ҚАЗАҚ ЖҮЗДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖАЙЫНДА
Қазақ жүздері ХV-ХVІ ғасырлар аралығында Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан тайпалар одағы. Жүздердің шығуы мен «Жүз» атауының тарихи мәні туралы ғылыми тұрғыда дәлелденген ортақ пікір әлі жоқ. Кейбір зерттеушілер бұл атауды әлде бір бүтін нәрсенің, құбылыстың «бөлшегі», «саласы», «бір жағы» деп қарастырса, енді біреулер оны «жүз», «жүздік» сандарымен байланыс-тырады. Қайткен күнде де қазақ жүздерін «өзінің саяси, экономикалық, тілдік және мәдени тұтастығымен сипатталатын дербес халықтың жеке бөлшектері» ретінде қарастырған жөн болар.
Қазақ жүздерінің қашан, қандай жағдайларға байланысты шығуы туралы да дәлелденген ортақ пікір жоқ. Н. И. Гродеков, Г. Н. Потанин және Н. А. Аристов сияқты зерттеушілер қазақ жүздерінің шығуы туралы кейбір халық арасына кеңінен тараған аңыз- әңгімелерді келтірумен ғана шектелген.
Айталық, Н. Гродеков Алаштың Байшора, Жаншора және Қарашора атты үш ұлы болған да, олар осы ретімен Ұлы, Орта және Кіші жүздердің арғы тектері болғандығы туралы аңызды келтіреді; М. Шорманов шежіресінің негізінде Г. Н. Потанин, қазақ халқының арғы тегі Қотанның Юсун, Ақжол және Алшын атты үш ұлы болған да, олар осы ретімен қазақтың үш жүзінің негізін салғандығы туралы екінші аңызды келтіреді; Диқанбай батыр шежіресінің негізінде Н. Аристов қазақ халқының арғы тегі Әбілқайырдың Байшора, Жаншора және Қарашора атты үш ұлы, осы ретімен қазақтың үш жүзінің негізін салғандығы туралы үшінші аңызды келтіреді; біздің ел арасынан жинаған деректеріміз үш түрлі аңызға негізделген болжамдар туғызып отыр. Бірінші болжам бойынша Қазақтың (Алаштың) Ақарыс, Жанарыс және Бекарыс атты үш ұлы болған; екінші болжам бойынша Қазақтан (Алаштан) Ақшора, Жаншора және Бекшора туады, үшінші болжам бойынша Қарамендеден Байшора, Жаншора және Қарашора туады да, олардан сол ретімен қазақтың үш жүзі бастау алады.
Әрине, мұның бәрі тек аңыз ғана, өйткені әр түрлі атпен қазақтың әр жүзіне жеке-дара оның түп атасын, яғни тегін табу ешбір шындыққа үйлеспейтіндігі ғылым тарапынан әлдеқашан дәлелденген жайт.
Шығыстанушы ғалым В. В. Вельяминов-Зернов қазақ жүздерінің Хақназар ханның тұсында (XVI ғ.) қалыптасқандығы туралы халық аңыздары негізінде жүздердің XVII ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде пайда болғандығын баяндайды. Ресей бас штабының офицері М. Красовский қазақ жүздеріпің қалыптасуын Қасым, Хақназар және Шығай сияқты қазақ хандарының заманындағы (XVI ғ.) олардың бір-бірінен алшаң орналасқан қоныстары қазақ жүздерінің шығуына негіз болғандығын дәлелдейді.
X. М. Әділгереев пен С. А. Аманжолов сияқты қазақ ғалымдары қазақ жүздерінің қалыптасуын монғол шабуылына дейінгі заманға, яғни б. з. VII-XI ғасырлардағы Батыс түрік қағанаты дәуіріне апарып тірейді.
Қазақ жүздерінің қалыптасу себептері жайында тарихи шындыққа недәуір жақын келетін ой-пікірді академик В. В. Бартольд айта келіп, табиғи және климаттық жағдайына қарай бір-бірінен ерекшеленген үш аймақта (Жетісу, Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталың Қазақстан және Батыс Қазақстан), қазақ жүздері мен қазақ хандығының қалыптасқандығын баян еткен.
Академик В. В. Бартольдтың бұл пікірін қолдай отырып, профессор М. П. Вяткин географиялық орта әсеріне қоса, ол аймақтардың экономикалық және саяси жағынан ерекшелене түсуі сол өңірлерде үш бірдей қазақ жүздерінің қалыптасуына негіз болғандығын дәлелдей түскен.
Бес томдық Қазақ ССР тарихының авторлары да көптеген этносаяси және кәсіби факторлардың әсерімен XV-XVI ғасырларда Қазақстан жерінде үш этноаумақтық бірлестік Ұлы, Орта және Кіші жүздер қалыптасқандығын атап көрсеткен. XV ғасырдың 60- жылдарында Жетісудың батысында қазақ хандығы құрылды. Ол бұдан кейінгі жылдарда өз аумағын үздіксіз кеңейте берудің нәтижесінде Батыс, Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстанның кең-байтақ атырабында мекендейтін көптеген түркі, түркіленген монғол және т. б. тайпалар мен руларды бағындырып, оларға өз үкімін жүргізді.
Нәтижесінде осы кең өлкеде қазақ халқы қалыптасты. Оның құрамына негізінен Қазақстан жеріндегі алғашқы феодалдық мемлекеттер қоластында болған жергілікті тайпалар енді. XV-XVI ғасырларда оның құрамына Көк және Ақ ордалар ыдырауынан кейін қалыптасқан Өзбек хандығы, Ноғай ордасы, Моғолстан және т. б. мемлекеттер енді. Хандықтың және біртұтас халықтың қалыптасуы көшпөлі қоғамда ру-тайпалық жікшілдікті, феодалдық бытыраңқылықты жоя алмады. Қазақ халқыпың қалыптасуымен бірге, үш жүзге бөліну шырғалаңы басталды. Бұл, әрине, жүздеген жылдарға созылған бұралаңы мол, өте ауыр да ұзақ даму кезеңі болды.
Сөйтіп, Қазақстан жерінде жүздердің құрылуы ондағы бір-бірінен оқшауланған үш табиғи географиялық және шаруашылық аймақта (Жетісу, Орталық және Батыс Қазақстан) саяси тұтастықтың әлсіздігіне байланысты еді. Жетісудағы Моғолстан мемлекетінің атырабында Ұлы Жүз бірлестігі; Орталық, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда Орта жүз бірлестігі; Батыс Қазақстандағы Ноғай ордасы атырабында Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Бұл бірлестіктердің арасында қарым-қатынас бір сәт үзілген емес, бірақ геополитикалық талқыға түскен елде саяси бірлік әлсірей берді, әр жүзде феодалдық ыдырау күшейе түсті. Жеке хандықтар, сұлтандар иеліктері XVIII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар шабуылына төтеп бере алмай, олар тез арада Ташкент, Түркістан қалаларына дейін басып алды. Мұның өзі қазақ жүздерінің саяси әлсіздігін көрсетті.
Қазақ халқының құрамына енген көне тайпалардың тарихы тек қазақтың ғана емес, сонымен бірге басқа да көптеген Орта Азия және Еділ бойы халықтарының шығу тегін зерттеуде де маңызды.
