Жамбыл атаның батасы
Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария, кең болар.
Артынша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам!
Атақ берген ата-ана,
Ел қадірін біл, балам!
* * *
Құдайым бұл үйге дұға берсін,
Тіл-аузын дұшпанының буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары балалар туа берсін!
* * *
Жүз жасаған жүректен
Уа, қарағым балалар!
Ер бол демей, не дейін.
Ереуілді майданда
Үстем болсын мерейің.
Жауды қырып, айдауға,
Талмай көмек берейін.
Дүбір қосып айғайға,
Қызыл тілді жебейін.
Сендерге өлең айтқанға,
Еш шаршадым демейін.
Қан майдан боп жатқанда,
Қарлығар ма көмейім!
Жүз жасаған жүректен
Жырларымды төгейін.
Көктеменің күніндей
Жауды жеңіп, күлімдеп.
Күлгеніңді көрейін.
«Қаһарманым! Күнім!»
деп Беттеріңнен өбейін.