Отбасы, шаңыраққа
Уа, Құдайым!
Ұл берсең — білікті қып бер,
Қыз берсең — көрікті қып бер.
Келін берсең — келісті қып бер.
Мінер ат берсең, желісті қып бер!
Е, Құдайым ондасын,
Қызыр Баба қолдасын.
Бас аман, мал түгел боп,
Береке бірлік орнасын!
Дастарқаның бай болсын,
Пейілің соған сай болсын!
Үй ішінде ұйым болсын,
Үйінде күнде жиын болсын.
Биік болып мәртебең,
Toп ішінде сыйың болсын!
Ауызбірлік мықты боп,
Жаман жолдан тыйым болсын.
Қонақ күтер жайың болсын,
Алты бөлме үйің болсын.
Осының бәрін көтерер,
Мықты дәулет-күйің болсын!
Аллаһу акбар!
* * *
Он сегіз мың ғаламды
Жаратушы бір Алла!
Жанұяңа бақ қонсын,
Дастарқаның ақ болсын.
Жас отауың басқа толсын.
Мың бір атты пәледен Алла сақта!
Жүз бір атты қатерден сақта.
Тілдінің тілінен сақта.
Жер бетіндегі бәле-жаланың
Бәрінен Алла сақта.
Бақ қонсын, қыдыр дарысын.
Өшпес дәулет орнасын,
Уйдегіні үйде сақта,
Түздегіні түзде сақта.
Жаратушы, жан Ием,
Әрқашанда бізді сақта.
Кедергі мен кеселден
Бір Алла өзің сақта!
Айтқанымды қабыл етсін бір Алла
Әумин! Аллаһу акбар!
* * *
Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын.
Ауру-сырқаудан аман болындар,
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын.
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!
* * *
Бір құдайым ондасын!
Оң жолыңа бастасын!
Үйінді түрлі апаттан,
Құса-қайғыдан сақтасын!
Үміт артқан ұл-қызың,
Ел сенімін ақтасын!
* * *
Осы үйдің иесіне, Молайтып мал бер.
Көбейтіп бас бер,
Ұзақ жас бер!
* * *
Берейін, міне, бата,
Дарысын Қыдыр Ата.
Қыдыр қияласын,
Періште ұяласын.
Бақ берсін,
Жаратқан ием бас берсін,
Өміріңе ұзақ жас берсін!
Кетпес ырыс, кең пейіл берсін!..
Жарылқағанға жалғас қылсын,
Қарғағаннан қалас қылсын!
Бейнетін ақ қылсын,
Мұратын асыл қылсын!
Қаба жауған қардан сақтасын!
Қаптай шапқан жаудан сақтасын!
Ауызы қанды бөріден сақтасын!
Қолы қанды ұрыдан сақтасын!
Осы үйге жамандық ойлаған адам
Бұл дүниеде береке таппасын!
* * *
Құрметті той иесі,
Ісіңді тағдыр ондасын,
Қайда жүрсең қолтықтап,
Қызыр Бабаң қолдасын!
Жамбылға ұқсап көп жаса,
Дененде дерт болмасын!
Тойың-тойға ұласып,
Жан-жүрегің толғансын,
Күннен-күнге көбейсін
Дос-жараның, жолдасың!
Бақытың тассын әманда,
Бергенін тәңірі алмасын!
Өміріңді ұзартып:
Балаң менен немерең,
Шөберең мен шөпшегің,
Туажаттармен жалғассын!