Жетісу өңірінде ежелгі үйсіндердің маңайына басқа тайпалардың топтасуы қазақ халқының қалыптасуынан көп бұрын болған. Мұндай бірігудің кәсіби себептерімен бірге сыртқы жаудан қорғану мақсаты да болғанға ұқсайды. Сөйтіп, күндердің күнінде Моғолстан құрамындағы бір топ тайпаларының тіл табысып шығысуының нәтижесінде олардың арасында пайда болған бірлік, ортақ мәдени дәстүр Ұлы жүз бірлестігін қалыптастырды. Ұлы жүз құрамына енген тайпаларды халық «Ұлы жүз үйсін» атандырған. Бұны кейбір архив, әдеби және ел арасынан өзіміз жинаған деректер де дәлелдей түседі. Ұлы жүз құрамына жалайыр, албан, суан, дулат, сарыүйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шапышқылы және қаңлы тайпалары енеді.
Үш жүздің басын қосып, бүкіл қазақ еліне хандық құрған Тәуке ханның заманында (1680-1718) Ұлы жүздің тікелей билеушісі Төле би болды. Тәуке хан, одан соң Болат хан өлгеннен кейін, әр жүзде хандықтар пайда болған кезде Ұлы жүзге Жолбарыс хан сайланды да, ол Ресеймен жақындасу амалын іздестірді. Бірақ, Жолбарыс хан 1739 жылы бәсекелестер қолынан қаза тауып, елді оның мұрагерлері басқарған. XVIII ғасырдың 40-жылдарында Ұлы жүз тайпаларының кейбір бөлігі Ресейге бодан болды. Бірақ бұл өңірдің Ресейден тым шеткері орталасуының нәтижесінде патша өкіметінің әмірі Ұлы жүз еліне шын мәнінде XIX ғасырдың ортасына дейін жүре қоймады.
Ұлы жүз жұртшылығы сап рет шетел басқыншыларының шабуылына душар болды. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Жоңғар шабуылының зардабын шекті. XIX ғасырдың басында Ұлы жүз мекенінің недәуір бөлігі Қоқан хандығының өктемдігін мойындауға мәжбүр болса, осы ғасырдың ортасында Ресей патшалығына бодандыққа еріксіз мойынсынды.
1848 жылы патша үкіметі Ұлы жүз қазақтарын басқару үшін Батыс-Сібір генерал- губернаторының құрамында Үлкен орда приставствосын (басқармасын) құрды. XIX ғасырдың 70-жылдарында Түркістан генерал-губернаторының құрылуына байланысты, оның құрамында Жетісу және Сырдария облыстары құрылды да, олар уездерге, облыстарға және ауылдарға бөлінді. Ұлы жүз қазақтарын патшалы Ресей тарапынан осылайша басқару жүйесі Қазан төңкерісінің жеңісіне дейін созылды.
XIX ғасырдың соңымен XX ғасырдың басында Ұлы жүз қазақтары негізінен Жетісу облысының Қапал, Жаркент және Верный уездерінде, Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент және Ташкент уездерінде мекендеген.
Қазақ хандығы мен жүздерінің қалыптасуынан көп жыл бұрын, сонау Алтайдан Дунайға дейінгі атырапта Қыпшақ тайпалық одағы өмір сүрді. Олар көптеген қазақ тайпаларының этникалық құрамына енді. Уақыт өте келе Шығыс және Орталық Қазақстан жерінде Орта жүз бірлестігі қа-лыптасты. Олардың тікелей түп төркіні Көк орда мен көшпелі өзбек мемлекетінің құрамындағы тайпалар еді. Оның ішінде әсіресе, Орта жүз бірлестігін қалыптастырудағы Арғын тайпасының ықпалы мен орны өзгеше болатын. Сондықтан да халық Орта жүз қазақтарын «Орта жүз арғын» атандырған. Оның құрамына арғын, найман, уақ, керей, қыпшақ және қоңырат тайпалары енеді.
Орта жүз қазақтарының қысқы тұрағы Сырдарияның орта ағысында, Қызылқұм, Мойынқұм өңірлерінде, Қаратаудың терістік беткейінде, Балқаш көлінің солтүстігінде болатып да, жазда Тобыл, Есіл, Торғай, Ертіс, Сарысу өзендерінің бойлары мен Сарыарқа өңірін жайлайтын. Орта жүз бірлестігі пайда болғаннан бастап, оның мекен-жайының аумағы біртіндеп кеңейе түсті. XVII ғасырда Орта жүз жұртшылығы Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның кең атырабын мекендеген еді. XVI-XVII ғасырларда Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың қоластындағы кең өңірде негізінен Орта жүз қазақтары мекендеді. XVIII ғасырдың басында Орта жүз жерінде Сәмеке және Күшік хандардың дербес хандықтары; Барақ және Әбілмәмбет төрелердің дербес иеліктері жеке-дара өмір сүрді. Мұндай феодалдық бытыраңқылық қазақ жерінің айтарлықтай бөлімін XVIII ғасырдың басында Жоңғар мемлекетінің жаулап алуына мүмкіндік туғызды. Айталық, наймандар мен керейлерді Алтайдан, Ертіс бойы мен Тарбағатай өңірінен; арғындарды Орталық және Оңтүстік Қазақстанның шығысынан Орталық Қазақстанның Солтүстік-батысы мен Оңтүстік өңіріне ығысуға мәжбүр етті. Бірақ Орта жүз жұртшылығы Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Оның басында Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Қаракерей Қабанбай батыр, Шақшақ ұлы Жәнібек батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, Сүйіндік, Бұқар жырау, Олжабай батырлар тұрды. Ұлы жүз тайпаларының мекен-жайы түгелдей Жоңғарлар билеуіне көшті де, Төле би Ташкентте отырып, Жоңғар хандығына бағынышты жағдайда салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Ал, Кіші жүз елі солтүстіктен казактар, башқұрттар, батыстап Еділ бойы қалмақтарының толассыз шабуылының нәтижесінде Әбілқайыр ханның басшылығымен Ресейге арқа сүйеуге мәжбүр болды. Сөйтіп, олардың Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда жоңғарға қарсы жүргізілген шайқастардан тыс қалғандары да шындық. Тіпті, Жоңғар мемлекетінің күйреуі кезінде Шығыс Түркістан шегінен өтіп жауға ойран салған да Бөгенбай, Қабанбай батырлардың айбынды қолдары болатын.
XVIII ғасырдың екінші жартысында, Жоңғар хандығының күйреуінен кейін Орта жүз тайпалары өздерінің атамекеніне оралды. XVIII ғасырдың соңына қарай олар Ырғыз, Торғай өзендеріне, Ресей шекарасынан Сырдарияның ортаңғы ағысына дейінгі аралықты алып жатты.
XVIII ғасырдың 40-жылдарында Орта жүз Ресей патшалығына бодандыққа түсуге мәжбүр болды. Жоңғар хандығы мүлде күйреген соң, Абылай сұлтан Орта жүз қазақтарын жеке хандыққа біріктіріп, 1771 жылы үш жүзге хан сайланды. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдыц басында Орта жүз жұртшылығы біршама өсіп, олардың мекен-жайы да кеңейе түсті. Нәтижесінде 1815 жылы Орта жүзде екінші хандық қалыптасып, Бөкей хан сайланды. 1817 жылы Бөкей хан, 1819 жылы Уәли хан өлгеннен кейін патша үкіметі Орта жүздегі хандықтарды жойып, олардың орнына 1824-1859 жылдар аралығында Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Аманқарағай, Баянауыл. Үшбұлақ, Көкпекті, Құсмұрын және Атбасар сияқты он сыртқы дуандарды құрып, оларды дуанбасы төрелер басқаратын етті. Дуан 1520 болыстан, әр болыс 1012 ауылдан тұратын. Мұндай әкімшілік жүйесі XIX ғасырдың 60 жылдарына дейін өмір сүрді.
