ЫСЫҚ Ұраны Байтерек, таңбасы:
Ысық қазақ халқының құрамындағы тайпа. Шежіре деректеріне қарағанда, Кіші жүздегі байұлы бірлестігіне кіретін бақсиықтан өрбиді. Ы-тан ақсары (асан, кілеш), сарыбай (тоғыншы) рулары тарайды. Таңбасына қарап кейбір этнограф ғалымдар Ы-тың ертедегі тарихын Жетісуды мекендеген Ұлы жүз тайпаларымен байланыстырады. Шежіре деректері бойынша есентемір, шеркеш және Ы. руларының бәрі байұлы бірлестігіне кіреді. Соған қарамастан көптеген ғалымдар олардың өзара туыстығына күмәнмен қарайды. Дегенмен, олардың бақан сияқты таңбалары (масқарлардікі де) бір-біріне өте ұқсас болып келеді. Сол себепті этнологтар (В.Востров, т.б.) бұл бірлестіктерді Орта жүздегі найман тайпасымен тығыз байланыстырып, негізгі ұйтқысы наймандар болуы ықтимал деген пайымдау жасайды. Ы-дың келесі бір дөңгелек таңбасы дулаттардың таңбасымен үйлеседі. Ілкі замандардағы дерек көздерінің тапшылығынан Ы-дың әуел бастағы тарихы мардымсыз зерттелген. Ы-тар туралы алғашқы мәліметтерді М.Тевкелев жазбаларынан кездестіруге болады. Кейінірек Ларионов рапортында, А.Левшин еңбегінде де кездеседі. Бұл мағлұматтарға қарағанда, Ы. рулары Қазақстанның батыс аймағында мал ш-мен айналысқан. Ұраны Бәйтерек, таңбасы бақан, жарты үшбұрыш, дөңгелек.