ғасырдың орта тұсында қазақтардың көшіп жүретін жерлері: Іле өзенінің солтүстік-батысында болып, содан соң олардың көбі біртіндеп солтүстік-шығысқа дейін жеткен. XVIII ғасырдың орта шеніне қарай Ертістің солтүстік жағасында да олардың Әмірсана қоныстарымен шектесіп жатқан жерлері болған. Алайда қазақ әскерлері Давациден жеңіліп қалады, бірақ бірнеше айдан кейін Абылай Батэм-Церемен (Әмірсананың бауыры М. М.) одақтасып, 10 мың әскерді бастап барып, Давацидің Бөріталдағы қонысын шабады.
Давациге қарсы күресте Абылай Қытайдыц қарсыласы Әмірсанаға қолдау жасады. Цин императорлары Абылаймен тіл табысуға барын салып, оны өз вассалы етуге тырысқан, мұны өзара хат алысып, елшілік жіберуден көруге болады.
Осы дипломатиялық айла-шарғылардың бәрінде Абылай бір мақсатты ежелгі қазақ руларына ежелгі жерлерін қайтарып әперуді көздеді. Мысалы, Қытай сарайынан жіберілген құжатта (1757 жылғы қараша) былай деп хабарланған: «Сіздің (Абылай сұлтанның М. М.) елшілеріңіз Тарбағатайды сіздердің ежелгі қоныстарыңыз (аудандарыңыз) болып табылады деп, (осы жерді) сыйға тартуды сұрады».
Алайда император Цяньлун әскери кеңеске (1760 жылғы сәуірде) Тарбағатайда қазақтар көшіп жүр деген мәлімет бар дей келіп, «оларды (Тарбағатай) бұл арадан тыс жерлерге дереу қуып тастауға» әмір берді.
Бұл арада қазақтардың ойраттармен және қытайлармен өзара қатынастарын егжей-тегжейлі қарастырып жату қажет емес, тек қана мынаны айта кеткен жөн: күрес пен дипломатиялық келіссөздер ұзақ жылдарға созылды және сайып келгенде, басқыншыларды Шығыс Қазақстан аумағынан ығыстырып шығарумен тынды. Алайда олардың қайтып оралуы ұзаққа созылды, қазақ руларының орыс бекіністерінен қорған табуы сирек кездесті, дегенмен, XVIII ғасырдың екінші жартысында көшіп-қону процесі елеулі болды. Сондықтап XVIII ғасырда қазақ тайпаларының қоныстануын қарастырған кезде этникалық процестің осы жағын да ескеру керек.
Қазақ тайпаларының, рулары мен олардың аталарының қоныстануы халық шежірелері мен аңыздарына, архив құжаттары мен әдеби басылымдарға негізделген.

XVIII ЖӘНЕ XIX ҒАСЫРДА ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ, он сегізінші ғасыр, ,, оң тоғызыншы ғасыр, орта жуз, орта жүз, ру, тайпа, шежире туралы, шежіре, дәстүр, дастур, текст,сөзі,сөздері,создери
5 1 голос
Рейтинг поста
Поделиться:
Подписаться
Уведомить о
guest
0 Комментарии
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Прокрутить вверх