Патшалы Ресей тарапынан қазақ хандығын жою халықтың мемлекеттігін, өз алдына елдігін жою әрекеттері отарлау саясатының негізгі мақсаты болғандығы даусыз. Сондықтан қазақ мемлекеттігі үшін күрес толастамады. Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлы 1837-1847 жылдар арасында азаттық үшін күрес жүргізді. Кенесары қазақ халқының соңғы ханы болды. Оны халық ақ киізге отырғызып хан көтерді. 1847 жылы патша генералдары астыртын айдап салған Алатау қырғыздарының қолынан қаза тапты. Осы тұста азаттық қозғалыс туыс халықтың қан төгісіне ұласқанын да айту керек.
1868 жылы саяси реформа бойынша Қазақстан жері облыстарға, уездерге, болыстарға және ауылдарға бөлінді. Қазан революциясына дейін Орта жүз жұртшылығы негізінен Торғай, Ақмола, Семей және жартылай Жетісу, Сырдария облыстарында мекендеген.
Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын Батыс Қазақстан өңірінде Маңғыт немесе Ноғайлы тайпалар одағы қалыптасқанды. Бұл одақтың құрылуына ішкі себептермен қоса, сыртқы дұшпаннан қорғану мақсаты да әсер еткен болар. XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында, мүмкін сәл кешіректе шығар, Ноғай Ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Сондықтан да Кіші жүз қазақтарын ел арасында «Кіші жүз Алшын» атандырған. Оның құрамына 12 ата Байұлы (адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, масқар, таз, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш); Жетіру (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан); 6 ата Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, тортқара, кете, шөмекей, шекті) енеді.
Байұлы рулары XVIII ғасырда негізінен Кіші жүз жерінің оңтүстік-батысын, яғни Жайық өзенінің төменгі ағысы мен Жем бойын, Сам құмы мен Маңғыстау түбегінде мекендейтін; Жетірудың көпшілігі Қазақстанның солтүстік-батысын, яғни Жайық өзенінің орта ағысын, Қобда, Елек және Ор өзендерінің бойын және Мұғалжар тауларының қойнауларын мекендейтін; Әлімұлы ұрпағы Батыс Қазақстанның кең-байтақ шығыс өңірін, яғни Ырғыз, Торғай өзендерінің бойында, Шалқар көлінің төңірегінде, Кіші және Үлкен Борсық құмдары мен Қарақұм атырабында және Сырдарияның төменгі ағысында мекендейтін.
Әрине, жоғарыда көрсетілген Кіші жүз қазақтарының мекен-жайлары еш өзгеріссіз қала берген жоқ. Кейбір рулар немесе оның шағын бөлімдері әрқилы себептермен қоныс аударып та тұрған. Мұндай жағдай, әсіресе XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шабуылына байланысты болса, сол ғасырдың екінші жартысында Сырым батыр көтерілісіне байланысты болды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Батыс Қазақстанның барлық өңірінде Кіші жүзге кіретін үш үлкен тайпалық топтардың өкілдерін де кездестіруге болатын еді. Дегенмен, олардың негізгі топтары өздерінің ата мекенінде қалды.
XVI-XVII ғасырларда Кіші жүз құрамына енген негізгі ру-тайпалық топтар Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың иеліктерінде болды. Тәуке хан Төле, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билер арқылы қазақтың үш жүзіне бірдей хандық билігін жүргізді.
Тәуке хан өлгеннен кейін Кіші жүзге Әбілқайыр хан сайланды да, ол біріншіден, жоңғарларға қарсы Ресей сияқты іргелі елге арқа сүйеу мақсатын көздесе, екіншіден, Ресей патшалығының қолдауымен қазақтың үш жүзіне бірдей өзінің хандық билігін орнатуды да ойлады. Қайткен күнде де, оның Ресеймен жақындасу саясатын жүргізгендігінде күмән жоқ. Ақырында, 1731 жылы ол Кіші жүз қазақтарын Ресейге бодан етіп тынды. Әбілқайырдың ресейшілдік саясатына қарсы топтар да аз болған жоқ. Нәтижесінде, ол 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқаннан соң Кіші жүз хандығына, оның мұрагерлері – Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ және Шерғазы хандар хандық салтанатын құрды. 1824 жылы патша өкіметі Кіші жүзде хандық басқаруды жойып, оның орнына басқарушы сұлтандар басшылығымен Кіші жүз жерін Батыс, Орта және Шығыс әкімшілік жерлеріне бөлді. Бірақ, көп ұзамай басқару жүйесі тағы да өзгеріп, «дистанциялық басқару жүйесі» енгізілді. Небәрі Кіші жүз жерінде 56 дистанция құрылып, олар ауылдарға бөлінді. Тек, Арал өңірінде, Қарақұм мен Маңғыстау түбегінде және Сырдария бойында мекендейтін елдерде бұрынғыдай рулық басқару жүйесі қалдырылды.
XIX ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында Бөкей хандығы құрылды. 1845 жылы Жәңгір хан өлген соң патша өкіметі Бөкей ордасындағы хан билігін де жойды. 1867-1868 жылдары саяси реформа бойынша Кіші жүз жері облыстарға, уездерге бөлінді де, Кіші жүз жұртшылығы Орал облысының Орал, Ілбішін, Темір уездерінде; Торғай облысының Ырғыз, Торғай және Ақтөбе уездерінде; Сырдария облысының Перовск, Қазалы уездерінде; Закаспий облысының Маңғыстау уездерінде және Бөкей ордасында қалды. Реформа патша өкіметінің отарлау саясатының мүддесіне сай жасалғандықтан, ол бүкіл Кіші жүз жұртшылығының наразылығын туғызды. Төрелер мен билер олардың қоғамдағы құқының біраз шектелуіне наразы болса, жалпы бұқара халық отаршылық езгінің одан әрі күшейе түсуіне наразы болды. Сондықтан да Кіші жүз жұртшылығы сан рет халық батырлары Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлының, Есет Көтібарұлының, Жанқожа Нұрмағанбетұлының басшылығымен патша үкіметіне және жергілікті билеушілер өктемдігіне қарсы күреске көтерілді.
Үш жүзге бөлінген бүкіл қазақ халқы ертеден бастап, XX ғасырдың басына дейін негізінен көшпенділікке, не жартылай отырықшылыққа негізделген мал және жер шаруашылығымен айналысумен бірге әр түрлі қолөнер, т. б. үй кәсіптерімен де шұғылданды. Көптеген көрші халықтармен экономикалық, сауда-саттық қатынастар да болды. Бүкіл үш жүз жұртшылығы біртұтас қазақ тілінде сөйледі. Олардың заттай және рухани мәдениетінде де кейбір жергілікті ерекшеліктер болмаса, айтарлықтай өзгешеліктер болған жоқ.
Деректер көзі. «Ұлы жүз» деген қазақ ұғымы ұзақ уақыт бойы орыс әдебиеттерінің деректерінде «Үлкен орда», «Аға орда», «Аға жүз» және басқа сөздермен жиі бұрмаланып келді. Біріншіден, ол «үлкен», «аға» сөзі өз мағынасына сәйкес келмейді, екіншіден, орда мен жүз екі басқа, үшіншіден, қазақтардың өзі жүз орнына орданы қолданған емес. Не дегенмен «ұлы жүз» сөзін қырық құбылта берудің жөні жоқ. Сондықтан орыс тілді деректердегі «аға жүз» (старший жуз) қазақтың ұлы жүзіне балама ретінде құлаққа сіңісті болғандықтан осы тіркеске ден қойғанымыз дұрыс секілді.
Ұлы жүз ұғымы да қазақтың басқа тайпалары тәріздес, қазіргі Қазақстанның оңтүстік- шығысында ғасырлар аралығында пайда болды. Оған кіретін көптеген рулар мен
тайпалар, зерттеушілер атап көрсеткеніндей, бұл кезеңге дейін де, яғни қазақ хандығы мен қазақ жүздері пайда болғанға дейін ғұмыр кешіп, тарихта өзіндік күрделі із қалдырып келді.
Бұл рулар «қазақ халқы» деген жалпы атау пайда болғанша Жетісу өңіріндегі байырғы үйсіндер құрамына енген еді. Бұған шаруашылық мақсаттан бұрын әскери қорғаныстан туған жайлар мықты әсер етті.
Уақыт өте келе Моғолстанның құрамында терең тамыры бар жер-су, көші-қон жағынан топтасқан мәдени қауымдастық дүниеге келді. Халық оларды «ұлы жүз үйсін» деп атап кетті. Бұны біз ел арасынан жинаған қазақ шежіресінің әр түрімен қатар, беделді тарихи мағлұматтар да растай түседі.
Ұлы жүз құрамына: Жалайыр, Шапырашты, Қаңлы, Шанышқылы, Сіргелі, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, Сарыүйсін мен Дулат енді. Бұл рулар әуелі, негізінен Жетісу өңірін мекендеп, бара-бара Қазақстанның оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс бағытына қарай ойысты. Көшпелілердің қыс қыстауы Балқаш құмының күнгейі, Мойынқұм, Іле, Шу мен Талас өзендерінің бойы, ал жаз жайлауы Жоңғар мен Іле Алатауы, Тянь-Шань мен Қаратау қыраттарының теріскейіне дейін созылып жатты. Тәуке хан тұсында Ұлы жүзге Төле би түбегейлі билік етті. Ол өлгеннен кейін, XVIII ғасырдың қырқыншы жылдарында Ұлы жүздің шағын бөлігі мен руларын Ресей қарамағына қосқан Жолбарыс хан болды. Бірақ, бұл жүздің қонысы тым қашық болғандықтан, тіпті XIX ғасырдың аяғына дейін, орыс патшалығы үкіметінің құрығы онша жетпеді. Ұлы жүз халқы талай мәрте сырт тараптан басқыншылар шапқыншылығына ұшырап отырды. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында олардың ата жұрты жоңғарлардың шабуылына тап болды. XIX ғасырдың басында Ұлы жүздің басым бөлігі Қоқан хандығының құрамыпа кірді. Сол ғасырдың аяғына таман Ұлы жүз түгел дерлік отарлау саясатының салдарынан патшалық Ресейге бағынды.
Бұл жоғарыда көрсетілген тарихи оқиғалар, әсіресе, көріні мемлекеттердің қанды жорықтары, рулар мен тайпалар арасындағы өз қырқыс-таласы олардың құрамы мен тарауына, Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағындағы Ұлы жүз халқының өзіндік шаруашылық-мәдени жағынан ерекшелуіне әсер етпей қоймады.
Бұл тақырыпты түбегейлі зерттеген В. В. Востров Ұлы жүздің рулық құрамы туралы сенімді мағлұматтар орыс деректерінде кездесетінін атап өтеді. Ол 1748 жылы Ресей дипломаты А. И. Тевкелев құрастырған Ұлы жүздің рулық құрамы туралы былай дейді: «Үлкен ордада он ру болса, бәрі де бір сөзбен Үйсін деп аталады, ал ол, атап айтқанда, былай болып бөлініп кетеді: Ботбай үйсін, Шымыр үйсін, Динес үйсін, Сиқым үйсін, Әбу үйсін, Сары үйсін, Ұлы үйсін, Шанышқылы үйсін, Қойлы үйсін, Жалайыр».
Бұл мәліметтерді бағалауда В. В. Востровтың «бұлар толық та дәл емес» деуінің жаны бар. Шын мәнінде Тевкелев түзігінде Ұлы жүздің ежелгі рулары Ошақты мен Шапырашты еңбей қалып, Дулаттың орнына оның төрт тармағы (Ботбай, Сиқым, Шымыр мен Жаныс) алынады; ал, Албан мен Суан бірігіп, Албансуан деп беріледі; оның үстіне рулар мен тайпалар түбірімен шатастырылады. Осы тәріздес кемшіліктерден П. И. Рычковтың мағлұматтары да құралақан емес Ол «Жаныс, Сиқым, Шымыр, Сүйік, Қиық…» деп таратады. Бұл түзімде Ұлы жүзге енетін Дулат руының Жаныс, Сиқым, Шымыр аталары келтіріліп кететіні байқалады, одан кейін, Үйсін, Қаңлы, Шанышқылы, Албан, Суан мен Ысты тіркеледі. Бұл қателерді қайталағанда П. И. Рычков М. Тевкелевтің жоғарыда көрсетілген кемшіліктеріне ұрынады.
Ұлы жүздің рулық құрамы туралы XIX ғасырдың аяғына тән архив қазынасы да бар. «Үлкен Орданың қырғыздары (қазақтары),дейді ол құжатта,түгел өздері Үйсін деп аталады. Олар төмендегідей болып бес руға бөлінеді: 1. Дулат, 2. Албан, 3. Жалайыр, 4. Шапырашты, 5.
Суан». Оған қоса, бұл құжатта кішігірім рулар мен тайпалар туралы мәліметтер келтіріледі. Жоғарыда аталған рулар Ұлы жүздің құрамына енсе де, олар толық емес. Олардың ішінде Қаңлы, Сіргелі, Шанышқылы, Ысты, Ошақты мен Сарыүйсіндер мүлде жоқ.
XIX ғасырдың екінші жартысында кездесетін архивте Ұлы жүздің рулық құрамы мен саны туралы толық та мол деректер ұшырасады. Онда Үлкен үйсін ордасы Абақ және Тараңтан тұратыны көрсетіледі. Абақ жеті руға бөлініп, Сарыүйсіндер 1700 шаңырақ, Албан 8477, Дулат 37672, Суан 1025, Шапырашты 1910, Ысты 7514, Ошақты 800 шаңырақ құрайды. Тарақтан Жалайыр делініп, бұның қатарында Ұлы жүздің құрамына енетін ежелгі Қаңлы, Шанышқылы мен Қатаған рулары қалып кетеді.
Ш. Уәлиханов «Қазақ тарихының Геродоты» деп атаған орыстың атақты шығыстанушысы А. Левшин XIX ғасырдың басында қазақ даласы туралы үш монография жариялап, Ұлы жүз қазақтары хақында еске салып: Үлкен орда Үйсін, Дулат және Сіргеліден тұрады, кейіннен оларға Орта жүзден Қоңырат рулары қосылды дейді. Бұл мәліметтер ұзынқұлақтан жазылып алынған, өйткені А. Левшин Ұлы жүз қазақтарының арасында ешқашан болған емес. Оның жорамалының дұрыстығы Ұлы жүздің үйсіндерден тұратындығы, ал Дулат пен Сіргелінің этникалық тегі туралы ойы жаңсақ. Қоңыраттардың Ұлы жүзге қосылуы да күмәнді, себебі, олар Ұлы жүзбен қанаттас ғұмыр кешсе де, Орта жүзге жатады, бұл туралы қазақ шежіресі мен Қоңыраттардың рулық құрылымын, ата- бабасының тарихын бес саусақтай білетін қариялар жаңылыспай айта алады.
Ұлы жүз құрамы туралы Ш. Уәлихановтың келтіргендері де толық емес. Қазақ ғалымы өзінің Ұлы жүз қырғызңайсақ ордасы туралы аңыз бен әпсана мақаласында Ұлы жүз ежелгі монгол халқының үйсінінен шығып, өздері Шыңғыс-ханның замандасы Майқы биден тарайды деп жазады. Одан әрі ол Ұлы жүздің құрамына Жалайыр, Дулат, Албан мен Суан еніп, Дулат руынан бөлінетін, Сарыүйсінге тірелетін Үйсін болып келеді деп көрсетеді, Ш. Уәлиханов бұл орайда бірнеше дәйексіздік танытады. Біріншіден, Үйсіндер монғол халқы емес, екіншіден, Сарыүйсіндер ешқашан Дулат құрамына енбеген. Ш. Уәлиханов келтірген қазақ шежіресіндегі Ұлы жүздің арғы тегі Майқы би деген Рашид ад-Дин дерегіне сай, онда Майқы Үйсін руынан екені көрсетіледі. Алайда, Ұлы жүзді тек бір кісіден, оның ішінде Майқы биден тарады деу халық аңызы болып есептеледі. Шоқан көптеген аңыздар мен қазақ шежіресін салыстыра отырып, Ұлы жүздің ататегін түгендеп, Үйсіннен ежелгі рулар: Қатаған (Шанышқылы), Жалайыр, Қаңлы, Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сарыүйсін, Албан, Суан мен Дулат тарайтынын нақтылап кетеді. Ол құрастырған шежіреде Төбейден Үйсін, Үйсіннен Қойылдыр (Қатаған-шанышқылы, Мекрен (Жалайыр), Майқы (Ысты, Бәйдібек, Шапырашты, Ошақты); Албаннан Сары (Сүйерқұл, Таубасар) және Шыбыл (Қызылбөрік, Қоңырбөрік) т. б. Ұлы жүздің басқа аталары туралы Ш. Уәлиханов бұндай мәлімет бермейді. Бірақ, бұл қазақ ғалымының XIX ғасыр ортасындағы үзік деректері соңғы жылдардағы зерттеушілердің мәліметтері мен біздің күндердің куәларының айтқанымен молыға түседі.
XIX ғасырдың аяғында орыс оқымыстысы Н. Аристов түркі халықтарының этникалық тарихын зерттеп, Ұлы жүз тарихын зерттеуге өзінің елеулі еңбектерін арнады. Диқанбай батырдың аузынан жазып алып, Н. Аристов келтіретін Ұлы жүз шежіресі негізінен бергі буынында Ш. Уәлиханов нұсқасымен дәл келіп, арғы жағынан біршама ерекшеленеді. Диқанбай батыр шежіресі қазақтың үш жүзін де бір ата Әбілқайырдан өрбітеді.
Әбілқайыр – Жаншора (Орта жүз)
Қарашора (Кіші жүз)
Байшора (Ұлы жүз)
Бұл шежіреде Адам Атадан бастап, Әбілқайырға дейін 54 ұрпақ келтіріліп, онда інжіл, араб, парсы және түркі есімдері кездесетінін Н. Аристов атап отеді. Одан әріде Үш жүздің бастауы Әбілқайырдың өз тұсында рулық одақтар негізін салған тарихи тұлға Әбілқайыр ханның есімімен байланысты екені көрсетіледі. Бұл, әрине, аңыз. Осынау халық мәліметін келтіре отырып, зерттеушінің өзі де қазақтың үш жүзінің арғы атасы тек Әбілқайырға барып тіреліп, халық зердесінде ол буалдыр елес қалдырады деп күмәнданады. Н. Аристов Диқанбай батыр шежіресіне сәйкес былай деп баяндайды: «Байшораның Жұманбай деген баласы болды, одан Кейкібай, одан Төбей. Соңғының төрт баласы бар еді: Майқы, Қоғам, Қойылдыр мен Мекрейіл. Майқыдан да төрт ұл туды: Бақтияр, Қаңлы, Қырық жүз, Мың жүз. Бақтиярдың балалары Үйсін мен Сіргелі. Үйсіннен Ақсақал (Абақ таңба) мен Жансақал (Тарақ таңба). Ақсақалдың кіндігінен Қараша би, одан Бәйдібек. Бәйдібектің үлкен әйелі Сары бәйбішеден Сарыүйсін атты ұл; екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет, оның үлкен әйелі Мапыраштыдан Шапырашты атты ұл, ал екінші қосағы Сыландыдан Ысты атты ұл, үшінші әйелінен Ошақты; Бәйдібектің үшінші әйелі Домалақ енеден Жарықшақ атты ұл, одан Албан, Дулат, Суан тарайды. Дулаттың төрт баласы бар: Ботбай, Шымыр, Сиқым мен Жаныс». Диқанбай батыр түзген үрім-бұтақ осымен бітеді.
Осы мәліметтер негізінде В. В. Востров Ұлы жүз бойынша Н. Аристовтың кестесін жасайды. Одан әрі Н. Аристов басқа да Ұлы жүз шежірешілері, сонымен қатар Южаков, Абрамов, М. Шорманов пен Алатау аймақтық басқармасының 1865 жылғы хабарламасына сүйене отырып, Ұлы жүздің негізгі руларын (Албан, Суан, Дулат, Сіргелі, Ысты, Шапырашты, Сарыүйсін, Жалайыр) талдап кетеді. Мәселен, Сіргелі рулары: байжігіт, қарабатыр, батырлар, үштаңбалы, елібай, жақабай айтбозым, төрттаңбалы аталарына бөлінеді; Ысты тілік пен ойық; Сарыүйсін қалша мен жақып; Шапыраштыекей, есқожа, асыл, шыбыл мен айқым; Жаныс жарылқамыс, жанту, жантас, жайылмыс, байыс, қараман, қапал, өтеміс, төртқара, шегір; Албан шыбыл мен сары; Суан байтөгей, тоқарыстан; Жалайыр шуманақ (ақдас, мырза, қарашапан, орақты, ақбұйым, қалпе мен сыпатай), сырманақ (арықтьшым, байшегір, сиыршы, балғалы, күшік пен қайшылы) болып таралады.
Н. Аристов Ұлы жүз рулары мен тайпаларының қоныстануы, жалпы адам саны, негізгі ежелгі рулардың пайда болуы, ұран мен таңбасына тоқталады. Сөйтіп, онда Ұлы жүз құрамына енетін белгілі рулар қатысып, нақты мәліметтер негізінде олардың мекен еткен аудандары (Жетісу облысының Қапал, Жаркент пен Верный ояздары; Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент пен Ташкент ояздары) мен санын келтіреді.
Академик В. В. Радлов өзінің «Сібір мен Монғолиядағы түркі руларына этнографиялық шолу» атты еңбегінде Ұлы жүз қазақтарының рулық құрамын тізіп өтеді. Бұрынғы деректермен салыстырғанда ол толық та емес, дәлсіздіктер мен қателіктерден де ада емес Сөйтіп, ол Ұлы жүз қазақтарын жасанды түрде екі қанатқа бөледі: Шығыс жағы Албан мен Суан аталарынан, ал батыс жағы Сиқым, Жаныс, Шымыр, Ботбай, Темір, Бестаңбалы, Сіргелі, Ысты, Ошақты, Жалайыр мен Жаныстардан тұрады.
Бұл тізбеде Қаңлы, Сарыүйсін, Шапырашты, Шанышқылы мен Дулаттар жоқ. Одан тыс бұнда Дулат руларының жеке аталары мен тармақтарына орын берілген. ¥лы жүз құрамына Кіші жүздің Жаппас руы мүлде жаңылыс кіргізіледі. В. Радловтың дәлсіздіктерін кезінде В. В. Востров та көрсетті.
М. Венюков, А. Краснов, Н. Гродеков, Н. Абрамов және басқа авторлардың Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандардағы қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының этнографиялық мінездемесіне арналған еңбектерінде біздің көкейкесті мәселелерімізге қосып-алар соны жайлар тапшы. Тек Абрамов Ұлы жүздің басқа руларын қамтымай, Жалайырдың түп-тұқиянын түгел таратып береді.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қазақстан аумағында Ресейден қоныс аударғандар үшін бос және ыңғайлы жер алқаптарын айқындау мақсатымен көші-қон басқармасының бірнеше экспедициясы жұмыс істеді.
XX ғасырдың басында осындай экспедицияның бірі Жетісу уалаятында П. Румянцевтың басшылығымен жүргізіліп, оның бес уезін (Лепсі, Қапал, Жаркент, Верный,Пішпек) зерттеді. Бұл уездер бойынша қазақтар мен орыстардың жер пайдалануы туралы көп-көп томдар жариялаңды. Оның беттерінде өлкенің тұрғындары жайында мағлұмат өте-мөте көп.
Ұлы жүз қазақтары негізінен Қапал, Жаркент пен Верный уездерінде тұрып келді. Сондықтан олар туралы мәліметтер әр томға іріктеліп, жіктелді.
Сонымен, Қапал уезінде Ұлы жүздің Жалайыр мен Қаңлы; Жаркентте Албан мен Суан; ал Верный уезінде Сарыүйсін, Шапырашты, Дулат, Қаңлы, Албан, Жалайыр мен Ысты рулары қоныс тепкені хатқа түсірілді.
Бұл басылымға енген қазақ тұрғындарының құрамы мен тарихы туралы мәліметтер академик В. Бартольд пен Н. Аристовтың еңбектерінен алынып, басқа да экспедицияның жарияланымдары пайдаланылды. Соның нәтижесінде Ұлы жүздің жоғарыда келтірілген руларының үрім-бұтағының кестесі, әсіресе аталған уездер деңгейінде әрі толық, әрі нақты болып шықты.
Осы кітапты түзуде әр түрлі әдебиеттер мен зерттеу қорытындылары кеңінен қолданылып, олар Ұлы жүз қазақтарының осы аймақтағы рулық құрамы, қоныстануы мен саны жөнінде едәуір мәлімет бере алады. Онда түбегейлі кесте болмағанмен, көп сауалға жауап табуға болады.
Кеңес кезеңінде 20-жылдардыц басында, мамандығы инженер-теміржолшы Мұхаметжан Тынышбаев қазақ халқының рулық құрамы туралы көптеген мәлімет жинады. Қолда бар шығыс, орыс деректемелерін мұқият зерттеп, ел арасындағы шежірені жинап, шағын еңбек жазып, оны 1925 жылы Ташкентте бастырды.
Бұл еңбекте біз Ұлы жүзге қатысты тарауды қарастырамыз. Оның ішінде Ұлы жүз айналасына басқа рулар да топтасқан ежелгі Үйсін, Дулат, Жалайыр мен Қаңлылардың пайда болуы туралы қысқаша тарихи очерк беріледі. Сөйтіп, Ұлы жүздің он бір руы қал-қадарынша зерттеледі. Олардың зәузатын анықтау үшін үлкен ғылыми мәні бар рулар ғана емес, сонымен қатар, көптеген аталардың ұрандары мен таңба белгілері сипатталады. Бұнымен қоса, бұл еңбектегі қазақ халқының рулары мен ірі аталарының ұзын-ырғасындағы саны туралы есеп, үрім-бұтағының тиянақты кестесінің де ғылыми маңызы ерекше. Әлбетте, бұл кесте біркелкі емес, кейбір рулар туралы толық мәлімет берілсе, ал кейбіреуі туралы шағын мағлұматпен шектеледі. Мәселен, Дулат, Жалайыр, Албан, Суан, Шапырашты руларының үрім-бұтаң кестесі бүгінге дейін нақты келтірілсе, ал Сарыүйсін, Ысты, Ошақты, Сіргелі, Қаңлы және Шанышқылылар жайында ұғым ықшам. Біздіңше, бұл жағдай 23 рулар тобы туралы автор қолында деректер аз болғанымен түсіндіріледі.
М. Тынышбаев әдеби деректер көзі мен қазақ шежіресінің аңыздарын негізге ала отырып, Ұлы жүз руларының одағын төңірегіпе басқа кішігірім рулар мен аталар топтасқан үлкен үш тармаққа бөледі. Тынышбаевтың пікірінше, бұндай үш үлкен тармақ: Үйсіндер, Жалайырлар мен Қаңлылар. Шын мәнінде олар Ұлы жүз одағы рулық құрамына кіретін рулар мен тайпалардың ішіндегі ең ежелгі және қуаттысы болып есептеледі. М. Тынышбаев үйсіндерден тікелей Дулат, Албан, Суан мен Сарыүйсінді таратса, ал Ысты, Ошақты, Шапырашты мен Сіргелілерді оған кейіннен қосылған деген қорытындыға келеді. Ежелгі қаңлыларға шанышқылыларды да қосылған деп есептейді.
Сонымен, Ұлы жүз құрамына кіретін 11 рудың ең кемінде сегізі үйсіндер деп аталуының өзі Ұлы жүздің халқын Үйсін деуіне негіз береді. Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша Сарыүйсіидер үйсіндердің тікелей ұрпағы болып саналып, Дулат, Албан, Суандарға келсек, олар Ұлы жүздің басқа руларына қарағанда, үйсіндер одағының құрамына ертерек енген ден шамалауға болады.
Қазақтың көрнекті лингвист-ғалымы, Қазақстан Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі С. Аманжолов өзінің ғылыми ізденістерінде қазақ халқының этникалық тарихы мәселелеріне жіті назар аударды. Ол докторлық диссертациясының бірінші бөлімін түгел осыған арнады.
С. Аманжолов қазақ халқының этникалық тарихын қазақ тілі тарихының дамуымен ұштастыра қарайды, өйткені, тілдің генезисі этнос, этникалық топ пен рулардың генезисімен тығыз байланысты. Осы орайда, зерттеуші қазақ халқының Үш жүзіне енетін, ежелгі және ірі рулардың (Үйсін, Дулат, Арғын, Алшын, Жалайыр, Керей, Керейт, Найман, Қарақытай, Меркіт, Қаңлы мен Қыпшақ) генезис мәселелеріне терең ден қояды. Бұларға қосып, ғалым үш жүздің тоғысында рулар мен аталардың тізімін келтіреді. Сонымен, С. Аманжоловтың айтуынша, Ұлы жүздің құрамына 23 ру мен аталар кіреді: Қаңлы, Үйсін, Сарыүйсіи, Дулат, Шанышқылы, Ысты, Тілік, Сиқым, Жаныс, Ошақты, Бекбөлат, Жалайыр, Бестаңбалы, Шымыр, Шынқожа, Қоралас, Суан, Албан, Ботбай, Сәмбет, Төлетай, Сіргелі мен Шыбыл; Орта жүздің құрамына төменгі 24 ру мен аталар: Арғын, Найман, Қыпшақ, Керей, Қоңырат, Саңғыл, Маңғытай (немесе Маңғатай), Бағаналы, Мапсыр, Тарақты, Сарыжомарт, Садыр, Матай, Уақ (немесе Уақ-керей), Қаракерей, Бура, Ергенекті, Терістаңбалы, Абақ керей, Қытай қыпшақ, Сыбан керей, Қаба керей, Буырылсары керей т. б.; ал Кіші жүз құрамына төменгі 33 ру мен аталар кіреді: Алшын, Алтын, Алаша, Арғьгн, Әлім, Беріш, Адай, Жуй, Есентемір, Жаппас, Қаракесек, Кердері, Масқар, Керейт, Тама, Табыға, Терістаңбалы, Оңтаңбалы, Таздар, Рамадан, Телеу, Төртқара, Сұнақ, Қарасақал, Шөмекей, Шекті, Шеркеш, Тана, Қызылқұрт, Шықтар, Кете, Байбақты, Қаракесек.
Әрине, бұл тізім онша толық емес. Бұны ғалымныц өз алдына қазақ рулары, аталары мен жүздерінің тегін құруды мақсат етпегендігімен түсіндірген ләзім. Қазақ тілі тарихының нәзік иірімдерін түсіндіру үшін осы қысқа тізімнің өзі де жеткілікті болуы мүмкін.
С. Аманжолов рулар мен рулық одақтар генезисі мен тарихын анықтау үшін таңба белгілерін, ұраңдарын салыстыра отырып, талдап көрсетеді. Бұл өлшемдердің бәрі С. Аманжолов зерттеулерін салмақты етіп, біздің жұмысымызға недәуір септігін тигізеді.
XX ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «КСРО халықтарының тарихи этнографиялық атласы» деген Бүкілодақтық кешенді тақырыпты игеруге атсалысты, ондағы бағдарламада қазақ халқының тарихи этнографиясын зерттеу біздің үлесімізге тиген болатын.
Бұл еңбекте ертеден Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз үш рулық-тайпалық одаққа бөлінетін қазақ халқының құрылу құрамын зерттеу көзделген еді. Осынау тарауларды жазу этнографтар В. В. Востров, М. С. Мұқановқа жүктелді. В. В. Востров Ұлы жүз бен Кіші жүздің тектік құрылымын зерттесе, М. С. Мұқанов Орта жүзге байланысты деректерді бір ізге түсірді. Ғалымдар жылдар бойы архив, әдеби және басқадай деректерді мұқият қарастырып, көлемді монографиялық жұмысты тындыру үстінде еңбектенді. Ақыры, олар 1968 жылы академик Ә. X. Марғұланның басшылығымен ол кітапты жарыққа шығарды. Бұл еңбекті кезінде ғылыми қауым жоғары бағалады. Аталмыш монографиялық жұмыс Кеңес дәуіріндегі қазақтардың этникалық тарихы жайындағы алғашқы зерделі зерттеулердің бірі. Біздің тарауымыз Ұлы жүз руларының құрамы туралы болғандықтан, В. В. Востровтың тұжырымдарына жанама болса да тоқтала кетеміз.
Ұлы жүз рулары тегінің кестесін жасау үшін қазақ шежіресі туралы пайымдаулар жеткілікті болмағаны байқалады, себебі тізбе жалпы деңгейден 34 есе кем түзілген. В. В. Востровтың да бұл орайда төрт мәлімет берушінің есімін (екеуі Талдықорған, екеуі Қызылорда облысынан) атауының өзі дәлел бола алады. Одан тыс рулар мен аталардың қоныстануы мәселелерінің уездер бойынша қарастырылуы монографиялық зерттеудің міндеттеріне кірмейді. Соған қарамастан, бұл кітап біздің проблемаларды шешу жолындағы өте құнды дерек көзі болып табылады. Тағы басқа қажетті мағлұматтар 12 томдық Қазақ
энциклопедиясынан алынып отырды. Бұл сирек басылым қазақ халқы өмірінің бүкіл саласын, оның пайда болуы, этникалық, азаматтық және саяси тарихын, шаруашылық- мәдени, дәулеттілігі мен рухани мәдениетінің жиынтығын қамтиды.
Біз өз жұмысымызда Қазақ энциклопедиясындағы Ұлы жүздің рулары мен аталарына арналған мәліметтерді түгел пайдаланғанымызды айта кетеміз. Әрине, бұл жарияланымдардың бәрі біркелкі емес, біреуі негізінен нақты деректерге сүйеніп, толық және тиянақты жазылса, екіншісі туралы олай деуге қиянат, ал үшінші біреуі атүсті, үстірт баяндалады. Оның себебі асығыстық, деректер көзінің жоқтығы, кейбір рулар мен аталарға берілген көлем тапшылығымен қатар, қазақ шежіресі мен басқа да тарихи мағлұматтарды ықшамдап қолданғандық деп ойлауға болады. Әйтсе де, Ұлы жүз рулары тегінің кестесін жасағанда, ол бізге көп септігін тигізді.
Бұл тақырыпты игеруге, Ұлы жүз рулары тегінің кестесін жасауда өзге әдеби мәліметтермен қатар, қазақ шежіресі бойынша біз атқарған біраз зерттеу жұмыстарының орны ерекше. Сөйтіп, 1958 жылдан бастап, осы еңбектің авторыша Ұлы жүз туралы білікті кісілерден құнды деректер жинауға тура келді.
Бұндай шежірешілер: Жамбыл облысы, Құлан аулының тұрғыны, 76 жастағы (Сиқым) Оңалбек Оразбеков; Шымкент облысы, Созақ ауданы, Жуантөбе кеңшарының тұрғыны 65 жастағы (Тама) Әбдуәлі Қондыбаев; Шымкент облысы, Алғабас ауданы, Алғабас кеңшарының тұрғыны 70 жастағы (Сіргелі) Тәжібай Бердібаев; Шымкент облысы, Төрткүл ауылының тұрғыны, 70 жастағы (Ысты руының Қарақойлы атасынан) Қожатай Төлеков; Жамбыл облысы, Шу ауданының тұрғыны, 1896 жылы туған (Дулат руының Ботбай атасынан) Смайыл Қалипанов; Жамбыл облысы, Талас ауданының тұрғыны, 1887 жылы туған (Ысты) Жақыбай Балтабаев; Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал кеңшарының тұрғыны, 1889 жылы туған (Ошақты) Мықтыбай Мұқамбетов; Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тұрғыны, 1895 жылы туған (Ысты) Орынтай Тұрғымбетов; Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының тұрғыны 1909 жылы туған (Жалайыр) Әбділда Тәженов; сол ауданның тұрғыны, 1891 жылы туған (Жалайыр) Камал Дүйсембаев; Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес кеңшарының тұрғыны, 1904 жылы туған (Шапырашты) Көшербай Құлыбеков; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданы, Куйбышев атындағы қой шаруашылығы тұрғыны 1899 жылы туған (Жалайыр Мырза атасынан). Қожахмет Нұрлыбаев; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданы, Жаршапқан аулының тұрғыны 1910 жылы туған (Жалайыр руының Андасы) Нұрғазы Иманғазиев; Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, Киров атындағы кеңшардың тұрғыны, 1891 жылы туған (Жалайыр руының Сыпатайы) Әбілқасым Жантайлақов; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданы, Мұсабек атындағы кеңшардың тұрғыны, 1894 жылы туған (Жалайыр руының Орақтысы) Әлдибек Естаев; Талдықорған облысы, XXII партсъезд атындағы ұжымшар тұрғыны, 1894 жылы туған (Жалайыр), Байжомарт Дәндебаев; 1904 жылы туған (Жалайыр руының Андасы) Шайық Самалтыров; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданының тұрғыны 1901 жылы туған (Жалайыр руының Сыпатайынан) Бекмұхамбет Байтұрбаев; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданы, Мұсабек атындағы кеңшардың тұрғыны, 1891 жылы туған (Жалайыр руының Сыпатайы) Әбділда Боранбаев, сол ауылдың тұрғыны 1900 жылы туған (Жалайыр) Бекқожа Біләлов, сол ауылдың тұрғыны 1920 жылы туған (Жалайыр Күшік атасынан) Әбіләкім Қилыбаев; 1916 жылы туған (Жалайыр дың Күшік атасынан) Хамза Шүмекбаев; 1902 жылы туған (Жалайырдың Қарашапаны) Нұржыман Кенжедосов; Талдықорған облысы, Бақтыбай ауданының тұрғыны 1879 жылы туған (Жалайыр руының Қарашапаны) Сапарғали Майсүтов; Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, Киров кеңшары, 1890 жылы туған (Жалайырдың Мырза атасынан) Базарбек Жолдынов; Талдықорғаи облысы, Бақтыбай ауданының Жаршапқан аулының тұрғыны 1892 жылы туған (Суан) Кінәз Дәуітәлиев; Алматы облысы, Шелек ауданы, Қызылжиде аулының тұрғыны, 1905 жылы туған (Қаңлы) Нұрыш Түсіпов, сол ауылдың тұрғыны 1938 жылы туған (Сары-қаңлы) Стан Маңашев; Алматы облысы, Шелек ауданының тұрғыны, 1905 жылы туған (Аёбан) Ысқан Мамаәділов; Алматы облысы Шелек ауданы, Бірінші май қалашығының тұрғыны, 1924 жылы туған (Найман) Файзолла Балмағамбетов; Алматы облысы, Шелек ауданы, Қызылжиде кеңшарының тұрғыны, 1897 жылы туған (Албан руының Қыстығы) Алмабай Шынасылов, сол ауданның тұрғыны 1885 жылы туған (Албан руының Қоңырбөрігі) Әкімбай Сәкеев; Алматы облысының Таутүрген аулының тұрғыны, 1899 жылы туған (Албан руының Қоңырбөрігі) Әжімурат Жапаров; Алматы облысы, Бірінші май қыстағының тұрғыны, 1910 жылы туған (Албан руының Қызылбөрігі) Көмек Жаныманов; Алматы облысы, Шелек ауданы, Қызылжиде кеңшарының тұрғыны 1904 жылы туған (Албан руының Шажасынан) Байділда Әшсов; 1916 жылы туған (Жалайыр руының Күшігінен) Керім Жомартов; 1890 жылы туған (Жалайыр руының Күшігінен) Қосбай Кенжебаев; Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл атындағы кеңшардың тұрғыны 1897 жылы туған (Шапырашты) Сәрсенбек Көпбаев; Алматы облысы, Жарсу кеңшарының тұрғыны 1928 жылы туған (Шапырашты руының Шыбылынан) Қожахмет Кәрібаев; Алматы облысы, Амангелді атындағы кеңшардың тұрғыны, 1905 жылы туған (Шапырашты руының Есқожасы) Жүнісбек Өмірбеков; Алматы облысы, Таутүрген аулының тұрғыны, 1900 жылы туған (Шапырашты руының Төлемісі) Жұмабай Жаманбалаев; Алматы облысы, Есік ауданы, Жарсу кеңшарының тұрғыны 1905 жылы туған, (Шапырашты руының Жеке тармағынан) Ыдырыс Сүлейменов; Алматы облысы, Амангелді атындағы кеңшардың тұрғыны, 1898 жылы туған (Шапырашты) Әнжесбай Жүсіпов; Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбулақ аулының тұрғыны, 1884 жылы туған (Албан) Көпболсын Тұрсынов.
Әрине, бұл жазып алынған шежірелердің бәрі көлемі, маңызы, қамтуы жағынан әр түрлі. Кейбіреуде бүкіл үш жүзді әрқалай көрсететін шежіренің қолжазбасы болса, басқа біреулерде Ұлы жүздің бірнеше руын сипаттайтын шежіре, ал үшіншісінде тек өз ата-тегін қамтыса, төртіншілері жеті атасына дейінгі буынды ауызша таратып, баз біреуі жанама тармақтарына соқпай, 712 ата-бабасына дейінгі мәліметпен шектеледі. Қалай болғанда да Ұлы жүздің шежіресі туралы құймақұлақ ақсақалдардың деректері бізге тарихи мағлұмат көзін толықтырып, үрім-бұтақ кестесін бүге-шігесіне дейін дәл анықтап, әсіресе, оны төменгі деңгейге дейін таратып беруге көп жәрдемдесті. Шежірені архив және әдебиет көздерімен салыстыра отырып, Ұлы жүз руларының этникалың құрамының толыққанды түзілісін айқындаудың мүмкіндігі туды.
Сонымен, жоғарыда келтірілген деректерге шолу XIX ғасырдың аяғы және XX ғасырдың басындағы Ұлы жүздің нақты рулық құрылымын анықтауға мүмкіндік береді: Сарыүйсін, Дулат, Албан, Суан, Сіргелі, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған). Бұл әрбір ірі рулар өз тарапынан аталарға жіктеліп, одан әрі кішігірім этникалық топтарға бөлініп кетеді. Бұл рулар мен тайпалар бір кезде А. Бернштам, Н. Аристов пен В. Востров жазғандай, үйсіндер бастаған үлкен рулық одақтың құрамына енген.
Подписаться
0 Комментарии
Старые